Осынау көмек қаржысы Жапонияның мәдениет және жоғары білім беру саласының дамуына ресми қол ұшын беру жөніндегі (ODA) бағдарламасы аясында «Шөп тамыры» атты шағын көлемді гранттық көмек шеңберінде берілді.
Алматы технологиялық университетінде тілдерді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама мен «Мемлекеттік тіл туралы» заңды жүзеге асыруды басты мақсаты етіп қойған «Қазақ тілі қоғамы» белсенді жұмыс істейді. Осыған байланысты университет қазақ тілін үйренуге арналған лингафондық жабдықтар сатып алуға көмек көрсету туралы елшілікке өтініш жасады.
«Лингафондық жабдықтарды сатып алу жөніндегі жобаны жүзеге асыру — тіл зерттеу саласында тың өзгерістерге жол ашу арқылы екі ел арасындағы мәдени байланыстарды одан әрі тереңдетуге және өзара түсіністікті нығайтуға септігін тигізеді дегенге елшілік сенім білдіреді»,- делінген Жапония елшілігінен келтірген хабарламада.
Жапония үкіметі «Шөп тамыры» атты шағын көлемді гранттық көмектерді қазақстандық бейресми ұйымдарға 2003-жылдан бері бөліп келеді. Бұл грантқа бірінші болып Алматыдағы «Көкіл» колледжі ие болған. 5229$ көлеміндегі грант жапон тілін зерттеу үшін лингафондық жабдықтар сатып алу мақсатына берілді.