Жапонияның банкі "Қазатомөнеркәсібі" Ұлттық атом компаниясына $60 млн көлемінде несиелік желі ашты - kaz.caravan.kz
  • $ 513.55
  • 602.09
-1 °C
Алматы
2025 Жыл
19 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жапонияның банкі "Қазатомөнеркәсібі" Ұлттық атом компаниясына  $60 млн көлемінде несиелік желі ашты

Жапонияның банкі "Қазатомөнеркәсібі" Ұлттық атом компаниясына $60 млн көлемінде несиелік желі ашты

Бүгін, 2005 жылғы 13 қыркүйек күні Алматыда "Қазатомөнеркәсіп" Ұлттық атом компаниясы (Қазақстан) мен Мизухо Корпорейт банкі (MIZUHO CORPORATE BANK, LTD, Жапония) арасында $60 млн. экспорт алдындағы қаржыландыру бойынша келісімге қол қою рәсімі болып өтті. Бұл келісімге байланысты тәуекелді Жапонияның Экспорттық Инвестициялық компаниясы (NEXI, Nippon Export and Investment Insurance, Жапония) сақтандырады. Бұл туралы KZ-today тілшісіне "Қазатомөнеркәсібі" Ұлттық атом компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

  • 13 Қыркүйек 2005
  • 790
Фото - Caravan.kz

Несиені қайтару мерзімі 10 жыл. Экспорт алдындағы қаржыландырудың кепілі Иточу Корпорейшн (Itochu Corporation, Жапония) компаниясымен жасалған уран тотығы мен шала тотығын (табиғи уран концентраты) сату жөніндегі экспорттық келісім-шарт болып табылады. Негізгі берешек әр тоқсан сайын бірдей үлесте төленіп отырылады. Осы келісімде негізгі берешекті қайтару бойынша екі жылдық жеңілдетілген кезең де қарастырылған.
Экспорт алдындағы қаржыландыру жобасы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК-ның 2010 жылға қарай Қазақстанда уран өндіруді 15 000 тоннаға жеткізу және сол арқылы әлемде бірінші орынға шығуды көздеген бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бағдарлама бүгінгі таңда кен орнын игерудің экологиялық ең таза және жоғары рентабельді тәсілі болып табылатын жерасты сілтілендіру әдісімен уран өндіріп жатқан кеніштерді кеңейту, сонымен қатар жаңадан кеніштер ашуды қамтиды.
Экспорт алдындағы қаржыландыру жобасы компанияның халықаралық 11 банктің $150 млн. көлеміндегі синдикатты несиесін алудан кейінгі екінші кең ауқымды жобасы болып саналады.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК уран өндіру көлемі бойынша бірінші көрсеткіштерге қол жеткізу үшін несиемен бірге өз қаржысынан да пайдалануда.
«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы — уран және сол тектес материалдарды экспортқа шығарушы ұлттық оператор саналады. Компанияның акциялары түгелдей мемлекет меншігінде, яғни оған Қазақстан Республикасының энергетика және минералды ресурстар министрлігі иелік етеді. 1997 жылы құрылған кезден бастап «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК уран өндіруді 795 тоннадан (әлемдегі 13-орын) 3363 тоннаға (әлемдегі 3-орын) дейін арттырды. Қазақстан Республикасының уран кен орындарының қоры 1,5 млн. тоннаны құрайды, содан 1,3 млн. тоннасы жерасты ұңғымалы сілтілендіру әдісімен алуға жарамды.
Компания құрамына «Таукен компаниясы» ЖШС, «Волковгеология» АҚ, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп-МАЭК» ЖШС, «Жоғары технологиялар институты» ЖШС, Қазақстанның ядролық университеті, «Геотехнология» оқу-әдістемелік орталығы енген. Уран өндіру бойынша канадалық «Cameco» компаниясымен бірлесе құрылған «Ыңғай», француздың «Areva» компаниясымен бірлесе құрылған «Катко», Ресейдің «Техснабэкспорт» және «Атомредметзолото» компанияларымен бірлесе құрылған «Заречное», сондай-ақ ядролық отын әзірлеу бойынша ресейлік және украиналық әріптестерімен бірлесе құрылған «УКР ТВС» біріккен кәсіпорындарында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК-ның үлесі бар.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Перейти к новостям спорта