Спортшы өнер көрсететін бағдарламалардың бірі Димаш Құдайберген орындаған французша SOS d'un terrien en détresse композициясымен сүйемелденеді. Танымал әнші Инстаграмдағы парақшасында Қазақстанның мақтанышы деп атап, спортшыға сәттілік тіледі.
«Жылы сөздерің үшін рахмет. Сенің әніңе билеу — маған үлкен мәртебе. Осы композицияға олимпиада жылында үлкен үміт артып отырмыз. Екі ай бұрын спорттық мансабымда ең ауыр жарақат алған едім… Бірақ дәрігерлердің болжамына қарамастан, осы аптада Францияда біріккен шығармамызды жұртшылыққа ұсыну бақыты бұйырды», — деп жауап қатты спортшы.
Денис Тен биыл толық оңалу үшін көп жұмыс істеуі, сағаттап жаттығуы қажет екенін тілге тиек етті. Еске сала кетейік, спортшы 10 тамыз күні Кореядағы «Ice Festa» шоуы қарсаңында жарақат алып қалған болатын.