Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Жалғыз жолаушы You Tube арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ресей қазақтарына арналған шығарылымда Орынборға келін болған ақтөбелік Айгерім есімді келіншек мемлекеттен берілетін жәрдемақы мөлшері үй алуға жететінін айтқан.
«2010 жылы жолдасым Ақтөбеге қыдырып келген. 9-да танысып, түскі 1-де алып қашып кетті. Аллаға шүкір, 4 баламыз бар. Мен келін болып түскелі от жағып көрген емеспін. Себебі, бізде шалғай ауылға дейін газ құбырлары жүргізілген. Су мен жарық та кіріп тұр. Бұл жақта үш баламен көпбалалы ата-ана болып саналады. Көпбалалы болған соң балабақшаның да 50% төлейміз. Үш айдан кейін төлеген ақшамыздың 13% өтемақы ретінде қайтарып береді. Екінші және үшінші балаларыма ана капиталы берілді. Соның барлығын біріктіріп, қаланың жанынан үлкен үй алдық», — дейді ол.
Ал Алина есімді 23 жасар қандасымыз журналистің «Қазақстандағы қазақ жігітіне тұрмысқа шығуға қалай қарайсыз» деген сұрағына жауап берді.
«Инженер геолог мамандығына оқыдым. Қазір мамандығым бойынша жұмыс істеймін. Жұма сайын шелпек, бауырсақ және міндетті түрде бешбармақ пісіреміз. Қазақ жігітіне тұрмысқа шығамын. Қазақстанға бармайтын шығармын. Себебі, отбасыма қатты жақынмын. Барлық туысым, жаққындарым осы жақта ғой. Сондықтан осы жақтан іздеймін. Нақтырақ айтсам, тауып қойдым», — дейді ол.
Тағы бір Орынбор қазағы ұлттық салт-дәстүрлерімізді барынша сақтауға тырысатындарын айтты.
«Бізде бүгін құдалық той болып жатыр. Тойға 14:00-ге шақырған екен. Құдалар 13:50-де осында болды. Бізде барлығы уақытылы басталады, кешігу деген жоқ. Дұрыс болса да, бұрыс болса да салт-дәстүрімізді сақтауға тырысамыз. Қазақстаннан келген қазақтар бізге «қазақсыңдар ғой қазақша сөйлеңдер», деп айтып кетеді. Олай айтқандары өте дұрыс. Біз қазақ тілін жәйләп үйреніп жатырмыз. Ресейде немесе Қазақстанда болсақ та бәріміз бір қазақпыз ғой. Қазақтар бірге болу керек», — дейді Аслан есімді қандасымыз.