Жарнамасына қыруар қаражат құйылатын шайлардың құрамы туралы халық біледі ме?  - kaz.caravan.kz
  • $ 501.79
  • 595.07
0 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Қаңтар
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жарнамасына қыруар қаражат құйылатын шайлардың құрамы туралы халық біледі ме? 

Жарнамасына қыруар қаражат құйылатын шайлардың құрамы туралы халық біледі ме? 

Әлеуметтік желіде жарнамаланған шайлардың сапасына кім жауапты?

  • 27 Қаңтар
  • 49
Фото: Жасанды интеллект

Бұл өте орынды сұрақ. Себебі құрамы белгісіз шайлар белсенді түрде жарнамаланып жатыр. Әсіресе блогерлер мен түрлі медиа тұлғалар жарнама жасауға келісер алдында өнімнің қауіпсіздігін тексермейтін сияқты. Caravan.kz медиа порталының тілшісі әлемжеліде тараған ақпараттарды негізге алып, тақырыпты зерттеп көрді. 

Шай жарнамасы және кім жауап береді?

Қазір жарнама адамдардың талғамына, таңдауына тікелей әсер ететін мықты құрал. Әлеуметтік желі дамыған сайын, жарнамалардың түрі де көбейе бастады. Мысалы күнделікті әр қазақ ішетін шайды танымал блогерлер, онлайн-платформалар, тіпті «Бір болайық» сынды тележобалар да жиі жарнамалайды. Оны жүздеген, тіпті мыңдаған адам көреді. Ең қызығы, жарнамада шайларды «сапалы», «тексерілен», «отбасылық өнім» деп таныстырады. 

Алайда жарнаманы мойнына алған блогерлер шайдың нақты құрамын білмеуі де, тіпті өздері ішпеуі де мүмкін. Себебі зертханалық тексерулер шайдардың құрамында бояғыш заттар бар екенін анықтады. Сонда жарнама жасаған миллиондаған аудиториясы бар блогер халық денсаулығы үшін алаңдамайды ма? Жауапкершілік кімнің мойнында? Өндірушінің бе? Жарнама берушінің бе? Бұл сұрақ ашық күйінде қалып отыр, себебі түбінде халық өз таңдауы үшін өзі жауап беретін сияқты. 

Шай ішу мәдениеті

Шай ішу қазақ мәдениетінің бір бөлігіне айналған. Қазақстанда шайдың және шай ішу рәсімінің кең етек жаюы ХІХ ғасырдың екінші жартысынды орын алды. Оның негізгі таратушысы ресей әкімшілігі еді. Шай алдымен қазақ қоғамының ақсүйектері – хан, сұлтандар арасында таралды, содан кейін тауардың арзандауы, көшпенділердің өмір салтының өзгеруі қарапайым халықтың арасына таралуына әкеледі.

Шай – Қазақстандағы ең көп ішілетін сусындардың бірі. Бір адам жылына орта есеппен бір килограмм шай тұтынады екен. Зерттеушілердің пікіріне сенсек, қазақ әлем бойынша шайды ең көп тұтынатын 10 елдің қатарына кіреді. Шай ішкенді жақсы көргенімізбен еліміз шай өндірмейді. Бұл өнімді біз көбіне Үндістан, Кения елдерінен тасымалдаймыз. Бірақ кейінгі жылдары елімізде өндірілген небір шайдың түрі нарықты жайлап алды. Сондықтан шайдың сапасы мен қауіпсіздігі баршаға ортақ мәселе.

Күдік тудырған өнімдер 

Мамандар күмән келтірген шайлардың қатарына дүкен сөрелерінде сатылып жатқан бірқатар өнім кірген. 

«Апамның шайы Premium gold», «Балқия Premium gold»,  «Al-Jannat Premium» және «Alfarah». Мысалы, «Аль-Фарах» шайының қаптамасында өндіруші туралы ешқандай ақпарат жоқ. Сондай-ақ «Sultan Suleyman», «Pakistan tea», «Aje Onim», «Al-Hayat Gold» шайлары да тексеруге іліккен. Қолданыстағы техникалық регламентке сәйкес, шайдың құрамында ешқандай бояғыш болмауы тиіс. Бірақ тексеру барысында бұл шайлардан тартразин (E102) және E110 бояғыштары анықталды. Бұл қоспалар табиғи шайға тән емес, өте қанық түс береді», — дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басқармасының басшысы Әйгерім Садубаева. 

«Al-Hayat» шайы туралы

Қаптамадағы ақпаратқа сүйенсек, «Al-Hayat» шайының шикізаты Кенияда өсіріледі. Ал Қазақстанда бұл шай Алматы облысында орналасқан «Бейбарыс Қазақстан» жеке кәсіпкері арқылы қапталады.

«Апамның шайы» туралы

«Апамның шайы Premium Gold» шайы да Қазақстанда қапталады. Қаптаумен және сатумен «Ордатред Астана» компаниясы айналысады. Алайда шикізатының қай елден екені қаптамада көрсетілмеген. Бұл өнім тек Қазақстанда ғана емес, шетелге де сатылып жатыр.

Екі шайдың да қаптамасында тек қара түйіршіктелген шай деп жазылған. Бояғыштар мен қосымша қоспалар көрсетілмеген. Бірақ зертханалық тексерулер бұл шайлардың құрамында қаптамада жазылмаған бояғыштардың бар екенін анықтады.

Сарапшылардың айтуынша, кейбір шайлардың қаптамасы талапқа сай емес. Кейбір өндірушілердің рұқсат құжаттары жоқ, ал қаптамада көрсетілген өндіріс орындары іс жүзінде жоқ болып шыққан. Бұл деректер тексеру кезінде белгілі болды. Тіпті бояғышты қолдануға рұқсат етілсе де, ол міндетті түрде өнімнің құрамында көрсетілуі керек. Мұндай ақпараттың болмауы — заң бұзушылық. Табиғи шайдың түсін күшейтудің қажеті жоқ. Егер шай тым қою түсті болса, оның құрамын тексеру керек.

Осылайша, зертханалардың қоры­­тындысына сүйене отырып, Бас сани­тарлық дәрігер мына шай түрлерінің сатылуына тыйым салды: «Апамның шайы Premium gold», «Балқия Premium gold», «Sultan Suleyman», «Pakistan tea», ««Al-Hayat Gold»», «Al-Jannat Premium» және «Alfarah».

Айта кетейік, E110, E102 және E124 тағамдық бояғыштары денсау­лыққа аса қауіпті.

  • E102 (Тартразин) — балаларда аллергия мен гиперактивтілікке себеп болуы ықтимал.
  • E110 («Күн батар») — кейбір елдерде қолдануға тыйым салынған, бүйрекке зиянды әсері бар деген күдік бар.
  • E124 (Понсо 4R) — қатерлі ісік тудыруы мүмкін және аллерген ретінде қарастырылады.

Бұл қоспаларды күнделікті іше­тін шайға қолдануға мүлде болмай­ды.

Ең қызығы, еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бей­сено­ваның қаулысымен бірқатар қара шай­дың таралуы мен сатылуына толық тыйым салынғаны туралы хабарлама шықты. Қаулыға 5 қаңтарда қол қойылған. Соған қарамастан жоғарыда аталған шайлардың кейбір түрлері 22 қаңтардағы жағдай бойынша әлі күнге дейін сатылып жатқаны белгілі болды. Caravan.kz медиа порталының тілшісі дүкендер мен сауда желілерін аралап, тағы тексеріп көреді.

Қазақстандықтар жылына орта есеппен бір килограмм шай ішетінін ескерсек, дәрігерлер мен мамандар шайды таңдағанда оның құрамына мұқият қарауға кеңес береді. Күн сайын ішетін шай денсаулыққа зиян келтірмеуі тиіс.

Санитарлық-эпидемиологиялық сала мамандары әр тұтынушы өзінің денсаулығына жауапкершілікпен қарап, тағам өнім­дерін сатып аларда құрамын мұқият тексеруге кеңес береді. Шай өнімеріне қатысты, қандай да бір арыз-шағымдар болса, Санитарлық-эпидемио­логия­лық бақылау комитеті­нің аумақтық департаменттері мен басқармаларына немесе 74-21-77 нөміріне хабарласуға болады.