Жарылыстан баспаналары жарамай қалған қаскелеңдіктер далада қалуы мүмкін - kaz.caravan.kz
  • $ 474.83
  • 515.38
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жарылыстан баспаналары жарамай қалған қаскелеңдіктер далада қалуы мүмкін

Жарылыстан баспаналары жарамай қалған қаскелеңдіктер далада қалуы мүмкін

Жарылыстан баспаналары жарамастай болып бүлінген Қаскелең қаласының тұрғындары қақаған қыста далада қалуы мүмкін. Бүгін олар 30-ға жуық отбасын қаңғытып қойған жергілікті басшылардың селқостығына наразылығын білдірді. Үйлерің жөнделгенше тұрасыңдар деп тауып берген қонақ үйден оларды енді қуып жатқан көрінеді.

  • 13 Желтоқсан 2012
  • 394
Фото - Caravan.kz

30-дай отбасын қаңғытып қойған жарылыстың болғанына бүгін тура бір апта. Кеше ғана ауласы баладан босамайтын бұл жатақханаға қазір жан жуымайды. Баспанасынан айырылғандар ғана соңғы күндері бұнда жиі бас сұғатын болған. Себебі, уақытша пана ретінде берген қонақ үйден оларды енді қуа бастапты.

Нұргүл Оразбақова, Қаскелең қаласының тұрғыны:

Бізге шығыңдар деп жатыр. Баратын жеріміз жоқ. Қазір шығып босатыңдар деп жатыр. Қонақүйлерде түнімен ұйқы жоқ. Білесіз ғой енді, қонақ үйде неше түрлі адамдар жүреді.

Қабырғасы қақырап, шаңырағы ортасына түскендердің бірі Баденколар отбасы. Қала басшылығы ұсынған ұлтарақтай қонақ үйдің бөлмесінде тұрып келеді. Күні-түні бір тоқтамайтын келушілермен терезесіне қатқан мұзды былай қойғанда, қуықтай бөлмеде тамақ істейтін де жер жоқ.  Сондықтан есейіп қалған үлкен ұлымды құрбымның үйіне орналастырдым дейді келіншек.

Оксана Баденко, Қаскелең қаласының тұрғыны:

Бұл қонақ үй болған соң бөлмелерді жалдайды. Әрине бәрі уақытпен есептеледі. Әкімшісі түнімен шық деп айқайлайды да жүреді. Кешке дәретханаға баруға қорқамыз. Қаптаған мастар.

Екі күннен бері шулаған халыққа ұстатпай жүрген әкім орынбасары тілшілер келеді дегенді естіп бізден бұрын жетіп алыпты жиналған жамағатқа. Тауып берген жеріміз ұнамаса туыстарыңа барыңдар деп қоқаңдаған басшы камерадан да қаймықпады. Бірақ, қонақ үйде жағдайдың жоқ екенін өзі де мойындап отыр. 


Ернат Ақылжанов, Қаскелең қаласы әкімінің орынбасары
:

Айналайын сен қашан қоясың осындайыңды. Мен саған кет деп айттым ба? Тамақ істейтін жер жоқ. Әркім енді амалын тауып ету керек қой енді. Кішкене қалды ғой. Бір жерге орналастырайын деп жатырмыз, орын іздеп жатырмыз.

Естеріңізге салсақ, 5 желтоқсан күні Алматы іргесіндегі Қаскелең қаласында көпқабатты үйде жарылыс болып, 5 адам жараланған-ды. Шулаған жұрт бар пәле осы жатақханаға жақында ғана көшіп келген ерлі зайыптылардан келді деп отыр. Қазір олардың жағдайы қыл үстінде. Денесінің 70 пайызына дейін күйік шалған жігіттің өмірі үшін дәрігерлер күресіп жатыр.

Жаңғозин көшесі 12 үйдің тұрғындары 5 желтоқсан күні болған жарылысты әлі күнге қорқынышпен еске алады. Қазір апаттың шығу себептері анықталып жатыр. Ал бейбіт күнде баспанасынан айырылған отызға жуық отбасы қақаған қыста қайда барарларын білмей дал. Жергілікті билік болса қонақүйден тауып берген қуықтай ғана бөлмелерін міндетсінетін сыңайлы. Шағымданып келген халыққа ұнамаса басқасын тауып ал деп қарап отыр.