Сегіз айлық баласын емханаға әкелген Динара дәлізге шыға бергенде тосылып қалған. Өз көзіне өзі сенбеген ол шарананың шешесін соңына дейін сабыла күтіпті. Бірақ, бұдан түк шықпасын білген соң дабыл қағудан басқа амалым қалмады деп отыр.
Динара Ибраева, Екібастұз қаласынң тұрғыны:
— Жалпы, бұл нәрестенің тағдыры жақсарсын деген тілек бар. Жанындай сүйіп, аялайтын отбасы асырап алса екен деймін. Анасына айтарым жоқ, сәбиді көріп жүрегім жарыла жаздады.
Құрсағында тоғыз ай көтерген баласын құшағына сыйғыза алмаған көкек ана шақалағын баз біреудің бесік арбасында қалдырып, ізін жоғалтқан.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, безбүйрек ана Балқаш қаласының бұрын ажырасқан 22 жастағы тұрғыны. Мұны соңғы рет қабылдауда көрген дәрігерлер растап отыр. Ал, оның Екібастұздағы тамыр-таныстары жағдайды естісе де, мәселенің байыбына барғысы жоқ. Ақ халаттылар болса кір камбинозонға оралған екі айлық тірі жетімді жуындырып, жылы орынға жайғастырған.
Марат Билялов, Екібастұз қалалық ммханасының бас дәрігері:
— Біздің емханаға сағат 2-нің кезінде күндіз әкелген. Содан бері міне бала бір жұмадан асты, біздің емханада жатыр. Алғашқы тапқанда баланың жағдайы бәрі жақсы, ешқандай науқас белгілері жоқ.
Полицейлер қазір Алена Семайкинаны ата-аналық құқынан айыру туралы сотқа шағым түсірген. Бірақ бауыр еті баласын тірідей жетім еткен әйелден әлі хабар жоқ. Дегенмен тәртіп сақшылары безбүйрек ананың алысқа бармасы анық деп сендіріп отыр.