Жас ғалым өз жобасын ғарышта тәжірибеден өткізді
![]() |
Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауылы Мұхит ауылында туып-өскен, қазіргі кезде |
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Мерлан Досболаев өзінің ғылыми жобасын ғарышкер, Халық Қаһарманы Айдын Айымбетовтің көмегімен ғарышта тәжірибеден өткізді.
БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының кеңесшісі Ерген Ақмұрзиннің айтуынша, М.Досболаев аталған университеттің физика факультетінде білім алған. Мамандығы - радиофизика және электроника саласы бойынша инженер-физик. 2009 жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты атанған. О бастан инженер болуды армандаған Мерлан Қылышұлы осы университет жанындағы эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институты зертханасына орналасып, физика-математика ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Тілекқабыл Рамазановтың жетекшілігімен ғылыми жұмыстармен айналысып келеді.
«Купондық кристалл» ғарыштық жобасын да қолға алып, оны университеттегі әріптестерімен және Мәскеудегі орыс ғалымдарымен бірлесе жүзеге асыруда. Нақтырақ айтқанда, заттың тозаңды плазмалық күйінің қыр-сырын зерттеуде. Бұл жоба көптен бері зертханалық жағдайда орындалып келеді екен. Тозаңды плазма (плазмалық кристалл деп те атайды) - зарядталған және бейтарап бөлшектерден (электрондар, иондар, атомдар, молекулалар, макробөлшектер) тұратын күрделі жүйе. Ол космос кеңістігінде көп кездеседі, яғни ғаламшар сақинасы, жұлдызаралық бұлттар, комета құйрықтары және ионосфера қабаты осы сықылды зат күйінде болады. Сондықтан ондағы процестерді түсіну үшін тозаңды плазманы салмақсыздық жағдайында, яғни ғарыш кеңістігінде зерттеу өте қолайлы. Бұл тәжірибе нәтижелері салмақсыздық жағдайындағы зарядталған макробөлшектердің бір-бірімен және электромагниттік өріспен әсерлесуі көрсетілген видеофайлдар арқылы оқушыларға, студенттерге тамаша оқу-зерттеу құралы болады. Осылайша, жас зерттеушілердің ғарыш саласына деген қызығушылығын арттырмақ.
-Көбіміздің көкейімізде «Біздің әлем қалай пайда болған?» деген сұрақ бар болар. Ғалымдардың пайымдауы бойынша, үлкен жарылыстан кейін материя бөлшектеніп кеткен. Кейін уақыт өте келе қандай да бір күштердің әсерімен сол бөлшектер бірігіп, галактикалар, жұлдыздар, ғаламшарлар пайда болған екен. Біздің жасап жатқан зерттеулеріміз осы процестердің эксперименттік моделін береді, яғни зарядталған тозаңды бөлшектердің бір-бірімен бірігіп, үлкен денелер құрау мүмкіндігі анықталады, - дейді Мерлан Қылышұлы.
Айдын Айымбетов халықаралық ғарыш кемесінде болған кезде Мерлан Досболаев жерден байланысқа шығып, орындалып жатқан эксперименттерін қадағалап отырған. Сол кезде жас ғалым мен ғарышкер телефон арқылы танысады. Оның сөзіне қарағанда, өз жобасына қатысты ғарышта жасалған тәжірибе ойдағыдай жүзеге асқан. Нәтижесін өңдеу жұмыстарынан соң жарияламақ.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін