«Жас Отан» ІІ съезі барысында Елбасының жасаған баяндамасы (толық мәтін) - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Жас Отан» ІІ съезі барысында Елбасының жасаған баяндамасы (толық мәтін)

«Жас Отан» ІІ съезі барысында Елбасының жасаған баяндамасы (толық мәтін)

Мектепті бітірген әрбір қазақстандықтың мамандық алу мүмкіндігі болуы керек7

  • 16 Қараша 2012
  • 2293
Фото - Caravan.kz

Мектепті бітірген әрбір қазақстандықтың мамандық алуға мүмкіндігі болуы керек. Сөз арасында Н. Назарбаев жастарды ең бірінші кезекте жұмысқа орналасу мәселесі қызықтыратынын, ал ол проблеманы шешу үшін бұған нақты қадам жасалуы керектігін жеткізді. Сонда ғана елімізде бұл мәселені оңтайлы шешуге болатынын айтты Елбасы.

«Мәселен, 2012 жылы 161 мың жас қазақстандық орта мектепті бітіріп шықты. Олардың ішінде 43 мыңы кәсіби колледждерге, 93 мыңы жоғары оқу орындарына түсті. 28 мың түлек колледжге де, университетке де барған жоқ, яғни кәсіби-техникалық білімсіз еңбек нарығына араласпақшы. Міне, проблема осы тұстан басталады. Бұл жерде мәселе жұмыс орындарының жоқтығында емес, мамандықта, кәсіптің жоқтығында болып отыр. Бізде инженерлер де, техник те жетіспейді», — дейді Н. Назарбаев.

Осыны айта келе, Елбасы кәсіп алуға мемлекет қолдау білдіретінін жеткізді. «Мен Үкімет алдына орта мектепті бітірген әрбір қазақстандықтың мамандық алу мүмкіндігін қарастыруды тапсырамын. Барлығы жоғары оқу орнына бара алмайды, ол мүмкін де емес. Ал экономикаға техникалық мамандықтар, орта буын жұмысшылары ауадай қажет», — деді Н. Назарбаев.

Елбасы жас отандықтарды Парламент депутаттығына тарту мәселесін көтерді.
«Жас Отан» жастар қанаты елді жаңғырту үдерісіндегі қазақстандық жастардың ең басты үйлестірушісі болып табылады», — деп атап өтті Елбасы өз сөзінде.

Бұл орайда «Жас Отан» болашақ саясаткерлер үшін мектеп болып табылатындығын баса айта келе «Сондықтан да жасотандық депутаттарды билік органдарына, жергілікті маслихаттарға, Парламент депутаттығына тарту маңызды болар еді. «Нұр Отан» партиясына осындай жұмыстарды жүргізуді тапсырамын», — деді Н.Назарбаев.

Елбасы Астанада Жастар сарайын салуды ұсынды.
Елордадағы «Сарыарқа» велотрегінде өткен «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласында Жастар сарайын салу ұсынысын жасады.

«Бүгін мен «Жас Отан» съезі делегаттарының назарын өзімнің тағы бір арманымды жүзеге асыруға қолдау білдіруге аудартқым келеді. Мен Астанада Жастар сарайын салуды ұсынамын. Бізде өте жақсы Оқушылар сарайы бар. Егер сіздер қолдау білдірсеңіздер, жаңа сарай үздік сәулет туындыларының біріне айналуы керек», — деді Мемлекет басшысы.

11 млн. қазақ үш жүзге бөлінсек ел бола алмаймыз.

«Қазақты ешкім де жаулап алған жоқ, тек қана елдің ішіне іріткі жасап, жаулады», — деп атап өтті Н. Назарбаев.

Сонымен қатар, Президент Ресей патшалығының отарында болғанда қазақты жүзге бөлу, солайша билеу сіңгенін еске салды. «Біз — қазақпыз. Кешегі күні де айттым, 11 млн. қазақ болдық. Енді соны үшке бөлетін болсақ, онда ел бола алмаймыз. Ресейдегі Екатерина ІІ-нің бұйрығы бар «Әр сұлтандарды, байларды бір-біріне қарсы қойып, байларды соғыстырып, бір-біріне ата жау қылып, қан шығарып жаулап алыңдар» деген. Барлық жағымыздан, қоқаннан, жоңғардан келген жау да солай істемек болған», — деді Н. Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің күші мен мығымдығы — бірлікте екенін баса айтты. «Біз қаны бір, жаны бір — тұтас бір ғана ұлтпыз. Іште де сыртта да солай жүрсек игі. Алайда, солай екен деп еш уақытта басқа ұлттың, басқа діннің адамдарын ренжітуге болмайды», — деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Үкіметке жастар бастамасы қорын құруды тапсырамын.

Бүгін елордадағы «Сарыарқа» велотрегінде өткен «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке жастар бастамасы қорын құруды тапсырды.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, елімізде 11 жастар ұйымы жұмыс істейді. Олармен Үкімет, әрбір министрлік, әрбір ведомство тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет.

Сонымен бірге «Жас Отан» өкілі үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс кеңесінің құрамында болуы керектігін баса айтқан Елбасы: «Мен Үкіметке Жастар бастамасы қорын құру мәселесімен жұмыс істеуді тапсырамын», — деді.

Бұл орайда Мемлекет басшысы барлық министрліктер мен әкімдіктердің стратегиялық жоспарларына жастармен жұмыс индикаторын енгізуді де тапсырды.

«Бүгінгі күні жастар саясатына жаңа міндеттерді айқындау аса маңызды. Біріншіден, менің тапсырмам бойынша 2020 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы әзірленуде. Онда «Жас Отанның» 2020 жылға дейінгі стратегиясының негізгі ережелері қаперге алынуы тиіс. Қазір жастар саясаты жөнінде заң жобасы әзірленуде. Оны алдағы жылдың бірінші жартысына дейін қабылдау керек », — деді Н. Назарбаев. Осыған орай, Н. Назарбаев Үкімет пен «Нұр Отан» партиясына осы заң жобасын сапалы дайындап, Парламентке шапшаңырақ енгізуді жүктеді.

Биылдың өзінде мемлекет 95 мың жас қазақстандықтың жұмысқа орналасуына жәрдем берді.

Жастарға арнаған сөзі барысында Мемлекет басшысы биылғы жылы Үкіметке жастар саясатын нығайтуға нақты тапсырма бергенін, жастармен жүйелі жұмыс үшін арнайы комитет құрылғанын айтты.

«Мен әр өңірде жастар ісі жөніндегі кеңесті әр әкімнің өзі басқарсын деп тапсырдым. Еуразия университетінің базасында ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Ол орталық мемлекет тиіс шараларды қабылдау үшін жастардың барлық проблемаларын зерттеп, анықтап отыруы тиіс», — деді Н. Назарбаев.

Президенттің айтуынша, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша жыл сайын жас отбасыларға 3 мыңға тарта пәтерлер беріледі. Биылдың өзінде мемлекет 95 мыңға тарта жас қазақстандықтың жұмысқа орналасуына жәрдемдескен. «Менің саясатымның негізгі өзегі — әрқашан сендердің бүгіндерің мен келешектеріңе қамқорлық жасау, өйткені келешек — сендерсіңдер, барлығы сендер үшін!», — деді Н. Назарбаев.

Хиджаб кию қазақ мәдениетіне жат құбылыс.

«Біз мұсылман дінін ұстанамыз. Мұсылмандарды қолдаймыз, алдағы уақытта да солай болады. Дегенмен мұсылмандықтың да түрлі ағымдары бар. Сендер, жасотандықтар, жалаң діни ағымдардың ықпалына түспеулерің керек», — деді ол жұма күні «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезінде.
«Біз елдің пікіріне құрметпен қараймыз, оның бәрі біз үшін маңызды. Бірақ, араб заттары — әйелдер мен қыздар киетін хиджаб — бізге жат дүниелер. Біз, қазақтар, атам заманнан көшпелі халықпыз, біздің өз жолымыз бар», — деп атап өтті елбасы.
Арабтардың киімін басымызға жапқызып, қыздарымызды, әйелдерімізді орта ғасырға тарту — біздің жолымыздан емес.
«Қазір нешетүрлі жағдайлар орын алып жатыр. Дініміз ислам, біз одан кеткеміз жоқ, оны қолдаймыз. Алайда, соның ішінде неше түрлі ағымдар бар. Сол ағымдарда жүрген жастарды «жасотандықтар» тәрбиелеп, жәрдем берулері керек. Біз мұсылман екенбіз деп халқымызды орта ғасырға тарта алмаймыз. Біз мұсылмандардың болашағын қолдаймыз. Мұсылмандықтың да, біздің де өз жолымыз бар. Барлықтарын сыйлаймыз, ой-пікірін құрметтейміз. Алайда, бізге арабтардың киімін басымызға жапқызып, қыздарымызды, әйелдерімізді орта ғасырға қарай тарту — біздің жолымыздан емес», — деді Н. Назарбаев.

Бұл ретте Елбасы қазақтар -көшпенділер ат үстінде жүрген халық екенін, ал оның жанында атқа мініп әйелі де серік болып, қыздары да жүретінін айтты.

«Елбасы Қазақстанда электронды еңбек биржасын ашуды ұсынды.»
Президент Нұрсұлтан Назарбаев жастарға арнап электронды еңбек биржасын ашуды ұсынды.
«2020 жылға дейінгі еңбекпен қамту бағдарламасына толықтырулар енгізу қажет. Кез-келген жас осындай бағдарламаларға қатысып, (…) елде қандай бос жұмыс орны барын біліп отыруы үшін жастар еңбек биржасының біртұтас веб-порталын ашуды ұсынамын», — деді президент жұма күні «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезінде.
Елбасы жастарды Түркісіб сынды ауқымды құрылыс жұмыстарына тартуға шақырды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев жастарды стратегиялық және ауқымды нысандар құрылысына көптеп тартуды ұсынды.
«Осы күні Жезқазғаннан Каспий теңізіне дейін 1200 шақырым жол салынып жатыр. Бұл қанша жұмыс күші, қаншама табыс, миллиардтаған ақша ғой!» — деді ол жұма күні «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезінде.
«Батыс Қытай-Батыс-Қазақстан» жолы салынып жатыр. Жастарды сол жаққа жұмылдыру қажет. Бұл есте қалатын тарихи дүниелер. Баяғы Түркісіб қалай салынды, ол халықтық құрылыс, жастар салған жол болатын», — деп атап өтті президент.

Елбасы табиғи апаттардан зардап шеккендерге қол үшін берген барлық жастарға жалынды сәлем жолдады.

«Жас Отан» табиғи апаттардан зардап шеккендерге жәрдем беруге ұмтылатын қазақстандықтардың ең алдыңғы қатарында жүреді. «Жас Отанның» студенттік құрылыс жасақтары күллі ел жастары үшін шынайы еңбек пен жанқиярлықтың үлгісіне айналды. Тек Батыс Қазақстан облысының өзінде осындай 20 жасақ жұмыс істеді. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында игілікті іске 8 мыңнан астам жас құрылысшы тартылды. Мен Батыс пен Оңтүстік Қазақстан облыстарының жастарына, сонымен қатар табиғи апаттардан зардап шеккендерге қол ұшын көрсеткен барлық студенттерге жалынды сәлем жолдаймын», — деді Елбасы.

«Жастар — Отанға!» стратегиясы қабылданды.

2020 жылға дейінгі Жастар стратегиясының жобасы бұған дейін еліміздің барлық аймақтарында ауқымды талқылаудан өткен болатын. Оған әрбір қалаған ел азаматы өз ұсыныстарын беріп, талқылауға қатысуға кең мүмкіндік алды. Ондай өңірлерден келіп түскен ұсыныстардың басым бөлігі аталған құжатқа қабылданды да. Соның нәтижесінде «Жас Отан» жастар қанатының Іс-қимыл стратегиясының жобасында қызметтің 11 басты бағыты айқындалған. Оның ішінде басты факторлар ретінде сапалы білім, еңбек жастардың әлеуметтік бейімделуі, мәдени даму және бірлік, жастар кәсіпкерлігін дамыту, ғылымды дамыту, волонтерлік қозғалыс және тағы басқалары белгіленген.

Соған орай, жастар өздерінің болашақтағы басты құжаты «Жастар — Отанға!» деп аталатын 2020 жылға дейінгі стратегиясын талқылау үшін Астанаға «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезіне жиналды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен 110-нан астам делегат бас қосқан съезге Мемлекет басшысы да қатысты.

«Жаңа Стратегия біздің ұзақ мерзімді мақсаттарымызды мәлімдеу ғана емес, ауқымды жаңғырту міндеттерін іске асыру бойынша іс-әрекеттерге басшылық болып табылады», — делінген құжатта. «Жастар — Отанға!» 2020 стратегиясы 6 бөлімнен тұрады.

Қазақстанда Индустрияландыру картасының аясында 10 трлн. теңгенің 600-ден астам жобасы жүзеге асырылуда.

Индустрияландыру картасының аясында елімізде жалпы құны 10 трлн. теңгені құрайтын 600-ден астам жоба жүзеге асырылуда.

Бұл туралы бүгін елордадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтіп жатқан «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

«Индустрияландыру картасының аясында жалпы құны 10 трлн. теңгені құрайтын 600-ден астам жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл біздің жастарымыз үшін 370 мың жаңа жұмыс орнын береді деген сөз», — деді Мемлекет басшысы.

Елбасының сөзіне қарағанда, аталған жобалар іске қосылғаннан кейін сыртқы нарыққа тауар шығаруға қабілетті кәсіпорындарға айналады. Онда жұмыс істейтін адамдардың мамандығы қатардағы қарапайым жұмысшы емес, білдей инженермен бірдей болмақ.

«Қазақстан бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіреді деген бастама қойдым. Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметтеріне жүгінсек, соңғы бір жылдың ішінде 21 сатыға көтеріліп, 51 орынға шықтық. Жаңағы мақсатқа жетуге 1 ғана саты қалды», — деді Н.Назарбаев.

2020 жылға дейін жас отбасыларға арнап 1 млн. 200 мың шаршы метр тұрғын үй салынады.

Елбасының айтуынша, бұл құрғақ цифр емес. «Әрбір көрсеткіштің артында орасан еңбек, жастарға деген шексіз қамқорлық жатыр. Мен осынау еңбектің жемісі мен қамқорлықтың жылуын жастардың жақсы білетініне кәміл сенемін», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Н. Назарбаев осыдан 4 жыл бұрын «Жас Отан» партияның Жастар қанатына айналғанын, сол уақытта «Нұр Отанның» жас мүшелеріне өздерінің келешек стратегияларын жоспарлауға мүмкіндіктер қарастырылғанын айтты.

Президенттің пайымынша, бұл дұрыс шешім болды. «Біріншіден, сендердің өз саяси авангардыңыз бар. Екіншіден, «Жас Отан» аса белсенді жастарды өзіне жинай алды. Үшіншіден, «Жас Отан» айналасына студенттер, жас фермерлер, жұмысшылар, ғалымдар мен білім иелері коалициясы топтасты. Төртіншіден, жастардың «Нұр Отан» партиясының жеңіске жетуіне қосқан үлесі зор», — деді Н. Назарбаев.
Соңғы он жылда жастар саясаты жобаларына жұмсалған қаражат 10 есеге артты.

«Қазақстан қай жағынан алсақ та жас мемлекет. Еліміздің 5 млн.-ға жуығы 14 пен 18 жас арасындағы жастар. Бұл біздің болашағымыз зор деген сөз. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап менің де мемлекеттің де ең үлкен назарында болып келді. Естеріңізге түсірсем, бұл салада «Болашақ» бағдарламасымен қаншама жастарымыз дүние жүзінің озық университеттерінде білім алып, жұмыс істеп жатыр. «Жасыл ел» бағдарламасы Отанымызды гүлдендіруге, келер ұрпаққа жасыл мемлекетті дайындауға мүмкіндік берді. «Жастар — Отанға!» деген патриоттық ұғым, «Дипломмен ауылға!» деген ұран, Жас мамандар қоры, осының бәрі көптеген мемлекеттік бағдарламаның ішінде жүзеге асуда», — деді Н. Назарбаев.

Тәуелсіздіктің 20 жылында Қазақстан күллі әлем таныған, құрметтеп төріне оздырған беделді мемлекетке айналды.

«Біз, Қазақстан халқы татулыққа ұйыған, жастары жасампаздыққа ұмтылған елге айналдық. Бір буын ауыспай-ақ мүлдем басқа сипаттағы жаңа ұлт, жаңа ел болдық. Күллі әлем таныған, құрметтеп төріне оздырған беделді мемлекетпіз», — деді Мемлекет басшысы.

Мұның бәрі бір күнде, бір сәтте бола қоймағандығын баса айтқан Елбасының пайымынша, 20 жылда 2 ғасырға татитын еңбек сіңіргеннен кейін ғана Қазақстан қос ғасырға бергісіз табысқа жетіп отыр.

«Шет елдерде кімнің жастары оқиды? Қазақтың жастары оқиды. Шет елдердің курорттарында кімдер демалады? Қазақтар демалады. Ешкімге малай болып, еңбек іздеп жүрген дүниеде ешбір қазақ жоқ, бәрі өзімізде. Соның өзі неге тұрады. Бұл табысқа күллі қазақстандықтардың, оның ішінде біздің жастарымыздың қосқан үлесі орасан зор», — деп баса айтты Н.Назарбаев.
Сендердің тың бастамаларыңды мен әр уақытта қолдап келемін, қолдай да бермекпін.

«Бүгінгі жиналыста 7500-ден астам жастар отыр. Менің білуімше, бүкіл Қазақстанның халқы мен жастары қазір назарын осы залға аударуда. Соған орай, осы жастар жиынында айтылған сөздер, жалынды мәселелер мен секілді үлкен буынның өкілдеріне жастығымызды еске түсіріп, өмірге де, еңбекке де үлкен шабыт сыйлайды. Сіздердің энергияларыңыз елге керек, болашаққа керек. Сондықтан да баршаларыңызды «Жас Отанның» ІІ съезінің ашылуымен құттықтаймын», — деді Н. Назарбаев жиынды аша келе.

Сонымен қатар, Елбасы сөз сөйлеген жастардың жалынды сөз бен жасампаз істің иесі екенін танытқанын айтты. «Сендер жаңа ғана күллі Қазақстанның атынан көшелі ой мен өрелі пікір айттыңыздар. Сендердің тың бастамаларыңды мен әр уақытта қолдап келемін, қолдай да бермекпін», — деді Н. Назарбаев.

Бүгінде Қазақстанның Түркиямен де, Малайзиямен де, Еуропаның Шығыс мемлекеттерінің барлығымен де терезесі тең.

«Осы, қазіргі күндерге жету үшін біздің буын, сендердің әкелерің, аталарың көп тер төкті. Елдің сыртын жаудан, елдің ішін даудан аман қылу үшін күндіз-түні тымбай жұмыс істедік. Өйтпесек мемлекет болмас едік. Қараңдаршы, сол тынымсыз еңбектің арқасында біз қазір кім болдық? Адам басына шаққанда жалпы ішкі өніміміз 16 есе өсіп, әр адамға 12 мың долларға жетті. Бұл дегеніңіз біздің Түркиямен де, Малайзиямен де, Еуропаның Шығыс мемлекеттерінің барлығымен де тереземіз тең болды деген сөз. Қай кезде қазақ осыны армандаушы еді?», — деді ҚР Президенті өз сөзінде.

Бұл ретте Мемлекет басшысы Қазаққа Алланың берген байлығы жердің астында да, үстінде де мол екендігін баса айтты.

«Ол бізге қажет, керек. Бірақ ол бір кездерде таусылады. Оны басқа елдерден көріп отырмыз. Тек қана мұнай, газ, темірмен бай, ұлы мемлекет болып отырған ел жоқ. Ол басқаша болады. Сондықтан, менің қолға алып отырған Индустриалды бағдарламасы олардан басқа, екінші экономика құруға негізделген, онсыз болашағымыз мүшкіл болады», — деп баса айтқан Елбасы, бүгінгі заманға сай зауыт, фабрикалар, бүгінгі заманға сай инфрақұрылымдар құрудың өзектілігін ерекше атап өтті.

«Жастар — Отанға!» стратегиясының елдің бүткіл жастары үшін маңызы зор.
«Бүгінгі съезде сіздер «Жастар — Отанға!» атты 2020 жылға дейінгі стратегияны қабылдайтын боласыздар. Өздеріңіздің тікелей тәжірибелеріңіз негізінде қалыптасқан бұл жобаның бүткіл жастар үшін маңызы зор. Стратегияның барлық міндеттері жастарды еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына тартуға, мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығының тереңдеуіне бағытталады», — деді Н. Назарбаев.

Сонымен қатар, Президент осыдан 21 жыл бұрын ел Тәуелсіздігі жарияланғанын, 15 жыл бұрын ел дамуының темірқазығы болған «Қазақстан — 2030» стратегиясы қабылданғанын айтты.

«Қазақ елінің жаңа дәуірінің болашағын айқындайтын тағдырлы құжат бізді биік мұраттарға бастады. «Қазақстан — 2030» стратегиясын қабылдауда менің серіктестерімнің көпшілігі 30-ға толмаған жастар еді», — деді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар