«Жас Қажымұқанның суреті табылды» - баспасөзге шолу - kaz.caravan.kz
  • $ 444.32
  • 473.33
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Жас Қажымұқанның суреті табылды» - баспасөзге шолу

«Жас Қажымұқанның суреті табылды» - баспасөзге шолу

«Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында өңір-өңірдегі азық-түлік бағасының қалай құбылып тұрғанын бір талдау материалға сыйдырған екен.

  • 10 Қыркүйек 2015
  • 1441
Фото - Caravan.kz

Басылымның Шымкент, Орал, Петропавл, Өскемен қалаларындағы тілшілері өз аймағындағы азық-түлік нарығы мен базардағы бағалар туралы дәйекті ақпарат жинаған.  «Жекелеген облыс орталықтарындағы азық-түлік бағаларының қозғалысынан хабар дайындау жөнінде газеттің өңірлердегі меншікті тілшілеріне тығыз тапсырма берілген еді. Олардан келіп түскен хабарлар теңге бағамының еркін айналымға шығарылғанына қарамастан жалпылай алғанда халық үшін маңызды азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты деңгейде сақталынып отырғандығын көрсетіп берді. Меншікті тілшілер өз ақпараттарында тек қант бағасының көтерілгендігін жарыса атап көрсетіпті. Соған қарағанда, бұл нарық заңдылығынан туындап отырған маусымдық өзгеріс пе деп қалдық. Қалай алып қарағанда да мұның себебін іске қатысы бар орталық органдар анықтай жатар деген ойдамыз. Арнайы штаб бақылауда ұстап отыр»,-деп жазады басылым. Мәселен, газеттің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі «шектен тыс шарықтау жоқ» деп хабарлай отырып, шығыс өңірінде халықтың күнделікті тұтынатын негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасы тұрақты деп жазады. «Теңге еркін айналымға жіберілген соң қант қана аздап қымбаттады. Ұлттық валютаның АҚШ долларына шаққандағы бағамының күрт арзандауынан кейін Өскемен қаласы әкімдігі, «Нұр Отан» партиясы және қоғамдық ұйымдар өкілдерінен құралған арнайы комиссия өңірдегі баға саясатын бақылауды қолға алды. Бүгінге дейін жұмыс тобы қаладағы бірқатар сауда нүктелерін аралап үлгерді. Мәселен, кезекті рейд барысында «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Майраш Екібасова, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Бауыржан Нұрғазин, Жібек маталар комбинаты ауданындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Оразбайұлы бастаған жұмыс тобы «Дос-Нар» базарындағы бағаларды тексеру бойынша рейд жүргізді.  Жергілікті өнімдер санатындағы картоп, сәбіз, пияз, сарымсақ, қызылшаның бағасы халықтың қалтасы көтеретіндей, шектен тыс шарықтау жоқ»,-деп жазған тілші. Ал, басқа өңірлердегі азық-түлік бағалары туралы білгіңіз келсе, «Егеменнің» бүгінгі санынан «Баға бағынулы ма?» деген мақаланы оқыңыз.

Басылым сондай-ақ бүгін Ақмола облысынан сүйінші ақпарат жеткізіп отыр. Ақмола облысында Шәймерден Қосшығұлұлына ескерткіш қойылған екен. Шәймерден Қосшығұлұлы осы арқа өңіріне жете таныс ұстаз болған адам. Патша билігіне қарсы шығып, балалардың діни сауатын ашқаны үшін ол түрмеге де жабылады. «Бұл жалған, жалпақ дүниеге талай адам келіп-кетіп жатыр. Бірақ Мемлекеттік Думаға дейін жетіп, ел мүддесін қорғаған қазақ азаматтары санаулы. Соның бірі — осы кісі. Ендігі біздің міндет — осындай асылдарымыздың қадір-қасиетін келер ұрпаққа жеткізу. Біз — ежелгі елміз. Жаңа буын бертінгі жылдардың бедерінде ғана емес, сонау ғасырлардан бастау алатын тарихымызды біліп өсуге тиіс»-деген ескерткіштің ашылуында ақын Серік Тұрғынбекұлы. Жалпы, газеттің жазуынша мерейлі шара көрнекті тұлғаның келіні Сара Шәймерденованың шашу шашуымен басталды. Еңбекшілдер ауданының әкімі Асқар Қиықов ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, шәкірттердің осы ұлт ардағының атындағы мектепте оқуының өзі оларға үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтқан. Толық ақпаратты газеттің «Қайсар рух күрескері» деген мақаласынан оқи аласыздар.



Сондай-ақ, «Егемен Қазақстан» газеті жазып отырғандай, Мәжіліс осы аптадағы жалпы отырысында құрылыстағы  баға белгілеу, өзін-өзі реттеу, арнайы экономикалық аймақтарды жетілдіру, сауда қызметін реттеу мәселелеріне құрылған заң жобаларын қарады. Соның ішіде, басылым «Өзін өзі реттеу туралы» заң жобасы да ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда мақұлданғанын жазған. «Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев өзін өзі реттеуді жеке және заңды тұлғалар жүзеге асыратын, өзін өзі реттеу ұйымында ерікті немесе міндетті мүшелікке негізделген кәсіпкерлік немесе кәсіби қызметті олардың дербес реттеуіне бағытталған шаралар кешені айқындалғанынан хабардар ете кетті»,-деп жазған басылым. Мәжілістің кезекті жалпы отырысында қаралған және қабылданған заң жобалары туралы «Егеменнің» «Өзін өзі реттеу дербес шешілгенде ұтымды» атты мақаласынан оқи аласыздар.

«Айқын» газеті де бүгінгі мұқаба бетіне қуанышты жаңалық шығарған. Басылымның жазуынша,  Қажымұқан батырдың  ертеректе, жас кезінде түскен тарихи суреті табылған. «Қажымұқан атамыздың жас кезінде түскен суреті табылды. Фотосурет Санкт-Петербург Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар архивде сақталыпты. Бұл архивте 1850-2010 жыл аралығында түсірілген барлығы 568 956 фотоқұжат бар. Фотосуреттердің көпшілігін Л.О.Бернштейн, К.К.Булла, М.М.Гершман, П.С.Жуков, С.Л.Левицкий, С.А.Магазинер, Н.А.Науменков, П.А.Оцуп, В.П.Самойлов, Д.М.Трахтенберг, Б.В.Уткин, Я.В.Штейнберг, Н.П.Янов секілді майталман фотографтар түсірген»,-деп жазады басылым.  Ал, Қажымұқан бабамыздың жас кезіндегі тарихи суретін кім түсірген және ол осы сурет балуанның туған жылына қатысты бұрынғы деректерді қалай жоққа шығарып отырғанын білгіңіз келсе, «Айқынның бүгінгі санындағы «Жас Қажымұқанның суреті табылды» деген талдамалы мақаласын оқыңыз.

Газет сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы тың жаңалықтады жаза келе, елімізде донор мен ағза ауыстыру бағыты дамып келе жатқанын жазады.  «Мысалы, 2014 жылы Қазақстанда ағза ауыстыру бойынша 242 операция жасалған. Бұл мемлекеттің «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Осыған қарап-ақ, медицина саласының күн санап қарыштап келе жатқанын байқау қиын емес»,-дейді газет тілшілері. «Айқынның» хабарлауынша, бүгінде қоғамның «ағза алмастыруға» деген көзқарасы бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда түзелген. Сондай-ақ қайтыс болған туысқанының ағзасын кезек күтіп отырғандарға сыйлауға рұқсатын беретіндер қатары көбейген. Дегенмен, кезек күтіп отырғандар да аз емес. 2014 жылғы мәлімет бойынша, бір жылда жүрек ауыстыруға кезек күткендердің саны 138 адамға жетеді екен. Бұл туралы газеттің бүгінгі санындағы «Ағза ауыстыруға» көзқарас түзеліп келеді» деген мақаладан оқи аласыздар.

Ал «Экспресс-К» газеті бүгін қылмыс әлемінде бірге «жұмыс» істеген ерлі-зайыпты екеу жайлы жазады. Газеттің ақпаратына сүйенсек, ерлі-зайыптылар Екібастұз қаласында бұрын өздері жұмыс істеген букмерлік кеңсені тонап, бес жүз мың теңгені қалтаға басған. Бұл туралы газеттің «Бонни-бикеш и Клайд-мырза» деген тақырыбы тартымды ақпаратынан оқи аласыздар.

Соңғы жаңалықтар