Жарияланды: 440

Жас жігітті мүгедек еткен полицейлер 5 жарым жылға сотталды

Бүгін Петропавл соты полицейлердің кесірінен екі аяғынан айырылған «Иван Рожнов ісіне» соңғы нүкте қойды. Оған сәйкес, Есіл аудандық ішкі істер бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы Қайрат Сәрсенбаев пен осы бөлімнің жедел уәкілі Руслан Козырев 5 жарым жылын темір торда өткізуі тиіс. Сот 20-дағы жігіт мүгедек болып қалуына осы екі тәртіп сақшысының озбырлығы себеп деп шешті. Алайда үкім екі тараптың да көңілінен шыққан жоқ.

Тәртіп сақшылары Ясновка орта мектебінен ұрланған компьютерді   жәбірленуші Иван Рожновқа мойындатпақ болып, оны екі күн бойы аямай сабаған. 20 жасар жігіт олардан қақаған аязда орманға қашып, екі аяғын үсітіп алған еді. Бұл іске қатысты тергеу жарты жылға созылып, бір жарым ай бойы сотта қаралды. 90-ға жуық куәгерден жауап алынған. Ақыры сот екі тәртіп сақшысын да айыпты деп тауып, әрқайсысына 5 жарым жылдан кесті. Мұндай жазаны айыпталушылар мүлде күтпесе керек.

15 жыл бойы құқық қорғау саласында қызмет істеген Қайрат Сәрсенбаевтың мұндай қылмысқа баруы мүмкін емес, -дейді туыстары.   

Бауыржан Қыдырмин, Қайрат Сәрсенбаевтың туысы:

- Сенбеймін мен, ондайға баратын бала емес. Өз балаларына да қол көтермейтін ол.

Екінші айыпталушы Руслан Козыревтің анасы да сот үкімін естіп,  есеңгіреп қалды. 

Ал жәбірленуші Иван Рожновтың өзі үкім тыңдауға келе алмады. Анасының айтуынша, жігіттің аяғындағы жаралары қозып, тіпті балдақпен де жүре алмайтын халге жетіпті.

Жәбірленуші жақ бұрынғы тәртіп сақшыларынан 5 млн теңге моральдық өтемақы талап еткен болатын. Сот бұл талап арызды тек ішінара қанағаттандырды. Енді Сәрсенбаев пен Козырев Иван Рожновқа бес жүз мың теңге өтемақы төлейтін болады.

Сонымен қатар жігіттің осы  уақытқа дейін аяғын емдеуге жұмсаған  400 мың теңге ақшасын да айыптушылар бөліп төлеуі тиіс.  

Елена Филонова, Иван Рожновтың анасы:

- Материалдық өтемақының көлемі менің күлкімді келтірді. Қазір ұлымды аяғынан тұрғызу үшін Ресейде жасалған протездер қажет. Біздің ақшаға шаққанда ол бес миллион теңге тұрады. Соттан дәл осы соманы ғана сұрадым. Баламның арқасында байып қалайын дегенім жоқ.

Екі жақ та апелляциялық шағым түсіргелі отыр. Бірі тым ұзақ мерзімге кесілгендеріне налыса, екінші жақ өтемақының аздығына ренжулі.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін