Осы тұста Caravan.kz медиа порталы жасанды интеллект ел бюджетін қаншалықты үнемдей алады және үкіметтің жұмысын қалай жеңілдетеді деген сұрақтарды зерттеп көрді.
Экономист Айбар Олжаевтың пікірінше, цифрландыру Қазақстанға айтарлықтай көмек көрсете бастады. Биылдан бері еліміз сатып алуларға бөлінетін мемлекеттік қаржыны цифрлік теңге түрінде бөліп, оны таңбалауға көшкен. Цифрлік теңгені жемқорлықпен қолды қылу мүмкін емес. Сондықтан цифрлі теңге жобасы біз үшін алдағы жылдары кемінде 500-600 миллиард теңге үнемдей алатын потенциалға ие.
Одан бөлек, жасанды интеллект көп дүниені автоматтандырып, мемлекеттегі аппараттағы қызметкерлер санын қысқартуға мүмкіндік береді. Болашақта судьяларды, соттардың хатшыларын, заңгерлерді, есепшілерді, салық қызметкерлерін, аудиторларды, бухгалтерлерді мемлекеттік қызметтен алып тастап, олардың орнына электронды, виртуалды қызмет жасауға келеміз. Бұл шамамен 10 мың адам. Бір жылда бұл 60 миллиард теңге үнемдейді.
Мысалы, судья функциясын біз жасанды интеллектке тапсыратын болсақ, онда соттардың тәуелсіздігі мен әділдігі рейтингінде Қазақстан бірден жоғары өрлеп, тиісінше инвесторлар сенімі артатыны анық. Ал 2035 жылдарға қарай министрлер мен әкімдер, депутаттар функциясын жасанды интеллектке беріп, мемлекеттік аппаратта тек 100-200 адам қалатындай қылып жасауға болады. Бірақ ол үшін бізде тәуелсіз дербес кванттық суперкомпьютер мен өзіміз жасап шығарған отандық интеллект болуы тиіс.
Президенттің бастамасымен елімізде халықаралық Alem.AI орталығы ашылған. Бұл орталық Қазақстанды ЖИ-бағдарланған мемлекетке айналдыру мақсатында құрылған. Орталық ғылым, өнеркәсіп, шығармашылық индустия мен мемлекеттік қызметтер саласында жасанды интеллект технологияларын дамытуға бағытталған. Одан бөлек инвестиция тарту және стартап жобаларды қолдау да басымдылыққа ие. Жасалып жатқан жобалар шеңберінде 2029 жылға қарай еліміздің жасанды интеллект шешімдерінің экспортын 5 млрд долларға дейін ұлғайту көзделген. ЖИ арқасында еліміздің экономикалық және технологиялық әлеуеті артады. Астана осы технологиялардың жетекші орталығына айналмақ.

2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы Астанада Ұлттық жасанды интеллект орталығын ашу туралы тапсырма берді. Бұл орталық цифрлық технологияларды дамытуға және ЖИ-ді кеңінен қолдануға бағытталған.
«Жасанды интеллект технологияларын электрондық үкімет платформасына белсенді енгізу керек. Қазақстан жасанды интеллект кеңінен қолданылатын және цифрлық технологиялар дамитын ел болуға тиіс. Бұл Үкіметтің басты міндеті. Парламент депутаттарынан осы жұмысқа қосылуларын сұраймын», -деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы келесі жылы Астанада оқушылар, студенттер, зерттеушілер, кәсіпкерлер үшін ашық болатын Ұлттық жасанды интеллект орталығын іске қосу қажеттігін атап өтті.
«Цифрлық активтер мен тау-кен өндірісін нормативтік реттеуді жақсарту, криптобиржаларды одан әрі дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет. Бізде экономикаға зиян келтіретін электр энергиясын көп мөлшерде тұтынатын кәсіпкерлер бар, бірақ олар тиісті көлемде салық төлемейді. Мұнда олармен күресу керек»,- деп толықтырды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Цифрландыру арқылы артық шығындар қысқарады
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ЖИ-ді дамыту және оны мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу бойынша жұмыстар атқарып жатыр. Бұл бағытта инфрақұрылымды дамыту, суперкомпьютерлерді орналастыру және Ұлттық жасанды интеллект платформасын құру жоспарланған.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі лауазымына келгелі 100 күн өтті. Ол осы уақыт ішінде жеткен жетістіктері мен жоспарларымен бөлісті. Дмитрий Мунның айтуынша, мықты команданың арқасында Қазақстан азаматтарының өмірі қиындықтарды еңсере отырып жақсара бастады.
Осы уақыт ішінде цифрлық трансформацияға жаңа көзқарас қалыптасты. Жобалық басқару принципі (Scrum) енгізілді, бұл процестерді мөлдір және тиімді етті. Бұл тәсілбарлық министрліктерге кеңейтіледі.
Бүкіл ел бойынша жүйелік шешімдерге назар аудара отырып, ақылды қалаларды кешенді дамыту үшін жаңа Smart City департаменті іске қосылды.
Мемлекеттік басқаруға жасанды интеллект ене бастады
- АИ енгізу үшін 50 негізгі үдеріс анықталды.
- Ұлттық жасанды интеллект платформасы тәжірибелік пайдалануға берілді.
- Деректерді талдау және талдамалық анықтамаларды дайындау үшін АИ-агенттер құрылды.
АИ-агент 40 + деректер базасын талдайды, отбасылардың әл-ауқатының деңгейін бақылайды және әкімдіктерге ұсынымдарды автоматты түрде жібереді.
АИ мемлекеттік қызметшілерін оқыту
- 2 000 + Мемлекеттік қызметші генеративті АИ бойынша оқудан өтеді;
- Ұлттық жасанды интеллект платформасында 6000 + қызметкер тіркелген.
Цифрландыру министрлігінің рөлін күшейту
Енді цифрландыру жөніндегі KPI тек цифрлық вице-министрлерге ғана емес, мемлекеттік органдардың басшыларына да қолданылады. Министрлік сонымен қатар барлық НҚА-ны цифрландыру тұрғысынан бағалайды.
Өңірлерді цифрландыру
Процестерді оңтайландыру, қажетсіз қадамдарды жою және АИ енгізу үшін әкімдіктердің функцияларын талдау басталды.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды заң шығару қызметіне енгізу арқылы аймақтағы көшбасшы елге айналу әлеуетіне ие. Бұл үшін азаматтардың белсенді қатысуы, мемлекеттік қызметкерлердің цифрлық құзыреттілігін арттыру және енгізілген шешімдердің тиімділігін тұрақты түрде бағалау маңызды рөл атқарады.
Айбар Олжаев та бұл пікірмен келіседі. Қазақстан ақырындап осыған келе жатыр. Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет отырысы барысында елімізде шығындарды оңтайландыру цифрлық технологияларды енгізу арқылы жүзеге асырылуы тиіс екенін баса айтты. Осы ретте Әділет министрлігінің қызметіндегі орынсыз шығындар сөз болған.
«Цифрландыру арқылы артық шығындар мен қажетсіз құрылымдарды қысқарту қажет. Нәтижесінде, жалпы мемлекеттік аппараттың тиімділігі артады. Бұл барлық мемлекеттік органға қатысты», — деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Үкімет отырысында «Цифрлық ассистент» енгізілсе, «Өндіріп алушы мен борышкердің жеке кабинетін» жетілдірілетінін мәлімдеген еді. Сонымен қатар, Қазақстан авторлық құқықтарды ұжымдық басқару саласын цифрландыруды жоспарлап отыр. ҚР Әділет министрлігі тегін заңгерлік кеңес беретін чат-ботты іске қосуды ұсынды.
Жасанды интеллект елімізді басқару тиімділігін арттырып, барлық артық шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. Жемқорлықты жоя алады. Тек отанымызағы адам интеллекті жасанды интеллекттен ой-өресі бойынша жоғары тұруы тиіс. Өзіміз дамымай, сырттан интеллект келіп бізді дамытады дегенге сену қиын.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ЖИ технологияларын мемлекеттік басқару, қаржы, денсаулық сақтау, көлік және басқа да салаларға енгізу арқылы шығындарды қысқартуға және тиімділікті арттыруға болады.
Қандай салаларда ЖИ бюджетке пайда әкеледі?
Мемлекеттік басқару және аудит
- ЖИ бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылай алады, қаржылық бұзушылықтарды анықтап, жемқорлық тәуекелдерін азайтады.
- Үкіметтік құжаттарды өңдеуді автоматтандырып, адам ресурстары мен уақыт шығынын азайтады.
Салықтық және қаржылық бақылау
- ЖИ салық төлеуден жалтару схемаларын талдап, көлеңкелі экономиканы азайтады.
- Салықтық түсімдерді болжау және бюджеттің оңтайлы бөлінуін қамтамасыз етуге көмектеседі.
Денсаулық сақтау жүйесі
- Медициналық бейнелерді өңдеу, диагноз қою және емдеу жоспарын құру арқылы емдеу шығындарын азайтады.
- Медицина қызметкерлерінің жүктемесін азайтып, бюджеттің артық шығындарының алдын алады.
Көлік және логистика
- Жол қозғалысын ақылды жүйелермен басқару арқылы тығындарды азайтып, отын шығынын төмендетеді.
- Қоғамдық көлік бағыттарын оңтайландырып, мемлекетке жанармай мен қызмет көрсету шығындарын қысқартуға көмектеседі.
Коммуналдық қызметтер
- Энергия тұтынуды болжау және ресурстарды тиімді басқару арқылы электр қуаты, су және жылу шығындарын азайтады.
- Ақылды есептеу құрылғылары (смарт-датчиктер) арқылы энергия шығынын оңтайландырады.
Құқық қорғау және қауіпсіздік
- Қылмыстық статистиканы талдау арқылы құқық қорғау органдарының жұмысын тиімді етеді.
- Жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде анықтау арқылы айыппұлдар мен әкімшілік шараларды жылдамдатады.
ЖИ енгізудің нақты әсері қандай?
• Бюджеттің ашықтығын арттырады
• Жемқорлықты азайтады
• Артық шығындарды қысқартады
• Қызмет көрсету сапасын жақсартады
Жасанды интеллект Қазақстан бюджетінің тиімді жұмсалуына көмектесе алады, бірақ оны сәтті енгізу үшін инфрақұрылымды дамыту, мәліметтер қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ЖИ жүйелерін дұрыс реттеу қажет.
Жасанды интеллект халықты жұмыссыз қалдыруы мүмкін
Жасанды интеллект пен автоматтандыру миллионнан астам қазақстандықты жұмыссыз қалдыруы мүмкін. Адам ресурстарын дамыту орталығы цифрландырудың еңбек нарығына әсері туралы талдау жасады.
Сарапшылардың айтуынша, адамды жасанды интеллектпен алмастырудың ықтималдығы төмен.
«Ғылыми-техникалық прогрестің алғашқы мысалы – Англияда орта ғасырларда тігін машиналарының пайда болуы. Өнеркәсіптік революция сол кезде басталды. Бұл жай ғана үлкен төңкеріс болды. Осы оқиғадан кейін көпшілігі жұмыссыз қалды. Ал қазір бәрі баяу жүріп жатыр» — деді Адам ресурстарын дамыту орталығының болжау және зерттеулер департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.
Оның үстіне сарапшы мұның бәрі жұмыс күшінің құнына байланысты дейді.
«Қазір жергілікті компанияларда адам еңбегіне ақы төлеу тиімдірек болуы мүмкін. Алматыдағы жұмыс орнын генеративті жасанды интеллектке тапсыру тәуекелі 18%-ды құрап отыр. Ол кәсіби, ғылыми-техникалық қызмет, денсаулық сақтау саласына қатысты» — деді Дмитрий Шумеков.
Сарапшылар білім деңгейі неғұрлым жоғары болса, роботтың сізді алмастыру қаупі де соғұрлым жоғары болады дейді.
Автоматтандырудың, роботтандырудың немесе генеративті жасанды интеллектің (ҒЖИ) отандық еңбек нарығына ықтимал әсерін талдауға сәйкес, ең үлкен автоматтандыруға басшылар мен мемлекеттік қызметшілер (59% дейін), әкімшілік саласындағы қызметшілер (48%), кәсіби мамандар (46%) және техник мамандар (29%) топтарында қол жеткізуге болады.
Жалпы алғанда, талдау нәтижелері бойынша ықтималдығы жоғары немесе орташа адамдар орындайтын функциялардың 29% автоматтандырылуы мүмкін және бұл ретте функциялардың 13% ҒЖИ орындауы мүмкін екені анықталды.
«Ағымдағы жұмыспен қамту көрсеткіштеріне сүйене отырып, талдау жүргізілген 8,7 миллионға жуық қызметкердің 6,5 миллион қызметкерде немесе 75% автоматтандыру екіталай екенін атап өтуге болады. Автоматтандырудың орташа ықтималдығы 1,5 миллион адамға немесе 17% мүмкін. 686 мың адамның ықтималдығы жоғары немесе 8%», — деді Адам ресурстарын дамыту орталығында болжау және зерттеулер департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.
Ол ҒЖИ қызметкерінің бір бөлігін немесе барлық функцияларын орындау мүмкіндігі одан да төмен ықтималдық көрсеткіштерге ие екенін жеткізді: 7,7 млн қызметкер үшін төмен ықтималдық (88%), орташа ықтималдық 1 млн (12%), және өте ықтимал 5,2 мың, яғни 0,1%.
«Еңбек нарығын автоматтандырудың негізгі қауіпі ірі қалалар мен өнеркәсіптік аймақтарға тән, бұл процесс жұмыс орындарының 33-36% айтарлықтай әсер етуі мүмкін», — деп түсіндірді сарапшы.
Сондай-ақ, әлемдік сарапшылар жасанды интеллект бес жылдан кейін енгізіледі деен болжам жасап отыр.
«Әлемдік сарапшылардың барлығы жасанды интеллект бес жылдан кейін енгізіледі деп есептейді. Неліктен? Өйткені қазір жасанды интеллекттің жұмысы бақылауды қажет ететін көрінеді. Физикалық еңбекті керек ететін шаштараз, массажист, құрылысшы мамандықтары ғана сұранысқа ие болып қалуы мүмкін» — дейді FMI Professionals рекрутинг агенттігінің директоры Алма Жандәулетова.
Дегенмен, роботтар физикалық жұмыстарды көбірек атқаруы тиіс деген теория бар. Әзірге, талдау жұмыстарына сәйкес, күнделікті істерді автоматтандыру Алматы бойынша — 36 пайыз, Астана мен Шымкентте — 20 пайызды құрап отыр.
«Жасанды интеллект тек технолологияда ғана емес, тұрмыста да қолданылуы керек. Мектептерде осыны дамыту қажет. 5 жылда 1 млн адам жасанды интеллектіні меңгереді», — деді Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов.
Дегенмен, ғалымдар жасанды интеллект қауіпті болуын жасырмады. Қазір олардың деңгейі адамдардың ақылынан аса қойған жоқ. Алайда жақын арада адамнан да асатын ақылды болуы мүмкін. Сол кезде кейбір адамдар AI технологиясын «зұлымдық жасау» үшін қолдануы мүмкін. Ал басқа мамандар жасанды интеллектінің әлеуеті зор деп бағалап отыр. 2030 жылы генеративті жасанды интеллекттің әлемдік жалпы ішкі өнімдегі үлесі 13-20 триллион долларға жетуі мүмкін. Сондықтан да, технологияның бұл түрінен үрейленгеннен гөрі, оны игеріп, меңгерген жөн дейді мамандар.