Елде жасанды түсік жасайтындар жиілеген. Жыл сайын 70 мыңнан аса ана сәбиінен бас тартады. Құрсағындағы нәрестесін құшағына алғысы келмейтіндердің дені – 25 пен 35 жас аралығындағылар. Бұған не себеп? Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.
Бесік көрмеген баланы, жер көрер. Қазақтың осы сөзі дәл осы жағдайға дөп айтылғандай. Елде жасанды түсік жағдайы азаяр емес. Жылына 70 мыңнан аса жағдай тіркелетінін ескерсек, күн сайын 190 ана өз баласынан саналы түрде бас тартады деген сөз. Бұл құрғақ статистика емес, әр санның артында бір тағдыр, бір шешім, бір өмір жатыр.
«Фертильді жастағы әйелдердің арасында 25-35 жас арасында көп кездеседі», — дейді Мағрипа Ембергенова, ҚР ДСМ ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры.
Құрсағындағы нәрестеден құтылғысы келетіндердің арасында кәмелет жасқа толмағандар да бар. Балалықпен шала басып, аборт дегеннің әлегіне түседі. Некесіз тууға болмайды деп, талай жасөспірім сәбилерінен осылайша құтылып жатыр.
«Ана мен баланың арасында ашық диалогтың болмауы, қыз баланың ата-анасына сенбеуі. Сонымен қатар тәрбиенің әлсіреуі. Қазір жасөспірімдер ақпаратты отбасынан емес, интернеттен алады. Ал ол ақпаратты фильтрден өткізе алмайды, сондықтан бұрмаланған түрде түсінуі мүмкін», — дейді психолог Анаргүл Ибрайымбекова.
Мәселеге алаңдаған министрлік бірден тегін контрацептивтер таратуды бастады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова брифинг барысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, елде жыл сайын шамамен 75 мың түсік жасалады. Қазіргі заманғы отбасы жоспарлау тәсілдерін ескере отырып, бұл көрсеткішті төмендету қажет.
«Әрбір аборт — пациенттің денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан біз әкімдіктермен бірлесіп, бұл тек сөз жүзінде қалмауы үшін нақты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Поликлиникалар әлеуметтік әлжуаз топтарды контрацептивтермен қамтамасыз етуге қаржы бөліп отыр», — деді Әлназарова.
Оның айтуынша, бұл шаралар жеткіліксіз, сондықтан жұмыс жалғасуда.
Министрлік халықаралық тәжірибені зерттеп, репродуктивті денсаулық саласының мамандарын тартқан.
«Тегін контрацептивтер тарату — өркениетті елдердің барлығында қабылданған шешім. Біз де осы жолмен жүреміз», — деді министр.
Контрацептивтерді қаржыландыру медициналық ұйымдар есебінен жүргізіледі, ал кей өңірлерде жергілікті бюджеттен бөлінеді.
«Біз әрбір әкімдікпен жеке жұмыс істейміз, қаржы тек поликлиникалардан емес, жалпы қамтуды арттыру үшін де бөлінуі тиіс», — деді Әлназарова.
ЖОО-ларда контрацептивтер автоматтары орнатыла ма?
Батыс елдеріндегі тәжірибе, яғни, жоғары оқу орындарында контрацептив автоматтарын орнату мәселесі де талқыланды. Әлназарова бұл идеяны оң бағалап, оны қарастыруға дайын екенін айтты. Алайда қазіргі уақытта негізгі басымдық әлеуметтік әлжуаз топтарға көмек көрсетуге берілмек.
Абортқа тыйым салына ма?
Министр сондай-ақ Қазақстанда абортты заңмен шектеу жоспарлары жоқ екенін мәлімдеді:
«Ондай жоспар жоқ. Біз одан да өркениетті әдістерді таңдап отырмыз», — деді ол.
Бұл шаралар елдегі туу көрсеткішінің төмендеуі мен репродуктивтік денсаулық проблемаларының ушығуына жауап ретінде қабылданып отыр. Сарапшылардың пікірінше, мұндай қадамдар бір жағынан аборт санын азайтып, екінші жағынан — отбасын жоспарлау мәдениетін қалыптастыруға көмектесуі мүмкін.
Балалы болудан бас тарту тек дәстүрге негізделмеген
Қыз-келіншектердің сәбиден бас тартуына басқа да маңызды мәселелер себепші болып отыр. Атап айтқанда, қорқыныш, кедейлік және тұрақсыздық. Салдарынан бір жылда бала туу көрсеткіші 16%-ға төмендеген.
Қазақстанда туу көрсеткіші тұрақты түрде төмендеп келеді. Бұл құбылыс соңғы бірнеше жыл бойы жалғасып келе жатқан алаңдатарлық үрдістің жалғасы болып отыр. Ұлттық статистика бюросы мен БҰҰ деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында елде небары 77,3 мың бала дүниеге келген, бұл 2024 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 16%-ға аз, деп хабарлайды Lada.kz.
Жаңа туған нәрестелер санының азаю динамикасы мынадай:
-2021 жыл — 446,5 мың сәби;
-2022 жыл — 403,9 мың;
-2023 жыл — 388,4 мың;
-2024 жыл — 365,9 мың.
Сонымен қатар, 1000 адамға шаққандағы туу коэффициенті де төмендеп келеді: егер 2021 жылы бұл көрсеткіш 23,5 болса, 2025 жылы ол 15,4-ке дейін түскен. Бұл соңғы он жылдағы ең төмен деңгей.
Елдің оңтүстік аймақтарында туу көрсеткіші әлі де жоғары болып отыр:
-Маңғыстау облысы — 21,3‰;
-Түркістан облысы — 21,3‰;
-Шымкент қаласы — 19,7‰.
Ал туу аз тіркелетін өңірлер — елдің солтүстігі мен шығысы:
-Солтүстік Қазақстан облысы — 8,5‰;
-Қостанай облысы — 9,5‰;
-Шығыс Қазақстан облысы — 9,6‰.
БҰҰ сарапшыларының бағалауынша, ұзақ мерзімде Қазақстанда туу көрсеткіші одан әрі төмендей береді. Болжамдар мынадай:
-2034 жылға қарай — 17,6‰;
-2050 жылға қарай — 17‰;
-2100 жылға қарай — 11,4‰.
Демографиялық дағдарыстың басты себептері экономикалық және әлеуметтік факторлармен байланысты. «Балалар Қазақстаны» порталының деректері бойынша, негізгі себептер мыналар:
-тұрғын үй, білім беру және денсаулық сақтау шығындарының жоғары болуы;
-мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі;
-құндылықтардың өзгеруі: барған сайын көп әйел ерте ана болудан гөрі мансапты таңдайды;
-еңбек нарығы мен әлеуметтік саладағы тұрақсыздық.
Социологиялық зерттеулер нәтижесі де осы үрдісті растайды:
-3,9% респондент бала туғысы келмейтінін айтқан;
-51,3% бір баласы бар және екіншісін жоспарламайды;
-тек 10,5% ғана төрт және одан көп бала көтеруге дайын екенін білдірген.
Бедеулік өсіп барады
Тағы бір алаңдатарлық үрдіс — бедеулік жағдайларының күрт артуы. 2024 жылдың алғашқы жартысында ғана 29,1 мың әйелге осындай диагноз қойылған — бұл 2021 жылмен салыстырғанда шамамен үш есе көп. Ер адамдар арасындағы бедеулік те артып келеді, бірақ әйелдерге қарағанда баяу қарқынмен.
Егер қазіргі жағдай өзгермесе, алдағы онжылдықтарда Қазақстанды бірнеше күрделі проблема күтіп тұр:
-еңбекке қабілетті халықтың азаюы;
-ұлттың жедел қартаюы;
-зейнетақы және әлеуметтік жүйелерге түсетін салмақтың өсуі;
-экономикалық өсімнің баяулауы.
Сарапшылардың пікірінше, елге жаңа демографиялық стратегия қажет. Ол мыналарды қамтуы тиіс:
-көпбалалы отбасыларға қаржылай және салықтық жеңілдіктер беру;
-бедеулікті емдеу мен ЭКО бағдарламаларының қолжетімділігін арттыру;
-бала тәрбиелеуге арналған инфрақұрылымды (балабақша, мектеп, емхана) дамыту;
-отбасы құндылықтарын дәріптеу және жұмыс істейтін ата-аналарды қолдау.
Жүйелі әрі дер кезінде қабылданған шараларсыз Қазақстан жақын жылдары өткір демографиялық дағдарыс аймағына кіруі мүмкін.