Ол серпе көтеруде 165 келіні бағындырып кіші қола медальді иеленді. Сондай-ақ жұлқа көтеруде 198 келіні көтеріп, қоссайыстың қорытындысы бойынша (363 кг) Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Онда 393 келіні (178+215) көтерген ирандық Саид Мохаммадпур Каркараш алтын, ал ресейлік Егор Климонов 385 келімен (170+215) күміс медаль иеленді.
10 мамырда жалауы көтерілген бұл дүбірлі додада бұған дейін 69 келіде бақ сынаған Жазира Жапарқұл 239 (106+133) келілік зілтемірді көтеріп қазақ қыздары арасынан тұңғыш Әлем чемпионы атанған еді. Ал оның 63 келіде өнер көрсеткен командалас серігі Карина Горичева 225 келіні бағындырып (100+125) ел қоржынына алғашқы қола жүлдені салған болатын. Енді оның қатары бір үлкен, бір кіші екі қола медальмен толығып отыр.
Дүниежүзінің 52 елінен ерлер арасында 250, қыздар арасында 190 атлет қатысқан бұл байрақты бәсекеде бапкерлер ел намысын қорғауды ерлер арасында — 2, қыздар арасында — 2 спортшыға сеніп тапсырған болатын. Бүгін ел қоржыны тағы бір медальмен толығып қалуы мүмкін.