«Ювенология», яғни «жастар туралы білім-ғылым» мәселесіне арналған оқулық ТМД бойынша алғаш рет жарық көріп отыр. Оның орыс тіліндегі нұсқасы 2008 жылы басылса, қазақ тіліндегі аудармасы биыл «Фолиант» баспасынан «Жоғары білім» сериясымен жарыққа шығарылды. Авторлық ұжымның жетекшісі, профессор Нұрлан Дулатбековтың айтуынша, бүгінде Ресей, Украина және басқа бірқатар ТМД елдері аталған оқулықтың орыс тіліндегі нұсқасына қосымша тапсырыс беріп отыр. «Енді, міне, осы үлкен ғылыми еңбектің қазақ тіліндегі оқулығы жарыққа шықты. Бұл оқулық бас кезінде оқу құралы ретінде шығады деген ой болған. Бірақ осы ғылыми еңбекті жазу кезінде біз жастар мәселесінің заң аспектілері аясынан шығып, әлеуметтік-психологиялық және мәдени-рухани алғышарттарын жан-жақты ашып бердік. Осының нәтижесінде жастар мәселесіне арналған толымды оқулық дүниеге келді. Ол, әрине, «Болашақ» университінде қызмет етіп жүрген ғалымдардың үлкен еңбегі деп білеміз», — дейді профессор Н.Дулатбеков.