Жастар тарихты білу арқылы өз тамырын таниды, ұлттық болмысын нығайтады - Тарихшы - kaz.caravan.kz
  • $ 481.83
  • 556.8
+12 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Наурыз
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жастар тарихты білу арқылы өз тамырын таниды, ұлттық болмысын нығайтады - Тарихшы

Жастар тарихты білу арқылы өз тамырын таниды, ұлттық болмысын нығайтады - Тарихшы

Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтаудың басты тетіктерінің бірі – тарихты терең білу және оны кейінгі ұрпаққа дұрыс жеткізу.

  • 26 Наурыз
  • 2119
Фото: Рамазан Ақылбековтың жеке мұрағатынан

Әсіресе, жастардың өз елінің өткені мен тарихи тұлғаларына деген қызығушылығы – ел болашағының айқын көрсеткіші. Дегенмен, бүгінгі таңда жас буынның тарихқа деген ынтасы қандай деңгейде? Қазақ тарихы жеткілікті дәрежеде насихатталып жүр ме?

Осы және өзге де өзекті сұрақтар төңірегінде Сaravan.kz медиа порталының тілшісі тарихшы маман Рамазан Ақылбековпен сұхбаттасып, ұлттық тарихты дәріптеу жолдары мен жастардың қызығушылығын арттырудың тиімді тәсілдері пікірін білген еді.

Рамазан мырза, жалпы қазақ халқының тарихы түрлі оқиғаларға бай. Бірақ сол тарихи кезеңдерді балаларға түсінікті әрі қызықты етіп жеткізу оңай емес. Сіз осы мақсатта тарихты ойын арқылы үйрететін әдіс ойлап тапқан екенсіз. Бұл идея қалай пайда болды және оның балалардың тарихқа деген қызығушылығына әсері қандай?

— Мен тарихқа деген қызығушылығым бала күнімнен бастап қалыптасты. Мектеп пен үйдің арасы шамамен 1,5 шақырым болса да, сол жолды құр жібермей, үнемі тарихи кітап оқып қайтатынмын. Тіпті дүкенге шыққан кездерімде де қолымнан кітап түспейтін. Ол уақытта әлеуметтік желілер қазіргідей кең таралмаған, бос уақытты өткізетін басқа алаңдататын нәрселер де аз еді. Сондықтан қолым босаған сәттің бәрінде тарихи еңбектерге үңілетінмін.

Тарихи мазмұндағы танымдық ойын құрастыру идеясы 2024 жылдың жазында пайда болды. Еңбек демалысында үйде отырған кезде бөлмемдегі сөреде тұрған екі түрлі «монополия» ойынына көзім түсті. Бірі орыс тілінде, екіншісі қазақша болғанымен, мүлде басқа бағытта жасалған еді. Сол сәтте «неге еліміздің тарихын қамтитын қызықты ойын жасап көрмеске?» деген ой келді. Қазіргі таңда үстел ойындарының түрі көп болғанымен, олардың басым бөлігі өзге тілдерде ұсынылады. Ал мен қазақ тілінде, әсіресе тарихқа негізделген танымдық өнім жасауды жөн санадым. Осылайша ойынның алғашқы нұсқасын дайындауға кірістім. Бастапқыда оны тек мектеп оқушыларына арнасам деп ойладым. Алайда кейінірек бұл шектеудің дұрыс еместігін түсіндім. Неліктен тарихты тек оқушылар ғана меңгеруі тиіс? Неге біз оны тек мектеп қабырғасында қалдырамыз? Осы себепті ойынды екі түрлі деңгейде шығаруды дұрыс деп шештім.

Жобаның басты мақсаты – әрбір қазақ азаматына ел тарихын жеңіл әрі қызықты форматта жеткізу. Әр қазақстандық өз өткенін танып-білуі қажет. Шын мәнінде, мектепті аяқтағаннан кейін көп адам кітап оқуды сиретіп, әсіресе тарихи тақырыптарға мүлде оралмай жатады. Осындай көзқарасты өзгерту қажет деп есептеймін. Тарих – баршаға ортақ құндылық. Себебі біз де ертең сол тарихтың бір бөлігіне айналатынымызды ұмытпауымыз керек.

Қазақ тарихында ел тағдырына әсер еткен шешуші кезеңдер көп. Сіздіңше, бүгінгі жас ұрпақ ең алдымен қай тарихи оқиғаларды терең білуі керек?

— Оқушылар, студенттер XX ғасырдың басындағы, ортасындағы тарихи оқиғаларды жетік білуі керек. Алаш зиялылары, интеллегенциясы, алғашқы еуропалық үлгідегі мектептер мен университеттердің салыну кезеңін жастар міндетті түрде оқу керек деп есептеймін. Өйткені, ол кездегі тарихи оқиғалар қазіргі заманға жақын, алдағы уақыт үшін де берері көп.

Сол кезең – қазақ қоғамының жаңғыруға бет алған, ұлттық сана-сезімнің оянған уақыты. Алаш қайраткерлерінің идеялары тәуелсіздік, білім, әділетті қоғам құру сияқты құндылықтарды алға тартты. Бүгінгі жастар үшін бұл – тек тарих емес, нақты үлгі, бағыт-бағдар. Олар сол кезеңдегі тұлғалардың қиын жағдайда да ел үшін қызмет еткенін түсінуі тиіс. Сонымен қатар, сол уақыттағы ағартушылық қозғалыс қазіргі білім жүйесінің негізін қалағанын ұғыну маңызды. Жастар тарихты білу арқылы өз тамырын таниды, ұлттық болмысын нығайтады. Бұл өз кезегінде саналы, жауапты ұрпақ қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан XX ғасыр басындағы тарихи үдерістерді терең меңгеру – бүгінгі күннің де талабы.

Қазіргі жастардың тарихқа қызығушылығына қандай баға бересіз? Олардың тарихи санасын қалыптастыру үшін не істеу керек?

— Жастардың қызығушылығын өте көп деп те, аз деп те айтуға келмейді. Жалпы алған кезде бұл жерде мәселе жастардың тарихқа, ақпаратқа деген көзқарастарының өзгешелігінде. Тарихты түсіндіруші тарап, мемлекет болсын, мектеп пен университет болсын, жастарға лайықты, түсінікті форматта түсіндіру керек. Сол кезде жастардың қызығушылығы артады. Қазіргі таңда жастардың тарихқа қызығушылығы эмоционалды деңгейде деп айтсақ болады. Оған «Оян, қазақ» сериалы мысал болды. Оның үзінділерінің әлеуметтік желілерде тарауы жастардың сол тарихи кезеңге деген қызығушылығын едәуір арттырды.

Ел арасында “қазақ тарихы толық жазылмаған” деген пікір жиі айтылады айтылады. Сіздіңше, тарихымызды зерттеуде әлі де ашылмай жатқан тұстар бар ма?

— Иә, қазақ хандығының құрылуы мен XIX ғасырға дейінгі аралық бізде ақсап тұр. Осы кезеңнің тарихы өте нашар зерттеліп, әлсіз жазылған. Себебі, қазақ хандығына қатысты кітаптар мен ғылыми деректер аударылмаған. Олар иран, парсы, араб, қытай тілдерінде бар. Бірақ XX ғасырда, тәуелсіздік алған жылдарды сол деңгейде тыңғылықты зерттеулер жүргізілмеген. Осыдан 5 жыл бұрын терең зерттеулер басталды. Болашақта осы кезең лайықты деңгейде толықтырылады деген үміттеміз. Ал, керісінше өте жақсы зерттеліп, жақсы жазылғаны — Абайдың, Шәкәрімнің заманы, XIX ғасыр. Ресей империясының отарлау саясаты басталған кезеңнен бастап жақсы жазылған. Кеңес үкіметінің уақыты да терең зерттелген.

Бүгінгі қазақ қоғамында тарихты насихаттауда қандай олқылықтар бар деп ойлайсыз?

— Қазіргі таңда әлеуметтік желілердің қатты дамығанына байланысты қай жастағы адам болмасын тарихи деректерді кітаптан оқымайды. Ұзақ уақыт кітап оқуға ешкімнің уақыты жоқ. Күрделі деңгейде түсіндіретін тарихи подкаст пен шығармаларды игеруге көбісінің шамасы жетпейді. Сол себепті мемлекет тарапынан қарапайым, түсінікті, жеңіл тілде, форматта түсірілетін патриоттық рухты көтеретін фильмдер мен сериалдарға қаржылай, ақпараттық қолдау көрсету керек. Тарихты насихаттаудың олқылықтарын осылай толтырамыз.