Елде жұмыссыз жастар шынымен азайып жатыр ма, әлде бұл жасырын проблема ма? - kaz.caravan.kz
  • $ 517.16
  • 588.48
+9 °C
Алматы
2025 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елде жұмыссыз жастар шынымен азайып жатыр ма, әлде бұл жасырын проблема ма?

Елде жұмыссыз жастар шынымен азайып жатыр ма, әлде бұл жасырын проблема ма?

Елден үдере көшудің себебі неде?

  • 9 Сәуiр
  • 20
Фото: Caravan.kz

Қазақстанда жастардың жұмыссыздығы еңбек нарығындағы өзекті әрі күрделі мәселелердің бірі. Мәжіліс депутаттары мен қоғам белсенділері жалған статистика беруді доғаруды талап етіп, айқын мәселелерді көтеріп келеді. Сондықтан соңғы көрсеткіштер жұмыссыздық деңгейінің төмендегенін көрсеткенімен, тереңірек үңілсек, әлі де алаңдататын сұрақтардың жетіп артылатынын байқауға болады. Caravan.kz медиа порталы ресми көрсеткіштер мен шынайы мәселелерді салыстырып көрді. 

2024 жылдың 4-тоқсанының қорытындысы бойынша, еліміздегі жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрады, яғни шамамен 448,3 мың адам еңбек нарығында жұмыс таба алмаған. Ал 15 пен 34 жас аралығындағы жастар арасында бұл көрсеткіш 3,3%-ға тең. Бұл – ресми статистикадағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі.

Дегенмен, жастар арасындағы жұмыссыздықты бағалауда тек жұмыс істемейтіндерді ғана емес, сонымен қатар білім алмайтын және оқудан тыс қалған жастарды да ескеру қажет. Бұл топ халықаралық тәжірибеде NEET-жастар деп аталады (Not in Education, Employment or Training).

NEET-жастардың үлесі — жасырын қауіп

2024 жылдың 4-тоқсанына қарай Қазақстандағы NEET-жастардың үлесі 6,6%-ды құрады. Бұл дегеніміз – елдегі әрбір он бесінші жас адам не оқымайды, не жұмыс істемейді, не кәсіби даярлықтан өтпейді. 2023 жылдың 1-тоқсанында бұл көрсеткіш 7,9% болған.

Яғни бұл топтың саны әлі де едәуір жоғары. NEET-жастардың көп болуы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болашағына қауіп төндіреді дейді сарапшылар. Бұл жастардың болашақта табыс табу мүмкіндігін азайтады, әлеуметтік шиеленісті күшейтеді және кедейлік деңгейін ұлғайтуы мүмкін.

Жастар жұмыссыздығының төмендеуі бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі болуы мүмкін. «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны», «Ұлттық жобалар» сынды бастамалар арқылы мыңдаған жас адам алғашқы еңбек тәжірибесін алуда.

Алайда бұл тек уақытша нәтиже деп дабыл қағуда қоғам белсенділері. Көптеген жас маман уақытша жұмыс орындарынан кейін тұрақты жұмыспен қамтылмаған күйде қалып отыр. Сонымен қатар ауылдық жерлердегі жастардың мүмкіндіктері қалалықтарға қарағанда әлдеқайда шектеулі.

Жұмыссыздық деңгейінің өсуі неге байланысты? Сарапшылар не дейді?

Жоғарыда атап өткендей, статистика еліміздегі шынайы жұмыссыздық деңгейін көрсетпейді. Яғни өтірік сандар. Бұл ретте сарапшылар бірнеше негізгі себептерін атап өтті. 

1.⁠ ⁠Еңбек өнімділігінің төмендігі және шикізаттық тәуелділік

Қазақстан экономикасы әлі де мұнай-газ және басқа да шикізат секторларына тәуелді. Бұл өз кезегінде экономиканың әртараптануына кедергі келтіріп, жаңа жұмыс орындарының пайда болуын тежейді. Нәтижесінде, жастар мен білікті мамандар үшін тұрақты әрі сапалы жұмыс табу қиындай түсуде.

2.⁠ ⁠Жұмыс беруші талаптарына сай келмейтін мамандықтар

Кейбір мамандардың пікірінше, елімізде жұмыс іздеп жүргендердің білімі мен дағдылары жұмыс берушілердің нақты сұранысына сәйкес келе бермейді. Осылайша, еңбек нарығында сұраныс пен ұсыныс арасында жер мен көктей алшақтық қалыптасқан.

3.⁠ ⁠Ресми емес жұмыспен қамтудың жоғары деңгейі

Әсіресе ауылдық жерлерде көптеген азаматтар бейресми жұмыс істейді. Яғни еңбек шарты жасалмайды, зейнетақы жарнасы мен салық төленбейді. Сәйкесінше, аталмыш жастардың үлесі ресми статистикаға енбейді, сондықтан нақты жұмыссыздар санын көрсетпейді.

4.⁠ ⁠Білікті мамандардың елден кетуі

Кәсіби тәжірибесі бар, жоғары білікті мамандардың шетелге көшу үрдісі де жұмыссыздықты жанама түрде күшейтеді. Ел ішінде мұндай мамандар жетіспейді, ал жастар еңбек нарығына енгенімен, тәжірибелері жеткіліксіз. 

5.⁠ ⁠Жастардың еңбекке деген жаңа көзқарасы

“Z” буыны мен миллениалдар дәстүрлі 9-дан 6-ға дейінгі жұмысқа қарағанда, еркін график, қашықтан жұмыс істеу және фрилансқа көбірек бейім. Бұл тренд жұмыссыздық көрсеткіштеріне де әсер етуі мүмкін, себебі көптеген жастар тұрақты жұмысты емес, уақытша немесе жобалық жұмысты таңдайды.

Жастардың жұмыссыздығына билік бас ауыртуы тиіс

Теміртауда ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Тынымбайұлы Қариннің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңесінің отырысы өтті. 

Тақырып “жастар арасындағы жұмыссыздық” пен “жұмысшы мамандықтар жылы” хақында. Кездесуде сөз сөйлеген мәжілісмен Нартай Сәрсенғалиев бірнеше мәселенің бетін ашты. 

  1. “Qarmet” АҚ жұмысшыларының әлеуметтік жағдайын жақсарту, еңбек қауіпсіздігін арттыру;
  2. ”Өндірістің талқанын шығарып тайып тұрған “АрселорМиттал” бәрін өтірік презентациялармен алдаған”” — деді Қарағанды облысының әкімі. Өңір басшысынан өтірікті біле тұра көз жұмып қараған сол шенеуніктердің есімдерін беруді талап еттім. Олардың байлығын Заңмен елге қайтаруымыз керек!
  3. Жастардың жұмыссыздығы туралы өтірік статистиканы құрту;
  4. Үкіметтің 1193 қаулысына өзгеріс енгізу;
  5. Жұмыс берушілерге «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасқан жас мамандарды тұрақты жұмысқа қабылдауды міндеттеу;
  6. «Жастар практикасына» қатысушылардың айлық жалақысын 30 АЕК-тен 40 АЕК-ке, ауылдық жерлерде 45 АЕК-ке дейін көбейту;
  7. «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасымен жұмысқа орналасу кезінде «Жасыл ел» сынды маусымдық жұмыстардан немесе қызмет көрсету саласындағы жұмыстардан түскен зейнетақы қорын есепке алмау;
  8. Микрокредит беру мәселелері – 2024 жылы ҚР Қаржы министрлігінің қаржыландыру шешілмеуіне байланысты жастарға микрокредит берілген жоқ. Осы жобаны жандандыру;
  9. Кепілдік талабы – микрокредит алу үшін міндетті кепілдің болуы көптеген жастар үшін қиындық тудырады, әсіресе ауылдық жерлерде жылжымайтын мүлік кепіл ретінде жарамсыз болуы мүмкін. Осы мәселені шешу;
  10. Жұмысшы мамандықтарды насихаттау;

Елден көшудің себебі неде? 

Соңғы жылдары Қазақстанда білікті кадрлар мен жастардың шетелге көшуі күрт артып отыр. Бұл үрдіс қоғамда алаңдаушылық тудырып, сарапшылар дабыл қағуда. Елден кетіп жатқандардың көбі – жоғары білімді, өз саласында тәжірибесі бар мамандар мен алдыңғы қатарлы жастар. Олар неге туған жерін тастап, шетелде өмір сүруді қалайды?

1.⁠ ⁠Жоғары жалақы мен жақсы өмір сүруге ұмтылыс

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге мониторинг жүргізу бюросының зерттеуіне сәйкес, елден көшуді қалайтын азаматтардың 24,5%-ы – жоғары жалақы үшін, 23,9%-ы – өздері мен балалары үшін елде болашақ көрмейтінін айтқан. Бұл – ең жиі кездесетін себептердің бірі. Қазақстандағы экономикалық теңсіздік пен инфляция жағдайында жастардың қаржылай тұрақты болуға деген ұмтылысы түсінікті.

2.⁠ ⁠Сапалы білім алу

Жастардың 62,5%-ы шетелге білім алу мақсатында көшуді қалайды. Олардың көпшілігі ҰБТ секілді күрделі іріктеу сынақтарынан өтудің орнына, шетелдік университеттерге түсу әлдеқайда оңай әрі тиімді деп есептейді. Сонымен қатар, шетелде білім алған жастардың көбі елге оралмай, шет елдерде қалуды жөн көреді – себебі олар өз білімдері мен дағдыларына сай жұмыс орындарын елден таба алмайды.

3.⁠ ⁠Өзін-өзі дамыту мен кәсіби өсуге қолайсыз орта

Сауалнамаға қатысушылардың 14%-ы жақсы жұмыс табу, ал 13,2%-ы өзін-өзі дамытуға қолайлы орта іздеу үшін елден кетуге ниетті. Жастар инновациялық жобаларға қатысып, өз идеяларын жүзеге асыру үшін ашық, заманауи, креативті экожүйе іздейді. Қазақстанда бұл мүмкіндік шектеулі немесе тек белгілі бір орталарға ғана қолжетімді.

4.⁠ ⁠Жемқорлық пен бюрократия

Көптеген жастар елдегі жемқорлық, әділетсіздік, «таныс арқылы» шешілетін жүйеге наразы. Олар жеке қабілет пен еңбектің бағаланбайтынына сенеді. Бұл фактор олардың болашаққа сенімсіз қарауына және басқа елдерде өмір сүруді армандауына түрткі болады.

5.⁠ ⁠Мамандық бойынша жұмыс табу қиын

Шетелде оқып келген жастардың көпшілігі Қазақстанда өз мамандығы бойынша жұмыс табуда қиындықтарға тап болады. Бұл – кадр саясаты мен еңбек нарығындағы сәйкессіздікке байланысты. Соның салдарынан олар біліміне сай жұмыс іздеп, қайтадан шетелге кетіп жатады.