«Жасыл экономика»: Қазақстан бұл бағытта не ұтып, неден ұтылды? - kaz.caravan.kz
  • $ 519.55
  • 596.03
+25 °C
Алматы
2025 Жыл
20 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Жасыл экономика»: Қазақстан бұл бағытта не ұтып, неден ұтылды?

«Жасыл экономика»: Қазақстан бұл бағытта не ұтып, неден ұтылды?

2013 жылы Қазақстанда «Елдің жасыл экономикаға өту тұжырымдамасы» қабылданған болатын. Құжаттағы маңызды бағыттардың бірі баламалы энергия көздері арқылы өндірілетін электр энергиясы көлемін 2020 жылға қарай 3 пайыздан кем емес көрсеткішке дейін жеткізіп, 2030 жылы бұл көрсеткішті 30 пайызға дейін жеткізу болған еді. Сонымен бірге, 2023 жылдың 2 ақпанында ҚР Президентінің жарлығымен «Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейін көміртекті бейтараптығына жету стратегиясы» бекітілген болатын.

  • 23 Қазан 2023
  • 7567
Фото - Caravan.kz

Аталған құжатта да елдегі баламалы энергия көзін арттыру мақсаты бекітілген. Аталған тұжырымдамалардағы көрсеткіштерге қалай қол жеткіземіз? Жалпы елдің жасыл экономика көшудегі бағыты қандай? Бұл мақсатта қандай бастамалар қолға алынды? Аталған сұрақтарға жауапты бүгінгі материалда іздейтін боламыз.

Заман талабына сай болу –Қазақстанның басты міндеті

 

Enerdata зерттеу орталығы ұсынған мәліметтерге сәйкес, әлемдік экономикада +3,2%-ды құрайтын экономикалық өсім байқалып отыр. Алайда аталған көрсеткіш CO2 шығынын шамамен 2%-ға ұлғаюына әкеп соқтырды. Осылайша, әлем пандемияға дейінгі көрсеткіштерге қайта оралды, дейді мамандар.

Болашаққа болжам жасайтын болсақ, Халықаралық Энергетикалық Агенттіктің баға беруі бойынша, 2040 жылға қарай электр энергиясына деген жаһандық сұранысымен бірге (+ 37%), мұнай, газ және көмірге деген сұраныс та артып келеді екен.

Осылайша ғалымдар ресурстар азаймайтынын, алайда көміртек газының көлемін (CO2) азайту мүмкін болмайтынын айтып, дабыл қағып отыр.

Осы орайда, аталған мәселемен Қазақстан халқы да бетбе-бет келуі мүмкін бе деген заңды сауал туындайды. Бұл жөнінде елдегі деректерге көз жүгіртсек:

  • Қазақстанда ғимараттар секторының электр қуатын тұтынудың орташа көрсеткіші сағатына 270 кв-ты құрайды. Өкініштісі, бұл көрсеткіш Еуропадағы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе артық көлем екен. Мәселен, кәрі құрлықта дәл осы көрсеткіш сағатына 100-120 кв-ты құрайтын көрінеді. Тіпті көршілес Ресейдің өзінде бұл көрсеткіш 270 кв-қа тең болып отыр.
  • Тұрғын-үйлердің ауаны ластауға байланысты келтіретін экономикалық шығыны шамамен 250 млн АҚШ доллары көлемінде, ал жекеменшік көліктің кесірінен ауаны ластаудан келтірілетін шығын тіпті 1,66 миллиард АҚШ долларын құрайды екен. Бұл 2019-2020 жылдардағы жалпы ішкі өнімнің 1%-ын құрайды.

Аталған фактілерге көз жүгірте отырып, елімізге «жасыл экономикаға» көшудің ауылы алыс екенін байқау қиын емес. Десе де сарапшылар Қазақстанда бұл бағытта бүгінде бірқатар ауқымды жобалар қолға алынып жатқандығын алға тартады. Олардың пайымдауынша, мәселен, түрлі халықаралық ұйымдармен Қазақстанда жүзеге асырылған пилоттық жобалар қазіргі таңда өз жемісін беріп, соның арқасында энергияны 30-40%-ға үнемдеу деңгейіне қол жеткізуге болады екен.

Сол себепті, халықаралық қауымдастық Қазақстаннан климаттың өзгеруіне, жалпы әлемдегі экологиялық ахуалдың нашарлауының алдын алатын халықаралық міндеттемелердің табысты іске асырылуын күтіп отырған көрінеді.

Тұжырымдама бізге не береді?

Аталған мәселелерге жол бермеу үшін Қазақстан қандай бастамаларды қолға алды?

Еліміздің жалпы экологиялық ахуалды жақсарту және баламалы энергия көздеріне көшу арқылы, жасыл экономика көрсеткіштерін жақсарту тұжырымдамасы бүгінде өз нәтижесін берген көрінеді. 2013 жылы қабылданған құжат аясында, соңғы 10 жылда экономиканың энергия сыйымдылығы көрсеткішін 2008 жылдағы 36,7% көрсеткіштен, 4,5%-ға дейін жеткізу нәтижесіне қол жеткізіліпті. Сонымен бірге республика бойынша орман көлемі 5%-ға жетсе, қорғалатын табиғи аумақтар көлемі бірден 10%-ға ұлғайған.

Сондай-ақ, аталған тұжырымдамаға сәйкес, ҚР көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы қабылданғаннан кейін, 2060 жылға дейін коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату көрсеткішін 2030 жылға қарай 40%-ға, ал ұзақ мерзімді перспективада-2050 жылға қарай 60%-ға дейін көбейту жоспарланып отыр. Бұл ретте экология министрлігі халықты қалдықтарды жинау және шығару қызметтерімен қамту 2040 жылға қарай ауылдық елді мекендерде орталықтандырылған жүйені ұйымдастыру есебінен 100%-ға жетуі тиіс деген болжам айтып отыр.

Бұл бағытта Үкімет, әсіресе, өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу саласына баса мән беріп отыр. Осылайша, кәсіпорындарда жетекші қолжетімді технологияларды енгізу арқылы, өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 2050 жылға қарай 60%-ға дейін жетеді деп жоспарланып отыр. Сондықтан жоғарыдағы тұжырымдамаға сәйкес, атмосфераға тасталатын қалдық шығарындыларын азайту, соның ішінде ЖЭО жаңғырту және газ отынына көшу, қорғалатын табиғи учаскелерді, өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін түрлерін қорғау, сондай-ақ орман алқабын кеңейту жұмыстары қолға алынатын болады.

Ел Үкіметі жасыл экономикаға көшудің негізі – баламалы энергия көздеріне көшу екенін жіті назарда ұстап отыр. Сол себепті, қазіргі республика бойынша 132 баламалы энергия көзінен алынатын қуат көлемін, 2027 жылға қарай 6720 МВт-қа жеткізетін жаңартылатын генерацияны іске қосу күтіліп отыр.

Құзырыретті министрліктер бұл ретте шағын және орта бизнес өкілдерін аталған шараға тарту жұмысын қолға алмақ. Осылайша, қабылданған шаралардың барлығы еліміздегі жасыл экономика көрсеткіші үлесін арттырып, республика, тұтас алғанда бүкіл аймақтың экологиялық ахуалының жақсаруына жол ашпақ.

 

Сарапшылар не дейді?

Дегенмен, сарапшылар Үкімет әлі де бірқатар ауқымды жұмыстарды қолға алуы тиіс, дейді мамандар. «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай бұл жөнінде былай дейді:

«Жасыл экономиканы дамыту Қазақстан үшін басым бағыттағы, ең алдыңғы қатарда тұрған мақсат. Бұл үлкен анализ, сараптаманы қажет ететін ауқымды жұмыс, негізгі бағыт. Мұндай стандарттарға тек экология министрлігі ғана емес, барлық министрліктер көшуі керек. Жасыл экономиканың негізі – шағын және орта кәсіпкерлік. Бізде бүгінде шағын және орта бизнестің көрсеткіші бар-жоғы 15 пайыз. Біз оны 80-90 пайызға дейін көбейтуіміз керек. Қазір жасылдар, «Байтақ» партиясының ең негізгі мақсаты осы. Сол себепті партияда шыған және орта кәсіпкерлікті қолдау, қорғау орталығы құрылып жатыр. Бізде не себепті жасыл экономика саласы дамымай жатыр деген сауалға келсек, бұған біріншіден мұнай лоббистері кінәлі. Сосын жемқорлық бар. Біздегі ең үлкен мәселе – жасыл экономиканы түсінетін адамдар аз. Бізде көкірегін эколог деп керетіндердің өзі жасыл экономиканы көбісі түсіне бермейді. Жасыл экономика деген ол өмір ғой? Ол денсаулық сақтау, білім алу, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы т.т. Ол үлкен стандарт, сол стандартқа көшу – біздің басты міндет. Дамыту тетіктеріне келер болсақ, ол жаңа айтып өткенімдей, кәсіпкерлікті дамыту, қоршаған ортаны қорғау стандарттарын қабылдау, салауатты өмір салтын қалыптастырып, оны халықтың өмір сүруінің қалыпты жағдайы ете білуіміз керек. Үлкен кәсіпкерлер мен мекемелерге фильтр жүйесін енгізу керек. Бізде қазір Кеңес Одағынан қалған зауыттар, солардың бәрін жаңа стандарттарға сай ете білуіміз керек. Мұның бәрі ауқымды жұмыс, үлкен қаражатты қажет етеді»,-дейді «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай.

«Жасыл экономика» тақырыбы ауқымы кең, әлі де тыңғылықты зерттеу мен ірі қаржыландыру талап ететін сала болғанымен, қазірдің өзінде бұл бағытта біршама жетістіктер бары көңіл қуантады. Сол себепті алдағы уақытта еліміз баламалы қуат көздерін көбейтіп, елдегі келелі экологиялық мәселелерді біржола шешеді дегенге кәміл сенеміз.