Жарияланды: 440

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер үшін жарғылық қордың ең төменгі мөлшері қайта қаралуы тиіс

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер үшін жарғылық қордың ең төменгі мөлшері қайта қаралуы тиіс. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық

Палатаның отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізу мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында Палата төрағасының орынбасары Мақсұт Нәрікбаев осылай мәлім етті. «Әрине, заңды тұлғаны түрмеге жаба алмайтынымыз анық. Бұнда әңгіме басқада. Әдетте фирмалар, трансұлттық компаниялар қандай да бір заңсыздыққа қатысты бір қызметкерін немесе тіпті директорын түрмеге қаматумен істі тындырады, ал фирманың шеккізген миллиардтаған шығындарының орны ортайып, сол қалпында қалып жатады. Сондықтан да, бұл бағытта компанияларға, яғни заңды тұлғаларға қарсы санкциялар, шығынды өтету үшін салынатын миллиардтаған айыппұлдар туралы мәселенің қамтылғаны орынды», - деді М. Нәрікбаев. Бұл ретте төраға орынбасары заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі институтын енгізе отырып, фирмалардың ең төменгі жарғылық капиталын арттыру мәселесін де заң жүзінде шешу керектігін алға тартады. «Бұл ең құрығында жапа шегушінің шығынын ішінара болса да өтеу үшін қажет. Осыған байланысты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер үшін жарғылық қордың ең төменгі мөлшерін қайта қарастыру керек деп білемін. Қылмыстық жолмен пұл тапқысы келетін тұлғалар оп-оңай жолмен, ешқандай активке ие болмай-ақ, жарғылық капиталы мизерлі сомамен фирма ашып, миллардтаған ақша айналымына қол жеткізуге мүмкіндік алады», - деді М. Нәрікбаев.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть