"Жауға бара жатқандай жылайды": Бүгінде ұзатылған қыздың сыңсу айтуы дұрыс па? - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-6 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Жауға бара жатқандай жылайды": Бүгінде ұзатылған қыздың сыңсу айтуы дұрыс па?

"Жауға бара жатқандай жылайды": Бүгінде ұзатылған қыздың сыңсу айтуы дұрыс па?

Белгілі журналист сыңсуды жоқтаудай айтып, жылаған қыздарды сынға алып, дәстүрге байланысты өз пікірін білдірді.

  • 29 Тамыз
  • 36
Фото: ашық дереккөз

Бүгінде ұзатылған қыздың сыңсу айтуы заманға сай емес, дейді журналист Гүлмира Әбіқай. Бұл туралы халықтың пікірі екіге бөлінді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Қазақ қыздары не үшін сыңсып жылады десеңіз еркінен тыс байға, шалға, малға қосылғаны үшін шерін тарқатты. Ал, қазір қыздарымыз еркін, өз таңдауы өзінде.

«Қанша жерден дәстүр десек те, меніңше тым ерсі. Өз басым ақ жол үстіндегі қызды жылатқанша шөлпілдетіп сүйіп, құшып, қысып жібермей, ақылын айтып тұрғандарға да қарсымын. Ата-анасы маңдайынан иіскеп ақ батасын берді ма болды, бойжеткен артына қарамай зыту керек», — деп жазды журналист.

Оқырмандар арасында сыңсу айтып ұзатылу дұрыс дегендер де табылды.

«Кезінде қыздың бәрі малға сатылды, теңіне барған жоқ деуде үстірт түсінік. Бұл ата-бабадан келе жатқан дәстүр ғой, қыз жақсы жерге өз еркімен барса да, өз еркімен бармаса да бәрібір жатжұрттық. Өз ұясынан ұшқанда жылайды. Дұрыс. Мен қызды ұзату тойы бітер бітпестен, түн ішінде алып кетуге қарсымын. Қазақ қызды тойдан кейін бір-екі күн аялдап, сәтті күннің бірінде күндіз шығаратын болған».

«Дәстүрі қазақтың , балалығымен, ел -жұрт, ата -анасы мен бауырлары, туған үйімен қоштасу, туған жерімен. Олай ат -усті «заманаули» етіп жазудың қажеті жоқ сияқты. Шалға кеткендер ғана айтқан деген өте жаңсақ пікір, керісінше оларды бұлай ұзата алмаған. Еркінен тыс алып кеткен».

«Қазіргі заманда керек емес-ау?! Әркім өз қалауымен шығады ғой тұрмысқа. Әрине,қыз берген оңай емес, жүрегің езіліп-ақ тұрады. Тастай батып, судай сің деп жатады ғой», — деп жазды желі қолданушылары.

Сыңсу — бұл қазақтың ұзатылар алдындағы ел-жұртымен, ағайын-туыс, құрбы-құрдастарымен, туып-өскен жерімен қоштасуы ретінде айтылатын үрдіс. Бұл үрдісті, әсіресе бұрынғы заманда «судай сіңіп, тастай бат» деген қағидамен және «қайтып келген қыз жаман» деген түсінікпен, «енді қашан келемін, енді қашан көремін» деген қыздың еліне деген, ата-анасына деген сағынышын күннен бұрын білдіру.

Сыңсуды ұзатылатын кыздың сіңлілерімен не жеңгелерімен үй-үйді аралай жүріп белгілі әуенмен айтатын болған. Сыңсудың өлеңін ақындар немесе қыздардың өздері шығарған.

Ұзатылып бара жатқан қыз сыңсу арқылы жұртқа өзінің мұңын, қайғы-қасіретін жеткізген. Сыңсудың өлеңі құрылысына қарай 7, 8, 11 буынды болып келген.

Сондай-ақ, сыңсуды қимастықтан туындаған қыздың сол сәттегі эмоционалдық жан-күйінің көрінісі десек те қате емес. Осындай көңіл-күйден сыңсу өлеңдері туған.

Халқымызда тұрмыс-салт жырларының ең көп тарағандарының бірі – сыңсу. Ұзатылған қыз өз босағасынан аттанар алдында ағайын-туғандарын аралап, «сыңсу» айтып қоштасады. Бұл сәтте оның жанында жеңгелері жүреді. Ол өзінің балалық дәуренінің, оң жақта бұлғақтап өскен бақытты күндерінің өткендігін, аяулы ата-анасының, туысқандарының өзін мәпелеп өсірудегі еңбегін өлеңмен айта жүріп өксиді.
Базардан келген құйысқан,
Тарамай шашым ұйысқан.
Келіп кетіп жүріңдер-ай,
Сағындырмай туысқан, – деп өзінің өтінішін де айтады.

Қыздың сыңсуы жарасымды әрі тәрбиелік мәні бар салтанатты салт. Бұл адамгершілік, әдептілік жағынан алғанда да өте орынды дәстүр. Өйткені балалық күндерден ағайын ортасынан бөлініп кету оңай іс емес.

Алайда қазір сыңсу айту заманға сай өзгерді. Әркімнің өз еркіндегі іске айналды. Көп жағдайда сыңсу айту талап етілмейді. Әрине, онсыз да қыздың көңілі босап, көзіне жас алатыны айтпаса да белгілі. Ол жағдайда жар-жар немесе сондай өлеңдердің сүйемелдеуімен ұзатылса, оның еш ағат тұсы жоқ дейді журналист Абдусамат Қасым.

Алайда жоқтау айтқандай, немесе жау шапқандай жылау қаншалықты дұрыс?