Жазира Жаппарқұл: "Өзім сияқты ұл-қыздарға қолдау көрсетіп, тәрбиелеймін" - kaz.caravan.kz
  • $ 441.58
  • 480
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
17 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жазира Жаппарқұл: "Өзім сияқты ұл-қыздарға қолдау көрсетіп, тәрбиелеймін"

Жазира Жаппарқұл: "Өзім сияқты ұл-қыздарға қолдау көрсетіп, тәрбиелеймін"

Жазира Жаппарқұл 2016 жылы бүкіл қазақстандықтарға қуаныш сыйлап, Рио Олимпиадасында ауыр атлетикадан жүлдегер атанды. Зіл темір көтеруден жеңімпаз атаған тұңғыш қазақ қызы ел қоржынын күміс медальмен толықтырған болатын.

  • 19 Наурыз 2021
  • 164
Фото - Caravan.kz

Танымал спортшы қазіргі таңда қайда жүр және немен айналысуда? 

Бұл туралы спортшы Caravan.kz порталының тілшісіне айтып берді.

— Жазира, қазіргі таңда қайда және немен айналысып жүрсіз?!

— Қазіргі таңда мен ауыр атлетика және басқа да спорт түрлерінен өзімнің жеке үйірмелерімді ашып жатырмын. Әрі өзім де жаттығып жатырмын. Бұйыртса үлкен спорт залын ашсам ба деген арманым бар. Сол арманға жету үшін тоқтамай, талмай шаршамай еңбек етіп, әрекет жасап жатырмын. Жалпы спорттан басқа өзімнің жеке бизнесім бар. Олар жүріп жатыр, шүкір. Бірақ көбінесе спортқа көңіл бөлемін.

— Жалпы сізді спорт әлеміне алғаш алып келген кім?!

Мені алғаш спорт әлеміне өзімнің ұстазым Құрман Дүйсебеков алып келген. Мен ол кезде сегіз жаста болатынмын. 372 жалпы орта мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін әрі ауыр атлетиканың бапкері болатын. Сол уақыттарда ол кісі мені сырттай бақылаған екен. Мен бос уақыттарымда футбол ойнаймын, жүгіремін солардың бәрін ағайым бақылаған екен. Менің жүгіргендегі жылдағымды көрген, кейіннен маған келіп айтты ауыр атлетика спорт түрі бар соған келсең болады деп. Мен барып көрдім, темір көтердім маған қатты ұнады.

— Қыз баласы үшін ауыр атлетика қиын жол, бұған қазір өкінбейсіз бе?!

— Иә, өте ауыр, тіпті қиын. Барып темір көтеру әрине қиын. Екінің бірі келіп зіл темірді көтеріп кете салатын нәрсе емес. Қазіргі таңда Шымкентте ауыр атлетикадан қыздар бар бірақ санаулы ғана. Мен енді келген кезде қаншама қыздар болатын. Олар енді қазір үлкейді ғой әрине. Барлығы басқа жаққа, басқа қызметке кетіп қалған. Біздің салада жұмыс жасамайды. Қазіргі қыздардың көпшілігі жаңадан бастап жатқандар. Жалпы менің ата-анам ауыр атлетикаға келуіме қарсы болған. Боксқа бар, күреске бар басқа спорт түрлері көп деп. Мен өзім ер мінезді болғандықтан осы спорт қатты ұнады. Техникасы, қалай көтерілуі темірдің бәрі ұнаған соң осы спортта қалдым. Басқа спортқа барып көрген жоқпын.

— Өзіңіз сияқты ауыр атлетикаға қызығатын қыз баласына қандай ақыл айтар едіңіз?!

— Шынымды айтсам мен өзім сияқты ұл-қыздардың өскенін қалаймын. Құдай қаласа өседі. Сондай ұл-қыздар өсуіне, еліміздің байрағын әлемге көтеретін жастардың шығуына өзімде барынша тырысамын. Оларға айтар ақылым егер расымен осы спорт түрі ұнаса, алған бетінен қайтпасын. Еңбек етсін. Өзі үшін емес елі үшін елімізді абыройын асқақтатуға бар күш-жігерін арнасын дегім келеді. Біздің елге деген борышымыз бұл. Соны ұмытпасын деймін.

— Жалпы ауыр атлетикаға қанша жастан бастап дайындалған дұрыс деп ойлайсыз?!

— Негізі балаға сол 7-8 жастан келген дұрыс. Балаға келе салып ауыр зіл темірді көтерте салмайсың. Оны бір жыл дайындайсың. Басқа жаттығулар жасатасың, ол алдын ала үлкен дайындықты талап етеді. Оны қызықтырасың, сонда баланың одан сайын қызығушылығы артады. Баланың белін, аяғын, қолын,мойынын дайындап алу керек болады. Техника қоясың. Оның өзіне жоқ дегенде бір, екі жыл кетеді. Келе салып ауыр темірді көтеріп кетем деп ойлау қателік. Кейбір балала бар шыдай алмай тастап кетеді, енді кейбірі қызығып бір күн дайындықты тастамайды. Мен өзім бірде-бір күнді жібермей келетінмін. Техниканы да бірден үйреніп кеткенмін. Маған былай жаса,б ылай жаса деген сөздер ешкім айтпаған. Өзім қызыққандығымның арқасында іліп алып кеттім.

— Болашақта өзіңіздің жеке спорт мектебіңіз болуы мүмкін бе?!

— Иә,жаңа айтып өткенімдей бұл басты армандарымның бірі. Және соған қадам жасап бастап кеттім, қазірше үйірме бола берсін біраз уақыттан соң бұйыртса үлкен спорт мектебіне айналады. Қазір бір ауданнан үйірме ашсам ол жерге жүз бала келеді, одан іріктеліп он бала қалады. Келесі қалада немесе келесі ауданда тағы жүз бала келсе оның бесеуі қалады деген сияқты балалар арасынан икемі барларды іріктеп алуым керек болады. Бір жерге тұрақталып алып балаларын алып кел деп отыра берсем ол дұрыс емес. Қазір қарапайым халықтың жағдайы мәз емес. Күнде алып барып алып келуге кейбірінің жағдайы жетпейді. Мен елім үшін қызмет жасаған соң, әр ауданға өзім барып әкімдермен келісіп, мектептерге үйірме ашып солай іріктеп аламын деп шештім. Балалар өз мектептерінің жолын біледі бейтаныс жер емес, жол ережесінде біледі. Олар әлі кішкентай, сол себепті балалардың игілі үшін жасалып жатқан жұмыс. Болашақта осы балаларды үлкен спорт кешеніне көшіремін. Бұйыртса ол арманыма да қол жеткіземін.

— Сізді әлеуметтік желіден таба алмадым?! Қызықпайсыз ба әлде уақытыңыз жоқ па?!

— Мен әлеуметтік желіге аса қызыға бермеймін. Праймериз кезінде мен жеке Фэйзбуктан парақшамды аштым, сонда суреттер жүктедім. Уақытымды босқа интернетте отырып кетіргім келмейді. Бос уақытым бола қалса бір мезгіл спорт залға барып жаттығу жасаймын, болмаса өзімнен кейін өсіп келе жатқан іні-сіңлілерім бар соларды дайындаймын, спортқа баулимын. Қалай жетістікке жеткенімді айтып беремін. Солай уақыт өткізген дұрыс деп ойлаймын. Бос біреудің өмірін талқылап уақыт кетіргенше.

— Болашақ жолдасыңызды қалай елестетесіз?! Қандай ер жігіттер ұнайды?!

— Болашақ жарымды өзім сияқты қарапайым, ақ көңіл, елге қызмет жасайтын азамат ретінде елестетемін. Елін сүйетін, ішпейтін, шекпейтін, иманды азамат болғанын қалаймын. Ең бастысы он екі мүшесі сау, денсаулығы мықты болсын, қалғаны жаймен бола береді.

Соңғы жаңалықтар