Жарияланды: 710

Жазықсыз жаланың құрбаны – Көбжан Бержанов

Cталиндік репрессия қазақ даласына қасірет пен ажалдың уын аямай төккені белгілі.

Сол қасіретті жылдары жазықсыз жаланың, қуғын-сүргіннің құрбаны болғанның бірі - Көбжан Бержанов. Ол осыдан 110 жыл бұрын Бөрлі ауданында дүниеге келді. 31 жасында Ақтөбе облысы Қоб­да ауданы, кейін Алға ауданы атқару комитетінің төрағасы болды. Осы қызметте жүргенінде «халық жауы» атанып, 15 жылға сотталып, артынан ату жазасына кесілген. Көбжан Бержанов туралы нақты дерек аз. Сол олқылықтың орнын толтырмақ болып оның немересі Баян Рысқалиқызы 1990 жылдары КСРО Ішкі істер министрлігіне, Бас прокуратурасына, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне сұрау салған. Сөйтіп, атасының жеке ісімен танысып, өлер алдында түскен жалғыз суретін тауыпты. Кейін тағы бір немересі Лия Бержанова осы істі қайта көтеріп, кезінде Орал НКВД-сының берген анықтамасынан арғы аталары жөнінде қосымша тарихи мағлұматтар алған. Қолға тиген құжаттардың барлығы көшіріліп, көбейтіліп, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану, Бөрлі, Қобда, Алға аудандық мұражайларына тапсырылды. Бұл құжаттардың ішіндегі ең құнды дүние - Көбжанның баласы Рысқали Бержановтың жазған естелігі. Рысқали Көбжанұлының жазуынша, пар­тияның нұсқауымен олар Орал облысынан көшкенде Рысқали сегіз жастағы бала екен. -1931 жылдың қысы еді, - деп жазады ол. - Бөрлі ауданындағы Қошқар деп аталатын, 30-40 үйден тұратын шағын ауылдан екі ат шанаға азды-көпті мүлкімізді тиеп алып, әкем, өгей шешем Ағзада, әжем, мен және қарындасым Сағира Ақтөбеге қарай бағыт ұстадық. Келесі күні кешке Қобдаға жеттік. Шағын ғана ауыл, жағалай қазақы жер үй. Бізге екі бөлмелі жер үй дайындап қойыпты. Бізбен бірге әкемнің інілері Жақсығали мен Темірғали да көшіп келеді. Кейін әкей айдалып кеткенде олар бізге бас-көз болды. 1934 жылдың бір күнінде, қай ай екені есімде жоқ, аупартком, ауаткомның қызметкерлері біздің үйде толып кетті. «Совнарком келеді, совнарком» дегенді ғана естимін. Сұрастырсам, бұл «халық комиссарлары кеңесі» деген сөз екен. Келетін адам - сол кеңестің төрағасы Ораз Исаев. Келесі күні қара түсті 4-5 жеңіл көлік біздің үйдің қасына келіп тоқтай қалып, ішінен бірнеше кісі түсті. Үйге алдымен жуан сары, мұртты кісі кірді. Исаев осы шығар деп жорамалдадым. Себебі «Исаев Ораз» деген жазуы бар портреттерді кеңселерден талай көрдім. Жорамалым дұрыс болып шықты. Сөйтіп Қазақстанның үлкен бастықтарының бірі Ораз Исаевты өзіміздің үйде көрдім. Келер жылы әкем Ключевой (қазіргі Алға) ауданы атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалып, біз Алғаға көштік». 1937 жылдың 29 қазаны күні Рысқали достарымен асық ойнап, кеш бата үйге келсе, күнде осы уақытта шалқасынан ашық тұратын сыртқы есік кілттеулі тұр. Есікті әрі-бері жұлқылайды, ашылмайды, іштен іліп алыпты, тарсылдатып қағады, ар жақтан ешқандай белгі байқалмайды. Сәлден соң терезеден қарадым. Әжем жылап отыр. «Есікті ашыңдар» деп, ишарат етіп едім, әжем «қазір ашады» дегендей қолын сермеді. Үйге кірсем, бөлмелер тас-талқан, дүние-мүлік шашылып жатыр. НКВД-ның екі адамы үй-ішін тінтіп жүр екен, ішім бір жамандықты сезді. Содан әлгі жігіттер үйдегі К.Маркстің, Ф.Энгельстің, В.Лениннің томдарын парақтап, ілулі тұрған суреттерді, портреттерді суырып алып, артындағы тақтайшасын ашып қарады. Төсек-орынды ақтарып, матрацтарды жыртты. Әкемнің қолын көтеріп тұрғызып қойып, қалталарын тінтіп, үсті-басын түгел тексеріп шықты. Соңында әкем жылап отырған бәріміздің беттерімізден сүйіп, «келем ғой» деген сөзімен жұбатып, екі жігіттің соңынан еріп кетті. Дәл осы оқиғаның алдында ғана әкей кешкі тамақтан кейін газет қарап отырып «Маршал Тухачевский, Блюхер, Егоровты «халық жауы» деп тұтқынға алыпты. Қазақстаннан да халық жаулары шығып жатқан көрінеді, соларға не жетпейді?» деген. Сонда өзі де жазықсыз жаланың құрбаны болатынын сезіп отырған екен ғой, - деп жазады Рысқали Бержанов. Көбжан Бержанұлына тағылған кінә қандай? Енді соған тоқталайық. Оны тұтқындар алдында, 1935 жылы НКВД-ның Бөрлі аудандық бөлімінің уәкілі Дәулетов Ақтөбе және Орал қалаларындағы басшыларына былай деп анықтама берген: «Азамат Бержанов Көбжан Тама руының Назар бөліміне қарасты Қалбек бөлімшесінен. Атасы Сарттың үш баласы болған - Бержан, Хазимжан және Бегали Сартовтар, үшеуі де дәулетті. К.Бержановтың әкесі Сартов Бержанның 1920 жылы 100 бас ірі қарасы мен 500 қойы, 4-5 батрағы болған. Сол жылы аудандық сауда комитетінің қызметкерлері анықтағандай, салық үшін берілетін 100 қап ұнды көміп тастаған. Сол уақытта Бержанов Көбжан Орынбор қаласында педагог оқуына оқыған, әкесінің көмегімен 1921 жылы оқуын бітірген. Кейін болыстық іс жүргізуші болған, қызмет баспалдағымен өскен. Әкесі Сартов Бержан 1927-1928 жылдары қайтыс болған, әкесі өлген соң, ол ұжымдастыруға дейін малдың барлығын таратып жіберген. Бержанов Көбжанның өзі Алманов Балтөре деген ірі байдың қызын алған, ол бай 1931 жылы 5 жылға айдалып кеткен, ал Бержанов Алманов Балтөремен ол қайтыс болған 1933 жылға дейін хат алысып отырған. 1927 жылы Бержанов Көбжан әкесі өлгенде хазірет Шибентаевқа әкесінің садақасын өткізу үшін жылқы берген. Бержановтың әкесінің атында «Бержан қажы» деп аталатын ауыл бар, Бержан Сартов бірнеше рет Меккеге барып қайтқан». Содан Көбжан Бержанов он бес жылға сотталып, Магадан облысындағы Солтүстік-Шығыс еңбекпен түзеу лагеріне (Севвостлаг) жіберілді. Ол содан оралған жоқ. Түрмеден келген қағазда жазылғандай, 1943 жылдың 2 желтоқсан­да қайтыс болып, тұтқындардың жалпы зиратында жерленген. «Халық жауының ұрпақтары» деген қара таңба Бержанов әулетінің тыныш­тығын бұзды. Отағасы тұтқындалғаннан кейін жанұясы пәтерден шығарылып, ба­лалары оқудан аластатылды. Неме­ре­-жиендері атасының атын атауға қорықты. Әділеттілік 1964 жылы ғана орнады. Дәл осы жылы КСРО Жоғарғы сотының әскери алқасы Көбжан Бержановтың ісін қайта қарап, оны толықтай ақтапты.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть