Жедел жәрдем қызметінің жұмысына ата-ана мен науқасты кінәлауды қойыңдар – Б.Сапарбаев - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
0 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жедел жәрдем қызметінің жұмысына ата-ана мен науқасты кінәлауды қойыңдар – Б.Сапарбаев

Жедел жәрдем қызметінің жұмысына ата-ана мен науқасты кінәлауды қойыңдар – Б.Сапарбаев

Ақтөбедегі соңғы үлгідегі заманауи технологиялармен жабдықталған жедел жәрдем бекетінің қызметіне халықтың да, биліктің де көңілі толмайды.

  • 21 Қараша 2018
  • 17
Фото - Caravan.kz

Мамандары жоғары жалақы алады. Жедел жәрдем көлігі де заман талабына сай. Алайда, жедел жәрдем қызметінің жұмысына сын көп. Шағым да аз емес. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев облыс орталығындағы барлық емдеу мекемелерінің басшыларымен кездесті.

Мемлекеттен қолдау көп болғанымен, нәтиже жоқ. Былтыр айтылған ескертулер сол күйі қалған. Ақтөбе облысының орталығындағы жедел жәрдем қызметіне, дәрігерлердің атына халықтан түсетін арыз-шағым көп. Бекеттегі дәрігерлер мен медбикелердің мәдениеті мен деңгейі сын көтермейді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жедел жәрдем бекетінде сала мамандары, ауруханалардың бас дәрігерлерімен кездесті.

«Мемлекеттің көмегі зор. Жалақы жөнінен еш мәселе жоқ. Көбейіп жатыр. Бір сөзбен айтқанда толық жағдай жасалған. Жақсы маман жұмыс нәтижесіне қарайды. Жасалған жағдайды пайдаланып, халыққа жақсы қызмет көрсету керек. Халық өкпелі. Әлеуметтік желілердегі мәліметтерге сенсек, диспедчерлер 30-40 минут телефон көтермейді немесе үнемі желі бос емес. Жіберген көліктері де 30-40 минут шақыртуға кешігіп жетеді. Сәуірде мектептегі бала, қарашада үйдегі бала қайтыс болды. Негізгісі сіздің кемшіліктеріңізден», — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Аймақ басшысының тізіп берген кемшіліктерін Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев растады. Қарашадағы оқушы қыздың өлімінен кейін жедел жәрдем қызметінің басшысы жұмысынан босатылды.

«Кемшіліктер бар. Мойындаймыз. Жұмыстың дұрыс атқарылмай жатқандығын анықтау үшін тексерулер жүргіздік. Кемшіліктерді де анықтадық. Шешілмей жатқан мәселелер бар. Ал, жедел жәрдем бригадасының шақырту түскен жерге кеш жетуі көбінесе адами факторға байланысты. Қала үлкен. Саяжайларда мекенжайлар дұрыс көрсетілмеген», — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы бұдан былай диспетчерлердің жұмысын жеке бақылауына алады. Бұл – Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы. Аурухана мен емханадағылар жұмыстың дұрыс атқарылмағанына енді науқас немесе ата-ананы кінәлауды қою керек. Облыс әкімі мұны тек жедел жәрдем бекетінің қызметкерлеріне ғана емес, аурухана, емхана басшыларына да қатаң ескертті.


«Баласы аурып, кешірерсіздер, өлейін деп жатқан ата-ананың жағдайын неге түсінбейміз. Өзгені кінәлауды қою керек. Ойларынан алып тастау керек. Ертерек қабылдап, тезірек көлікті жіберу керек», — деді облыс әкімі.

Ақтөбедегі жедел жәрдем бекеті түрік компаниясына сенімгерлік басқаруға берілді. Жұмыс жақсарады деп уәде бергенімен, орындалмай отыр. Аймақ басшысы әркім өзіне алған міндетін дұрыс атқармаса, талаптың да өзгеше болатынын қатаң ескертті.

«Түрік компаниясы жедел жәрдем бекетін алған, «барлығын қатырамыз» деп уәде берді. Қатырып жатқан түгі жоқ. Міндеттер орындалмаса, басқаша талап қоямыз. Ғимарат әдемі болып, жақсы «Мерседес» мініп жүру маңызды емес, халыққа жақсы, сапалы қызмет көрсету маңыздысы. Ал, уақытында шақыртылған жерге бармайтын көліктер арба сияқты. Әңгіме көлікте емес маманда», — деді Бердібек Сапарбаев.

Қазір 69 көлік қызметте жүр. Дені — ескі. 34 жаңадан алынған. 36 бригада жұмыс жасайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Әскерұлының мәліметінше, шаһардағы әр 10 000 тұрғынға бір жедел жәрдем көлігі қажет. Яғни, әлі 20 көлік жетпейді.