”Жеке бапкер, кәсібилік және психолог”: Ұлттық құрама ойыншысы қазақ футболына не жетіспейтінін айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 504.49
  • 587.73
+2 °C
Алматы
2025 Жыл
8 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
”Жеке бапкер, кәсібилік және психолог”: Ұлттық құрама ойыншысы қазақ футболына не жетіспейтінін айтты

”Жеке бапкер, кәсібилік және психолог”: Ұлттық құрама ойыншысы қазақ футболына не жетіспейтінін айтты

Жартылай қорғаушы Дәурен Жұмат ұлттық құрамаға физикалық дайындықты қадағалайтын бапкерлер жетіспейтінін айтты.

  • 12 Қараша
  • 639
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол “Pluste Bol” YouTube арнасына берген сұхбатында журналистің “Еуропа футболшыларының физикалық мықтылығының сыры неде” деген сұрағына жауап берді.

”Қазақстанда физикалық тұрғыда жұмыс жасау енді дамып келе жатыр. Бұрындары басқа, үлкен салмақтарда жаттығулар болатын. Ия, үлкен салмақтар да керек. Бірақ, маусымның ортасында соның барлығын қадағалайтын бапкерлер жеткіліксіз. Негізі әр командада сондай бапкерлер болу керек. Шетелмен салыстырсақ, әр ойыншымен жеке жұмыс жасайды. Өзімнің ойым, қазақтарға кәсібилік, футболға толықтай берілу оның ішінде дұрыс тамақтану, дұрыс ұйқы, жаттығу дегендерге мән беру керек деп ойлаймын. Оның барлығы әсер етеді. Шетелге барып келген Ғалымжан, Артурдан сұрадық. “Оларда әрқайсысының диетологы, жеке бапкері болуы қалыпты жағдай” деп айтты. Олар сол мамандармен әр ойынға нақты жоспармен дайындалады.

Тағы бір үлкен мәселе — психолог. Ойындарға, жаттығуларға бастағы ойлар әсер етеді. Шетелдерде ол қарастырылған. Менің зерттеуім бойынша спорттық психологтар бізде де бар екен. Бірақ ол нәрсе бізге енді жетіп жатқаннан кейін көбі біле бермейді. Ал онымен жұмыс істеген сайын ойындарда, жарыстарда өзіңді жақсы көрсетуге үлкен мүмкіндік ашады. Спорттан бөлек салада да психологтармен жұмыс жасайтын адамдар өздерінің нәтижелерін айтып жатады ғой. Сол сияқты спортта да өте маңызды. Менің естуім бойынша, “Қайрат” командасында психолог болған. Басқа клубтардан естімеппін”, — дейді ол.

Дәурен Жұмат алдағы Бельгияға қарсы матчқа дайындық барысы туралы да пікір білдірді.

”Бельгияға қатысты теориялық жаттығулар алдағы уақытта да өтеді. Осы уақытқа дейін байқағанымыз, доп ұстау жағы мықты деңгейде. Жоғалта бермейді, асықпай бастайды да, қапталдар арқалы позициялық шабуылдарды жақсы жасайды. Бірінші ойында да Де Брёйненің мықты тұсын байқадық. Қанша уақыт шабуылдады, бірақ бірінші голды Де Брёйне салды. Ойыншылардың шеберлігі де мықты. Әр ойыншысының орындаушылық шеберлігі жоғары деңгейде”, — дейді ол.

Еске сала кетейік, Қазақстан мен Бельгия арасындағы матч 15 қараша күні Астанада өтеді. Бұған дейін, қыркүйекте Брюссельде өткен алдыңғы матчта бельгиялықтар 6:0 есебімен жеңіске жетіп, сол нәтижеден кейін Қазақстан құрамасының бас бапкері Әли Әлиев отставкаға кеткен еді.

Перейти к новостям спорта