Жарияланды: 510

Жеке тұлғалар үшін көлік рәсімдеудегі кедендік жеңілдік 30 маусымда аяқталады

2010 жылдың маусымынан басталған Қазақстан азаматтарына шеттен көлік әкелуге берілген жеңілдік 1-шілдеде аяқталады.

Оны қалалық кедендік бақылау департаменті бастығының орынбасары Бақыт Тынысбеков бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты. «Жеке тұлғалар үшін көлік рәсімдеудегі кедендік жеңілдік 30 маусымда аяқталады. 30 маусымнан кешіккендер 1-шілдеден бастап көліктерін Кеден одағынаның бірыңғай кедендік мөлшерлемесі бойынша рәсімдейтін болады. Құжатты рәсімдеуде көліктің шекарадан өткен күні емес, оны кеден бекетіне рәсімдеуге тапсырған күн ғана есептеледі», - дейді Бақыт Тынысбеков. Жалпы 2010 жылы Алматы қалалық кедендік бақылау департаментінде 21 458 көлік кедендік рәсімдеуден өткен. Биыл 5 айдың өзінде бұл сан 23 337-ге дейін жеткен. Оның айтуынша, көліктері шет елде түрлі себептермен бөгеліп қалған азаматтарға 1-шілдеден кейін ешқандай жеңілдік берілмейді. 2010 жылы 1-шілдедегі №682 Үкімет қаулысы бойынша жеке тұлғалар үшін жеңіл көлік әкелуде 3-10 жыл аралығында шыққан көлік двигателінің көлеміне қарай 1 текше см. үшін кедендік алым мен салықтың жеңілдетілген мөлшерлемесі 0,35-тен 0,6 еуро көлемінде белгіленген еді. Шілде айынан бастап шыққанына 5 жылдан асқан двигателі 1800-ден 3000 текше см. дейінгі көліктердің кедендік алымының мөлшерлемесіне әр текше үшін 4 еуро және оған 12 пайыздық қосымша құн салығы қосылмақ. Мәселен, 2007 жылы шыққан двигателінің көлемі 1800 текше см. болатын Тойота короллла көлігінің жалпы төлемі қазір 15 200 теңге болса, 1- шілдеден кейін ол 1 091 597 теңгені құрамақ. Кеден бекетінде құжаты болса ешкім ешқандай көлікті тоқтатуға құқы жоқ. Ондағы барлық материал автоматты түрде Алматы мен Астанадағы Жедел басқару орталығына түсіп отырады. Оны қалалық кедендік бақылау департаменті басшылары бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты. «Егер көліктер түрлі себеппен өзге мемлекеттерде бөгелетін болса, біз оған ықпал ете алмаймыз. Біздің кінәмізден ел аумағында ешқандай көлік бөгеліп жатқан жоқ. Оперативтік басқару орталығында шекарадағы барлық материал бейне камералар арқылы бақыланады», - дейді Алматы қалалық кедендік бақылау департаменті бастығының орынбасары Бақыт Тынысбеков. Кедендік бақылауды ұйымдастыру басқармасының бастығы Жанат Танабаев - «Өткен аптада Парламент Мәжілісінің депутаттары мен журналистер Қорғас пен Қалжат кеден бекеттерінде болып қайтты. Олар Қазақстан аумағында ешқандай көлік бөгелісі жоқ екенін өз көздерімен көрді. Ал қоймада уақытша сақтауда тұрған бұған дейін қаржы полициясы органдары ұстаған көліктер», - деді. Оның айтуынша, жеке тұлғаларға көлік әкелуге берілген жеңілдік 1-шілдеде аяқталады. Одан кейін олар көлікті Кеден одағының Бірыңғай кедендік мөлшерлемесі бойынша рәсімдейтін болады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін