Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы primeminister.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Премьер-министр Олжас Бектенов қаржы министрі Мәди Такиевтің жекеменшік мектептер мен агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру аудитінің алдын ала қорытындылары туралы баяндамасын тыңдады.
Қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, жекеменшік мектептер саны 2020 жылғы 203-тен 2025 жылы 878-ге дейін артқан, ал оқушылар саны бес жыл ішінде алты есеге, яғни 53 мыңнан 322 мың балаға дейін өскен. Сондай-ақ аталған бағыт бойынша бюджет шығыстарының көлемі 2020 жылғы деңгейден (13,3 млрд теңге) 20 есе асып, 248 млрд теңгені құрады.
2025 жылдың соңына дейін жекеменшік мектептерді қаржыландыру жүйесі бытыраңқы әрі бақылаусыз болғаны, бұл деректердің бұрмалануына және бюджет қаражатын теріс пайдалануға жағдай туғызғаны атап өтілді. Осыған байланысты өткен жылдың соңынан бері қаржыландыру барлық кезеңнің ашықтығы мен автоматтандырылуын қамтамасыз ететін Оrta-bilim.e-qazyna цифрлық платформасына ауыстырылды, бұл қазіргі кезеңде жаңа тәсілдің тиімділігін растады әрі қаражатты жосықсыз пайдалану тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Қаржы министрлігі жекеменшік мектептерді қаржыландыруға жүргізген аудит барысында бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Олардың ішінде:
- мектептер арасында бірнеше рет ауыстыру және тіркелу арқылы оқушылар санын көбейту;
- ғимараттардың нақты сыйымдылығын есепке алмай оқушы орындарының санын негізсіз асыра бағалау (нормативтік сыйымдылықтан 3 есе асып кету);
- бюджеттік қаржыландыру алу және сол арқылы салық төлемдерін азайту үшін салық есептілігінде кірісті кем көрсету арқылы еселенген пайда алу;
- күрделі жөндеудің орнына ағымдағы және косметикалық жөндеу жүргізу (жобалау және сметалық құжаттамасы болмаған жағдайда) анықталды.
Қаржы министрі заңбұзушылықтардың көптеген фактілерін келтірді.
Аудит барысында анықталған деректер жекеменшік мектептердің едәуір бөлігі мемлекеттік қаржыландыруға қатысуды білім берудің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету тетігі ретінде емес, бюджет есебінен пайда табу құралы ретінде қарастырғанын көрсетеді. Мұндағы заң бұзушылықтар мемлекеттік органдардағы лауазымды тұлғалардың қадағаламауынан немесе тікелей қатысуымен орын алып отыр.
Қаржы министрлігінде аудиторлық іс-шаралар әлі де жалғасуда және олардың қорытындысы бойынша жекеменшік мектептерді қаржыландыру тетігін жетілдіру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар дайындалады.
***
Агроөнеркәсіп кешенін 2023-2024 жылдардағы қаржыландыруға жүргізілген аудит нәтижелеріне сәйкес, анықталған заңбұзушылықтардың жалпы көлемі шамамен 300 млрд теңгені құрады, оның ішінде бюджеттің тікелей шығындары – 32 млрд теңге. Тек 2 жылдың ішінде АӨК-ті мемлекеттік қолдау шараларына шамамен 1,2 трлн теңге бөлінген.
Қаржы министрі Мәди Такиев қомақты қаражаттың күтілетін экономикалық нәтиже мен халыққа пайда әкелмей игеріліп жатқанын атап өтті.
Жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша бірқатар заң бұзушылық анықталды. Мәселен, шаруаларды субсидиялауда 5,5 млрд теңге сомасына көлеңкелі схемалар белгілі болды. Атап айтқанда, 11 өңірде субсидия алушылар арасында 808,1 млн теңгеге бір ірі қара малды жалған сату жағдайлары тіркелді.
Сонымен қатар Қаржы министрі Мәди Такиев субсидиялар беру кезінде анықталған бірқатар нақты заң бұзушылықты айтты. Бюджеттік кредиттер шеңберінде жүзеге асырылатын АӨК-тің инвестициялық жобалары бойынша 13,3 млрд теңге сомасына заң бұзушылықтар анықталды. Мал мен жабдық мүлдем жеткізілмеген немесе аз мөлшерде жеткізілген фактілері белгілі болды; жеке құрылыс жұмыстары төленген, бірақ іс жүзінде орындалмаған.
Сондай-ақ мерзімі өткен берешегі бар және қолданыстағы тыйым салулары болған соңғы қарыз алушыларға микронесие беру кезінде өрескел бұзушылықтар анықталды. Мәди Такиевтің мәлімдеуінше, жалпы берешегі 45,8 млн теңгені құрайтын 25 қарыз алушыға 177,7 млн теңге көлемінде несие берілген.
Дала және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру бағдарламаларын жүзеге асыру жыл сайын 140 млрд теңге көлемін және 3,2 мың қарыз алушыны қамтығанына қарамастан, жүйелі тиімсіздікке әкелгені атап өтілді. Ағымдағы ауыл шаруашылығы жұмыстарын қаржыландыру үшін құрылған «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ фермерлердің шығындарын 70%-ға дейін жабу жөніндегі мәлімделген көрсеткішті қамтамасыз ете алмай отыр. Қаражат көптеген қарыз алушылар арасында аз көлемде бөлінетіндіктен, жұмыстардың толық циклін орындауға мүмкіндік бермейді.
Анықталған заңбұзушылықтар мен бюджет қаражатының мақсатсыз пайдаланылуын ескере отырып, Премьер-министр АӨК-ті мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру мақсатында бірқатар тапсырма берді:
- Қаржы министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау арқылы бірыңғай цифрлық мониторинг енгізу;
- субсидиялау жүйелерін қағаз жүзіндегі көрсеткіштерге емес, нақты өндірілген өнім көлеміне бағдарлай отырып қайта қарау;
- мемлекеттік қолдау талаптары толық орындалғанға дейін субсидияланған малды сатуға жол бермейтін форматтық-логикалық бақылау тетігін қолдану;
- мемлекеттік кредиттерді пайдалану арқылы жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарына міндетті мемлекеттік сараптама жүргізу.
Нақты заңбұзушылық фактілері бойынша материалдар іс жүргізу шешімдерін қабылдау үшін құқық қорғау органдарына беріледі.






