Желге ұшқан миллиардтар: Алматының экологиялық символы болған «алтын велосипедтер» қайда кетті?  - kaz.caravan.kz
  • $ 517.66
  • 606.49
-1 °C
Алматы
2025 Жыл
20 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Желге ұшқан миллиардтар: Алматының экологиялық символы болған «алтын велосипедтер» қайда кетті? 

Желге ұшқан миллиардтар: Алматының экологиялық символы болған «алтын велосипедтер» қайда кетті? 

Кезінде халықтың игілігі үшін іске қосылған ауқымды жоба бүгінде ешкімге керексіз болып қалды. Қала ішінде жүруге арналған велосипедтер жоғалған, ал станциялар бос.

  • 3 Қараша
  • 528
Фото - Caravan.kz

Аталмыш жобаны іске асыру үшін жергілікті бюджеттен және квазимемлекеттік сектордан миллиардтаған теңге бөлінген болатын. Экологиялық таза транспорт қазір неге керексіз болып қалды? Халық не дейді? Caravan.kz медиа порталының тілшісі анықтап көрді. 

Фото: Caravan.kz

Үлкен үмітпен басталған жоба

Almaty Bike жобасы 2016 жылы салтанатты түрде іске қосылған еді. Ол кезде қала билігі бұл бастаманы Алматының көлік инфрақұрылымын жаңғыртудың бір бөлігі, яғни қоғамдық көліктің заманауи және экологиялық баламасы ретінде таныстырды.

Жобаға үлкен үміт артылған еді. Идея авторлары басты артықшылығын да көрсеткен. Велосипедтерді тәулік бойы және кез келген ауа райында қолдануға болатын. Бұл қызмет қала тұрғындарына жеңіл, қолжетімді және экологиялық таза көлік түрін ұсынуы тиіс еді.

Жобаны сол кездегі Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек таныстырған. Жылдық жазылым құны 10 мың теңге, ал үш айлық абонемент 6 мың теңге тұрды. Әр сапардың алғашқы 30 минуты тегін, студенттер мен зейнеткерлерге жеңілдіктер қарастырылған болатын. 

Фото: Informburo.kz

Сол кезде қала әкімі Almaty Bike жүйесін сынақтан өткізіп, велосипедпен жүрген. 

«Велосипедпен жүру өте пайдалы, адамның денсаулығына да жақсы әсер етеді. Қалаға адамдарды тартуға да жақсы», — деген еді Байбек.

Бастапқыда жүйе халықтың көңілінен шықты, қызығушылық та жоғары болды. Алайда уақыт өте келе велосипедтер көшелерден жоғала бастады, ал кейін олардың барлығы арнайы қоймаға әкетілгені белгілі болды.

Ресми деректерге сәйкес, Almaty Bike жобасын іске асыруға 1 миллиард 300 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Қаржыландыруды «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жүзеге асырған. Соңғысы аталмыш жобаға қосымша 657,5 миллион теңге бөлген.

Қаражаттың басым бөлігі велосипедтер мен станцияларға арналған жабдықтарды сатып алуға, сондай-ақ жүйені техникалық тұрғыда қамтамасыз етуге бағытталған. Мұндай қомақты инвестицияларға қарамастан, жобаның тағдыры ұзаққа созылмады. 

Алматылықтар тиімсіз деп санайды

Фото: Caravan.kz

Қазір көшелерде жұмыс істемей тұрған станциялар ғана қалған. Олар Almaty Bike жобасының үнсіз ескерткіші іспетті.

Қала тұрғындары мен сарапшылардың пікірінше, соңғы жылдары велосипедке деген сұраныс айтарлықтай төмендеген. Бұған электросамокаттар мен мопедтер сияқты жаңа және ыңғайлы көлік түрлерінің кеңінен таралуы әсер етіп отыр.

«Жоба алғаш іске қосылған кезде қызығушылық жоғары болатын. Бірақ қазір адамдар самокаттарды, электр көліктерін және басқа да көлік түрлерін таңдайды, велосипедтерге сұраныс жоқ», — дейді Алматы қаласының мобильділікті басқару бөлімінің басшысы Азамат Ешанқұл.

Қоғам белсенділері жобаны қайта іске қосу тиімсіз деп есептейді.

«Велосипедтердің қайда жоғалып кеткенін білмейміз, егер қоймада шаң басып босқа жатса, оларды мұқтаж жандарға таратып беру керек. Иә, олардың қосалқы бөлшектері қымбат болуы мүмкін, және жөндеу де оңай емес шығар, бірақ біздің халықтың қолынан бәрі келеді, олар бұл велосипедтерді жөндеп, қайта пайдалана алады», — дейді қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Думан Қапасов.

Біз қала тұрғындарының пікірін сұрап білдік. Олардың ойынша велосипедтерді заманауи талаптарға сай өзгертуге болады. 

«Оларды қолдану сол кездің өзінде ыңғайсыз болатын, мысалы діттеген жеріңе жеткен соң, қоятын жер таппай сандаласың, станцияларда орын қалмайтын. Төлем жүйесі де халыққа тиімсіз. Бір айлық абонемент кімге керек? Осындай жақтарын ойластырмаған. Қазір ешкім велосипед теппейді, самокаттар тиімдірек, минутына төлейді де, кез келген жерге тастап кете алады. Сондықтан оларды электровелосипедтерге ауыстырып, төлемін қолжетімде етсе, мүмкін бәсекелесе алатын шығар», — дейді қала тұрғыны Айжан Нұрмашева. 

Әкімдік түсініктеме берді

Әкімдік Almaty Bike жүйесінің қазіргі уақытта жұмыс істемей тұрғанын растады. Жобаны басқаратын оператор табылмай жатыр екен. 2024 жылдың басынан бері әкімдік велосипед жалдау жүйесін пайдалану және техникалық қызмет көрсету үшін жауапты мердігерді анықтау мақсатында үш рет мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялаған. Алғашқы екі конкурс қатысушылардың болмауына байланысты өтпей қалған. Үшінші конкурс барысында жеңімпаз анықталғанымен, жүйе сол күйі іске қосылмаған. Қазіргі таңда әкімдік жауапсыз жеткізушімен соттасып жатыр. Сот аяқталған соң жобаның болашағы мен тағдыры шешілетін болады. 

Осылайша қаланың таза экологиялық нышанына айналған жобадан қазір желге ұшқан миллиардтар мен шаң басып жатқан велосипедтер ғана қалды. 

Перейти к новостям спорта