Желідегі даудан кейін Мұхамеджан Тазабек мені кездесуге шақырып, ат-шапан жаппақ болды - Айгүл Орынбек - kaz.caravan.kz
  • $ 495.2
  • 522.34
+4 °C
Алматы
2024 Жыл
21 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Желідегі даудан кейін Мұхамеджан Тазабек мені кездесуге шақырып, ат-шапан жаппақ болды - Айгүл Орынбек

Желідегі даудан кейін Мұхамеджан Тазабек мені кездесуге шақырып, ат-шапан жаппақ болды - Айгүл Орынбек

Айгүл Орынбекті әлеуметтік желі қолданушыларына таныстыру артық болар. Ол ғаламторда батыл жазбаларын жазып, әділетсіздіккке, алаяқтыққа қарсы күресуімен танымал. Бір Фейсбуктің өзінде 18 мыңнан аса оқырманы бар.

  • 23 Қазан 2017
  • 14704
Фото - Caravan.kz

Нәзік жанды болса да, батыл қадамдар жасап жүрген қайсар қыз — Айгүл Орынбектен Caravan.kz медиа-порталының тілшісі сұхбат алған еді.  

— Қоғам ісіне қай кезден бастап белсене араластыңыз? Бұған о баста не түрткі болды?

— Қоғам ісіне араласа бастауыма оқытқан студенттерімнің кейбірінің керағар ағымдардың жетегіне еріп бара жатқаны түрткі болды. Олармен жеке сөйлесіп, жұмыс істеу керек болды. Сол себептен әлеуметтік желілерге тіркеліп, өз ұстанымымды білдіріп, жастарды жат ағымдардан сақтап қалу үшін қоғамдағы саяси-діни істерге белсене араласа бастадым.

— Әлеуметтік желідегі танымалдыққа қалай қол жеткіздіңіз?

— Халықтың әлеуметтік-саяси хал-ахуалын ашық, ащы шындықпен әлеуметтік желіде көтеріп жүрген соң танымалдыққа ие болған шығармын. Қазіргі таңда халық жалғандықтан, әдемі сөйлеп, өтірік уәде беріп, екіжүзділік танытып, жағымпаздану, орысша айтқанда «понт» сияқты іс-әрекеттерден шаршаған. Бұл 25 жыл ішінде кейбір азаматтардың мінез-құлқына айналған және халықты жалықтырған. Мен бұны танымалдық деп есептемеймін. Халықтың көзі ашылып, азаматтық қоғамның қалыптасып келе жатқандығы деп есептеймін.

Фейсбукте алаяқ деп айыпталған Сандуғаш Жұмабек бес жылға сотталды

— Сіз қолға алып, аяғына дейін жеткізген ең атышулы іс Фейсбукте Сандуғаш Жұмабек (Кентаева) деген атпен танылған әйелдің алаяқтығы үшін сотталуы болды. Бірақ бұл істе әлі де жұрт үшін түсініксіз жайттар бар. Сандуғашқа алданып қалғандардың ақшасы қайтарыла ма? Жалпы, сот ісі нақты қанша көлемдегі қаржыға қатысты болды?

— Мүмкін, сіз естімеген шығарсыз, әлеуметтік желіде 2015 жылы алаяқтық дерегі бойынша Асыл Талғатжан деген қыз (Жанар Мырзаханова) заңды түрде жазасын алды. Осы істі де мен соңына дейін жеткізген болатынмын. Бұл менің бірінші ісім емес. Өзім заңгер болғаннан кейін жеке парақшама келіп түсетін істер аз емес. Оның көбінің әлеуметтік желіде отыратын алаяқтарға қатысы бар. Сандуғаш Жұмабек соның бірі ғана. Жалпы, оның жасаған қылмыстары өте көп. Журналистік зерттеу жасап, заңды түрде құқық қорғау органдарына сауал жіберіп білгеніңіз дұрыс.

— Оңтүстік Қазақстанда зорланған қызға қатысты іс барысы не болып жатыр?

— Қылмыстық істі ОҚО ішкі істер департаменті өз бақылауына алды. Екі ауыр бап бойынша қылмыстық іс қозғалды (Адам ұрлау – 125-бап және зорлау – 120-баптың 3-бөлігі). Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Алдағы уқытта сот шешімін сіздерге хабарлаймын.

— Дәл қазір қандай іспен айналысып жүрсіз?

— Менде істер өте көп. Көбі – қылмыстық істер. Нақтылай айта кетсем, алаяқтық пен қыздардың зорлануы.

— Жалпы өзіңіз аяғына дейін жеткізген, сіздің араласуыңызбен әділ шешілген сот істері көп болды ма?

— Өмірдің өзі ақ пен қарадан тұрады емес пе? Жеңіс пен жеңіліс кез-келген адамның басында болады. Көптеген істерде әділдікке қол жеткізіп жаттым. Бірақ Текелі қаласындағы жалған айыппен қозғалған қылмыстық іс үш жасөспірімнің жағына қарай шешілмегені әлі жүрегімді ауыртады. Жемқорлықтың құрбанына айналған үш жасөспірімнің болашағы мені қатты алаңдатады. Әлі де Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми осы істі жіті бақылауға алып, әділ шешімін береді деген үміттемін.

— Мұндай сұрақ қойғаным үшін ренжімеңіз. Десе де мынаны білгім келеді: адвокаттық қызметіңіз үшін ақы алатын шығарсыз?

— Иә, аламын. Бірақ бәрінен емес…

Мұхамеджан Тазабек пен Айгүл Орынбек соттаса ма?

— Ал енді Мұхамеджан Тазабекпен араларыңызда сонша не болды? ФБ-да ашық жазбалар жарияладыңыздар, бірақ жеке сөйлестіңіздер ме?

— Бірінші қателік Мұхамеджан Тазабектің өзінің Фейсбуктегі парақшасында әйгілі сәләфит Абдулхалим Абдулкаримов жариялаған видеоны бөлісуінен болды. Дау осыдан басталды. Мұхамеджан Тазабек елімізге танымал азамат ретінде мұндай радикалдық бағыттағы адамның видеосы мен жазбасын бөлісуі – үлкен қателік және күмәнді іс-әрекет. Мұндай іс-әрекеттерді қарастыратын Қылмыстық кодекстің 174-бабы (бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып, сол сияқты әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты насихаттайтын әдебиетті немесе өзге де ақпарат жеткiзушілерді дайындау немесе тарату жолымен жасалса, екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады) бойынша біраз жастар жауапкершілікке тартылды. «Ауылдың қарапайым жастарына жүрген заң М.Тазабекке неге жүрмейді?» — деген жанайқайым үшін маған қарай өзімен қоса, шашбауын көтерушілері қоқаң-лоққы жасағанын әлеуметтік желілерде жазылған пікірлерден байқауға болады. Құқықтық жауапкершілікке тартылсын дегенім үшін мені айыптаудың еш қажеті жоқ. Заң бәрімізге ортақ. Мұхамеджан ағамен кездесу жайына келетін болсақ, ол кісі менімен кездесуге түрлі әрекеттер жасап, ортаға беделді азаматтарды салды. Оның ішінде министрлікте істейтін досым арқылы әлеуметтік желідегі даудан кейін менімен бетпе-бет жүздесуге шақырып, ат-шапан жапқысы келгенін жеткізді. Әрине, мен қарсылық білдірдім. Себебі, арабтың миллиардтаған қаржысын әкеліп құйса да, өзімнің ата-бабамыздан қалыптасқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып, мәдени-рухани құндылығын ат-шапанға айырбастамаймын.

— Жалпы Фейсбукте талайлармен сөз таластырдыңыз. Бұдан шаршаған жоқсыз ба?

— Пікір алмасуды сөз таластыру деп ойласаңыз, қателесесіз. Қоғамда болып жатқан түрлі әділетсіз жайттарға көз жұмып отыра беру керек пе? Халықтың ащы шындығын, әлеуметтік жағдайын үнемі көтеріп жүрген соң біраз жерлерде көрініп қалып жатқаным рас. Халықтың алғысы мен батасы мені шаршатпасын.