Желтоқсанға қатысты бейнетаспалар жойылудың алдында тұр - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-2 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Желтоқсанға қатысты бейнетаспалар жойылудың алдында тұр

Желтоқсанға қатысты бейнетаспалар жойылудың алдында тұр

Желтоқсанға қатысты бейнетаспалар жойылудың алдында тұр.

  • 24 Шiлде 2018
  • 133
Фото - Caravan.kz

Қазақ қоғамындағы айтылмай жүрген ақиқаттың бірі – Желтоқсан көтерілісі. Біз отыз жылдан бері сол қанды оқиғаға тиісті бағасын бере алдық па? Сол кезде алаңдағы жастарды жазалап, соттағандар қазір қайда? Олар неге халықтан кешірім сұрамайды? БАҚ бұл  көтеріліс туралы жан-жақты зерттеулер жасап, телеарналар неге желтоқсандықтармен сұхбаттар ұйымдастырмайды? Осы көтерілістің ақиқатын арқалаған жалғыз фильм – “Аллажар” неге халыққа жетпей отыр? Осы сұрақтарға жауап іздеп, бүгінгі күні денсаулығы сыр беріп, ауыр жағдайға душар болып отырған “Аллажар” фильмінің режиссеры Қалдыбай Әбеновпен сұхбатқа бардық, деп хабарлайды Abai.kz.

Ескі жатақханалардың бірінде тұрып жатқан режиссер есікті өзі ашты. Инфарк пен инсультты қатар алғандықтан, денсаулығы әбден сыр беріпті. Үйдің бір бұрышында “Аллажар” фильмінің пленкалары (бейнетаспалары) жиналып тұр.

— Бұл пленкалар әбден ескірді. Жойылудың алдында тұр. Оны қайта жасату үшін қаржы керек. Бірақ, қолымнан келгенше аман сақтап қалуға тырысамын. Өйткені бұл — тұтас ұлттың тарихы ғой, — деді.

Ал, жарыққа шықпай жатуының себебін сұрағанымда:

— Сол кезде жастарды жаны шыққанша қудалап, қолын қанға былғағандар бүгінгі билікте әлі отыр. Олар Желтоқсан шындығын айтқызбайды, өйткені, өздерінің қылмыстары ашылып қалады. Сондықтан да, бұл фильмге қазір де кедергі өте көп, — деді режиссер.

Иә, “Аллажар” шын мәнінде тағдырлы туынды. Себебі, сегіз жыл бойы түсіріліп, қанша қысым мен кедергіге ұшыраса да, халықтың шынайы махаббатына бөленді. Бұл фильмдегі бас кейіпкерлер Азат пен Ләззат – желтоқсандық жастардың жиынтық образы. Ал, фильмнің сонау түркі дүниесінен бастау алуы да тегін емес. Себебі, Күлтегін мен Тоныкөктің отты сөздері қазақтың рухын оятып, намысын қайрайтыны белгілі.

Ал, фильмнің атауы – азаттыққа, еркіндікке ұмтылған қазақ жастарына Алла жар болсын деген ізгі ниеттен туған болар…

Негізінен Желтоқсан көтерілісі туралы туындының әу бастағы “Қазақфильм” бекіткен нұсқасы мүлде бөлек болыпты. Онда, Сапар деген жігіттің араққа сылқия тойып алып, алаңға шығып, милиционерлермен қақтығысып, ақыры сол қылмысы үшін ауылына қашып барып тығылғаны баяндалады. Демек, жастарға тағылған маскүнем, нашақор деген сөздерді сол кейіпкер арқылы дәлелдеуге тырысқан. Бірақ, режиссер бұл сценариймен мүлде келіспейді.Сөйтіп, Мәскеуден Александр Лавшин деген драматургты шақырып, екеуі Желтоқсан көтерілісін зерттеуге кіріседі. Ол үшін Алматының жоғарғы оқу орындарын аралап, Желтоқсанға қатысқан қыз-жігіттерді тауып, сөйлеседі. Солардың айтуымен алаңда болған сұмдықты қаз-қалпында қағазға түсіреді. Ләззат Асанованың ауылына барып, анасымен кездеседі. Қайрат Рысқұлбеков отырған Семейдің түрмесіне барып, Қайратты өлтірген баскесер Власенкомен сұхбат жасайды. Жастарды апарып төккен Батыс мазарын зерттеп, деректер жинайды. Осылай табанды зерттеудің нәтижесінде Желтоқсан көтерілісі туралы  біраз ақиқатқа қанығады. Бірақ, режиссердің осы әрекеті үшін қысым мен қудалау көбейеді. Өйткені, ол кезде Г.Колбин әлі де билік басында еді. Репрессия  жалғасып жатқан сол тұста Желтоқсан тақырыбы туралы фильм түсіремек түгілі, айтудың өзі қорқынышты болды. Бірақ, режиссер сондай тәуекелге барды. Осы ерлігі үшін де бұл туынды халықтың шынайы алғысына бөленді.  Себебі, қазақ киносының тарихында —  халықтың киноны өздері сұрап  және көрсетілімі аншлагпен өтуі өте сирек кездеседі.

1996 жылы мамыр айында тұсаукесері болғаннан кейін “Аллажар” фильміне шет елдік БАҚ тың назары ауады. Би-би-си арнайы хабар әзірлеп, шет елдік бірнеше журналистер режиссерден сұхбаттар алады. Ал, 2000 жылы “Ғасырлар тоғысындағы – қазақ киносы” атты халықаралық киноконференцияда француз кино зерттеушісі Клоэ Дрие:


— Мен Парижде  қазақтың «Жаңа толқын» режиссерлары түсірген фильмдердің бәрін көріп шықтым. Және осы Алматыда да қазақ киноларымен түгел таныстым. Бірақ , маған ұнаған жалғыз фильм  –«Аллажар» фильмі. Неге екенін қайдам? Осы конференцияда «Аллажар» туралы ешкім ештеңе деген жоқ.

…Иә, маған ұнаған жалғыз фильм — «Аллажар». Фильмнің жанымды баурап алғаны сонша, 4 сағат 5 минуттың қалай өткенін білмей де қалдым.

Бұл – қазақ халқына, қазақ тарихына, Қазақстандағы демократиялық қозғалыстың дамуына көмектесетін, сіздерге, сіздердің келешек ұрпақтарыңызға өте қажет фильм, — деп жоғары бағасын береді.

ҚР Журналистер Одағы мен Уәлихан Қалижан бастаған “Егемен Қазақстан” газетінің ұжымы  “Аллажарды” мемлекеттік сыйлыққа ұсынады. Бірақ, ол ұсыныс кейбір зиялылардан қолдау таппағандықтан, сол күйінде қалып қояды…

Ал, фильмнің режиссері Қалдыбай Әбенов Желтоқсан көтерілісін болашаққа жеткізуден бөлек, жазықсыз жала жабылып, түрмеде отырған қыз-жігіттерді босатып алу үшін де аянбай күрескен тұлға. “Қазақфильмнің” 250-кабинеті Желтоқсандық қыз-жігіттердің бас қосатын алаңына айналады. Сол жерде “Желтоқсан” ұйымы құрылып, алғашқы аштық акцияларын ұйымдастырады. Нәтижесінде, бірнеше Желтоқсандық қыз-жігіттер сол ұйымның көмегімен бостандыққа шығады. Және, ол ұйым Заманбек Нұрқаділов, Олжас Сүлейменов т.б зиялылардан қолдау тауып, Желтоқсан көтерілісінің ақиқатын анықтауға көп септігін тигізеді.

Өкініштісі сол, Желтоқсан тарихына өлшеусіз үлес қосқан Қалдыбай Әбенов қазір қоғам назарынан тыс қалған. Таңға дейін аурумен алысып, жанын қоярға жеп таппайды. Сонда да кейбір келеңсіз жайттарға немқұрайлы қарай алмайды.

— Қазір қазақ киносына шашылған қаражат есепсіз. Бірақ, кино жоқ!  Ал, қазақтың рухани құндылықтары ескерусіз қалып жатыр. Осындай келеңсіз уақытта керексіз боп біз қалдық, — дейді режиссер…

Шыны керек, қазір Желтоқсан көтерілісі, “Аллажар” фильмі туралы қоғам, әсіресе, жастар көп білмейді. Бірақ, ол жастардың кінәсі емес. Айтқызбаған биліктің, айта алмаған қоғамның қателігі.

Сонда, биліктегілердің беделі үшін  халық өз тарихын ұмытып дүбара күйге түсуі керек пе? Ал, тарихты бұрмалау келешектің алдындағы кешірілмейтін іс екенін неге ескермейміз?