Жемқорлық туралы ақпарат бергендер 1,5 млн теңгеден сыйақы алды - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жемқорлық туралы ақпарат бергендер 1,5 млн теңгеден сыйақы алды

Жемқорлық туралы ақпарат бергендер 1,5 млн теңгеден сыйақы алды

Жемқорлық туралы ақпарат бергендер 1,5 млн теңгеден сыйақы алды.

  • 2 Ақпан 2023
  • 6
Фото - Caravan.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Жылқыбаев BAQ.KZ тілшісіне заңға енгізілген түзетулер мен өзгерістердің қоғам өмірінде қалай қолданылып жатқанын айтып берді.

Жыл басында, дәлірек айтқанда 3 қаңтар күні Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғаны белгілі. 

Фото: Автордан

– Болат Нұрғазыұлы, алдымен сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң туралы жалпылама түсіндіріп өтсеңіз.

– Енгізілген өзгерістердің мақсаты мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті және оларға теңестірілген тұлғалардың негізсіз баюын бақылау әрі соның алдын алу шаралары арқылы сыбайлас жемқорлық көріністерін азайту дегенге саяды. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған азаматтардың тиісті қорғалуын қамтамасыз ету де заң аясында шешіледі. Ағымдағы жылдың 3 қаңтарынан бастап аталған санаттағы азаматтар куәгерлерді қорғау бағдарламасына жатады.

Сарапшылардың айтуынша, 2021 жылдан бастап Қазақстанда кірістер мен мүлікті жалпыға бірдей декларациялауды кезең-кезеңімен енгізу басталды, ол мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғаларға да қатысты. Бұл ретте сәйкес механизм бастапқыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес құралына қарағанда салықтық бақылау шарасы болды. Атап айтқанда, 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңға сәйкес декларацияның мазмұны мен тәртібі елдің Салық кодексінде белгіленген. Ал қызметкерлер мен олардың жұбайларының ресми кірістері мен шығыстарында алшақтықтар анықталған жағдайда салық заңнамасы шегінде қызметкерлерден асып кетудің 10 пайызы мөлшерінде жеке табыс салығы алынуы мүмкін. Яғни, шығыстардың кірістерден жоғары болуы байланысты. 3 қаңтарда қабылданған заңда қызметкерлердің негізсіз баюы үшін қосымша фискалдық және мансаптық айыппұлдар да белгіленген.

Фискалдық шараларда шығыстар кірістен 1000 айлық есептік көрсеткіштен асатын болса, сәйкессіздіктің 90 пайызы мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуды көздейді. Ал егер шығыстар оларды жабу көздерiнiң сомасынан 1000 АЕК-ті шегерiп, қызметкердiң жылдық табысының сомасынан асатын болса, мемлекеттiк қызметте және құқық бұзушылық субъектiлерiнде лауазымдарды атқаруға тыйым салумен келеңсiз себептер бойынша жұмыстан босатылады. Мемлекеттік функцияларға теңестірілген функцияларды орындауға байланысты квазимемлекеттік секторда үш жылға дейін еңбек ете алмайды.

Қызметкерлердің ресми кірістері мен шығыстарының сәйкестігін бақылау функциялары сәйкессіздіктер анықталған жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хабарлайтын мемлекеттік кірістер органдарында сақталады.

Жауапкершілік шараларын қолданбас бұрын қызметкерге бұрынғыдай шығыстарды жабу үшін қаражаттың пайда болуының заңдылығын түсіндіруге мүмкіндік беріледі.

Болашақта мемлекеттік қызметке немесе квазимемлекеттік сектор субъектісіне жұмысқа қабылданған кезде қызметкердің қызметтен (жұмыстан) негізсіз баюы үшін теріс негіздер бойынша босатылғаны, сондай-ақ оның өзге де сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны туралы мәліметтерді әлеуетті жұмыс беруші мемлекеттік құқықтық статистиканы және арнайы есепке алуды жүргізуге жауапты мемлекеттік органнан электрондық нысанда немесе «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы сұратуы мүмкін. Бұрын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы ақпаратты ұсыну міндеттемесі азаматтардың өздеріне тиесілі еді.

Сонымен қатар, заңда қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы жекелеген шектеулер, тыйымдар мен міндеттер белгіленген. Сайып келгенде, қабылданған нормативтік құқықтық актіде қылмыстар, оның ішінде сыбайлас жемқорлық туралы ақпаратты жария ететін адамдарды қорғауға қатысты заңнаманың кейбір нормалары да нақтыланған.

– Енді құжаттағы талапкерлерді қорғау бағытындағы баптары туралы толығырақ айтып берсеңіз?

– Өтініш берушілерді қорғау шаралары құқық бұзушылық туралы мәліметтер жарияланған күннен бастап үш жыл ішінде еңбек қатынастары саласындағы құқықтар мен заңды мүдделерді бұзудан қорғауды, оның ішінде тәртіптік жауапкершілікке тартуға, жұмыстан шығаруға, басқа адаммен ауыстыруға тыйым салуды қамтиды. 

Айта кетерлігі, енді арызданушыларды қорғау шаралары қылмыстың алдын алуға немесе оны ашуға ықпал ететін тұлғаларға да қатысты.


– Болат Нұрғазыұлы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске еліміздің азаматтары қаншалықты белсенді қатысып жатқанын айтып өтсеңіз?

– Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жәрдемдесетін азаматтарды көтермелеу тәжірибесі кеңінен таралған. Мәселен, 2022 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің колл-орталығына 27 мыңнан астам қоңырау түссе, оның 233-і сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына қатысты. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңға сәйкес сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азамат ақшалай сыйлыққа ие болады әрі мемлекет қорғауына өтеді. Өткен жылы елімізде 134 азамат 40,6 миллион теңгеге ие болды. Ақшалай сыйақы жемқорлық әрекеті расталып, қылмыскер сотталғаннан кейін ғана төленетінін атап өткен жөн.

– Әрқайсысы 40 миллион теңгеден аса алды ма, әлде барлығы ма? Сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін төлем жүйесі қалай есептеледі?

– Барлығына 40 миллион теңгеден астам төленді. Меніңше, мұның өзі аз қаражат емес. 2020 жылдан бастап жаңартылған төлем жүйесі жұмыс істей бастады. Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтар сараланған сыйақының мөлшерін ала алады. Мұндай жүйе қазірдің өзінде Германия, АҚШ, Ұлыбритания және Гонконг сияқты бірқатар шет елдерде жұмыс істейді.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл әрекеттеріне өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарды көтермелеу мынадай мөлшерде белгіленеді: сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы әкімшілік істер бойынша – 30 АЕК; онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша – 40 АЕК; ауырлығы орташа жағдайларда – 50 АЕК; ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы хабарламалар үшін – 70 АЕК; аса ауыр хабарлар бойынша – 100 АЕК.

Пара немесе залалдың мөлшері 1000 АЕК-тен асса, біржолғы сыйақы көрсетілген соманың 10 пайызын құрайды, бірақ 4000 АЕК-тен аспайды. 2023 жылғы айлық есептік көрсеткіш 3450 теңгені құрайды.

– Ал биылғы ең көп төлем қандай?

– Облыс әкімінің экс-орынбасарын әшкерелеуге көмектескен Атырау облысының тұрғыны 12,2 миллион теңге сыйақы алды. Бұл жалпы параның 10 пайызы.

– Болат Нұрғазыұлы, азаматтар көбіне сыбайлас жемқорлықтың қандай фактілері туралы хабарлайды?

– Өтініштердің басым бөлігінде қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін пара бопсалау, қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану, мемлекеттік сатып алу саласындағы заң бұзушылықтар және лауазымды тұлғалардың сүйеуші болуы және басқа да заңсыз әрекеттері туралы мәліметтер бар.

– Өңірде сыбайлас жемқорлық әрекеттерін хабарлағандар болды ма?

– Иә, былтыр сыбайлас жемқорлық фактілерін хабарлаған облыстың сегіз тұрғыны марапатталды. Олардың берген мәліметтері негізінде қылмыстар ашылып, үкім шыққан соң комиссия шешімімен 1,5 миллион теңге сыйақы тағайындалды. Сонымен бірге, заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ақпарат таратушылардың толық құпиялылығын қамтамасыз етеді.

– Таразда жемқорлықпен күресуге шақырған көптеген керемет баннер мен буклет бар, оған қоса 1424 қысқа нөмірі жұмыс істейді. Бұл тәулік бойы жұмыс істей ме? Сыбайлас жемқорлық фактілерімен бетпе-бет келген кезде тағы қайда жүгінуге болады?

– Дұрыс айтасыз. Кез келген азамат сыбайлас жемқорлық фактісі туралы Антикордың колл-орталығына 1424 телефоны арқылы хабарлай алады. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар және күтілетін қылмыстар жайында хабарламаларды қабылдау тәулік бойы қамтамасыз етіледі. 

Сондай-ақ, азаматтар Тараз қаласы, Әйтиев көшесі, №40 мекенжайы бойынша «Антикор орталығы» мекемесіне жұмыс күндері сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін келе алады, сонымен қатар кезекші бөлімшеге 8 (7262) 93-60-09 телефоны арқылы хабарласуға болады.

– Әңгімеңізге рахмет!