"Жемқорлықтың пайда болуына құқықтық сауатсыздық себеп" - Заңгер - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Жемқорлықтың пайда болуына құқықтық сауатсыздық себеп" - Заңгер

"Жемқорлықтың пайда болуына құқықтық сауатсыздық себеп" - Заңгер

Белгілі заңгер, құқық қорғаушы Камиша Есмұхамедқызы сыбайлас жемқорлыққа байланысты, оның алдын алу бойынша, қандай заңдар енгізу керектігі жайлы сұхбат берді.

  • 21 Мамыр 2021
  • 119
Фото - Caravan.kz

Кейбір жерлерде халықтың өзі кейбір мамандарға “алғыс” айтып жатады, оның өзі жемқорлық. Осымен қалай күресу керек екенін, бұны да пара алуға жатқызамыз ба, әлде олай деп есептейміз бе? Осы және өзге де сұрақтарға Камиша Есмұхамедқызы Caravan.kz медиа порталының тілшісінежауап берген болатын.

— Сіздің ойыңызша Қазақстанда коррупция қай өңірде көп? Жемқорлықтың пайда болуына қандай факторлар әсер етеді?

— Жемқорлық Қазақстанның белгілі бір өңірінде кең дамыған деп айта алмаймын. Бұл жөніндегі деректер, статистикалар менің қолымда жоқ. Ондай статистикалар жүргізіледі ме, жүргізілмейді ме, маған белгісіз.
Жемқорлықтың пайда болуына бәрінен бұрын құқықтық сауатсыздық деп білемін. Кей кезде адамдардың мәселені заң шеңберінде шешудің орнына өздері ақшаларын ала жүгіреді.

Сол себепті әрбір мәселені ерінбей заң шеңберінде жасау керекпіз, сол кезде ғана жемқорлық, пара дегеннің алдын алып, түп тамырымен жоюға әрбір азамат болып өз үлесімізді қосатын боламыз.

— Біздің халық алғыс айтқанды жақсы көреді, оны тоқтатудың жолы қандай?

— Ғасырлар бойы қанға сіңіп кеткен әдетті, «алғыс» айтуды мүлдем тоқтату қиын шығар. Сонда да болса халық арасында ұдайы құқықтық тәрбие, үгіт-насихат жүргізу қажет. Бұл «алғыс» айтуды тоқтатпаса да, азайтуға алып келеді деп есептеймін.

Дегенмен, осы жерде айта кету керек «алғыс» айту бір басқа «пара» беру басқа. Екеуінің айырмасы ат пен түйедей.

Екеуі екі басқа нәрсе болғаныменде ол қандай да бір маманға «алғыс» айту керек деген сөз емес. Жаңа айтып өткенімдей, барлығын заң шеңберінде жасауымыз керек, солай жасау тиіспіз.

Өйткені, қанға ғасырлар бойы сіңіп кеткен ондай әдетті, «алғысты»  жоймақсақ, бұл жақсылыққа алып келмейді. Себебі, осылай алғыс айту жемқорлықтың, парақорлықтың бастауы деп білемін. Және айтатын кететін жайт, құқықтық сауаттылығымызды арттыруымыз керек. Өйткені, жаңа айтып өткенімдей жемқорлықтың пайда болуы ол — бәрінен де құқықтық сауатсыздықтан.

— Өз тарапыңыздан жемқорлықпен күресудің қандай жолын ұсынар едіңіз? Мүмкін идеяңыз бар шығар дегендей…

— Мен жемқорлықпен күресу, азайту үшін алдымен ҚР Қылмыстық кодексіне парақор-қылмыскерлердің жазасын ауырлату жайлы өзгертулер енгізуді ұсынар едім. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтен өмір бойы аластататын заңдар қабылдауды ұсынар едім.

Сонымен бірге, парақордың жақын туыстарының да қылмыстық және мүліктік жауапкершіліктері өзгерістер енгізу туралы ұсынар едім. Себебі, мемлекеттік қызметкерлердің декларациясына қарасаң, аттарына ешқандай мүлік тіркелмеген, ең кедей, ең сорлы адам. Ал дүние-мүліктерінің, бизнестерінің барлығы жақын туыстарының атында.

Бұл үлкен мәселе, осы жағын ойластырып, жіті бақылауда ұстауымыз керек. Жемқорлыққа, парақорлыққа жол бермеуіміз керек. Парақорлардың туыстарын, жақындарын міндетті түрде тексеруіміз тиіс деп есептеймін.

— Сыбайлас жемқорлықпен күресте халықтың да атсалысуы маңызды деп ойлайсыз ба?

— Иә, жемқорлықпен күресте халықтың атсалысуы маңызды. Халық атсалыспаса, жемқорлықты анықтау, онымен күресу мүмкін емес.

Жемқорлықты тудыратын да, оны жоятын да халықтың өзі деп білемін. Халықта: « Білмейтін адам бара береді, білетін адам пара береді » деген ұғым қалыптасып кеткен.

Себебі, пара бермесең бір мәселеңді бітіру үшін мемлекеттік органдарға бірнеше рет баруың, «ана құжат жетпейді, мына құжат жетпейді» деген сылтаумен бірнеше қайтаруы мүмкін.

Ондай нәрседен қашпай, олардың сылтауына құлақ асып кетпеу керек. Осындай жайттар парақорлыққа, жемқорлыққа алып келуі әбден мүмкін. Сондықтан заң бар. Барлығын заң шеберінде жасасақ, парақорлыққа жол бермесек ол өзімізге де, қоғам да пайдалы деп есептеймін.

— Қалай ойлайсыз, елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейі өсуде ме, әлде керісінше төмендеуде ме?

— Сыбайлас жемқорлықтың деңгейі еліміз базарлы (рыночная) экономикаға өткелі бері өсіп кетті, өршіп барады деп есептеймін.
Өйткені сен қайда барсаң да «не дейді екен» деп бетіңе, көзіңе қарайды.

Сондай-ақ, соңғы кезде байқайтын болсақ мемлекеттік қызметтегі адамдар заңның қатаюына қарамастан айла-тәсілдірін ойлап тауып, әртүрлі жемқорлықпен ұсталып жатқанын көріп жатырмыз. Қазіргі кезде үлкен тұлғалардың ұсталуы өкіншті жағдай. Сондықтан біздер бұл жолы өте өткір мәселелерді көтеріп, арнайы жемқорлық комиссиясын түзу арқылы сүзбеден, ой елегінен анализ арқылы өткізу керекпіз. Ал бізде көбінесе статистика, өзіміз анализ жасауымыз керек. Көбінесе статистикаға ғана жүгініп жатамыз. Нақты сыбайлас жемқорлықпен күресу жолындағы істер жүргізіліп жатыр, көрдік. Халыққа шынайы болмысын келтіріп айтылып жатыр, бірақ, жемқорлықпен ұсталып жатқанның өзінде де босап кетіп жатқан жандар бар, бәрі демеймін дегенменде бар. Сондықтан бұл жерде жемқорлықты азайту жолы ол – шынайы күрес. Яғни, ол күрестің методикалары бар. Сол методикаларды дұрыс бағдарларға қою арқылы жүргізіледі. Соңғы кезде байқап жатқанымыз, халықпен етене жақын жұмыс жасау арқылы осы жемқорлықтың түбегейлі жоюына алып келетін іс-әрекеттер жүргізіліп жатыр. Сыбайлас жемқорлықпен күресу әріқарай да осы қарқынмен жүріп, осы қарқынмен күресетін болсақ жемқорлықты жеңудің ауылы алыс емес деген ойдамын. Сыбайлас жемқорлықпен барлық халық болып күресетін болсақ, ол туралы осылай айтатын болсақ, хабарлайтын болсақ жемқорлықты әбден жеңуге болады деп ойлаймын. Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ екенін ұмытпайық.

— Сұхбатыңызға рақмет!