Жеңгетайлар құрығына жас қыздар ғана емес, келіншектер де түседі – жазасын өтеуші - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
+4 °C
Алматы
2024 Жыл
21 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жеңгетайлар құрығына жас қыздар ғана емес, келіншектер де түседі – жазасын өтеуші

Жеңгетайлар құрығына жас қыздар ғана емес, келіншектер де түседі – жазасын өтеуші

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №50 мекемесі – әйелдер колониясында қазір 300-ге жуық жазасын өтеуші отыр. Солардың бірі – Анна Юрусова. Мұндағылардың көпшілігі секілді адам өлтіріп, кісі қанын мойнына жүктемегенімен, қылмысы ауыр санатта. Әйел жезөкшелер притонын ұйымдастырған, адам сатып, ірі мөлшерде алаяқтық жасаған. Былтыр тамызда Петропавл қалалық соты оны 6 жылға бас бостандығынан айырды.

  • 27 Наурыз
  • 71
Фото - Caravan.kz

— Анна, түрменің тәртібіне үйрендіңіз бе, уақыт қалай өтеді?

— Көп ойланамын. Мұнда тәртіп қатаң, өздігіңнен ештеңе істей алмайсың, үнемі бақылаудасың. Сағат 6.00-да тұрамыз, жуынып, өзімізде ретке келтіруге 10 минут беріледі, кейін далаға дене жаттығуын жасауға шығамыз. Таңғы асымызды ішкеннен кейін тексереді. Жұмыс істейтіндер жұмысқа кетеді. Осы тірлік күнделікті қайталанады. Көзім ауырғандықтан бұған дейін жұмыс істеген жоқпын, бірер күн бұрын ота жасады. Тәуір болған соң мен де жұмысқа шығамын.

түрме
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі
түрме
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

— Туған-туыс, балаларыңызбен байланыс бар ма?

— Балаларымды қатты сағындым. Ұлым 20-да, үш қызым бар – 17, 16 және 10 жаста. Екі немеремнің үлкені үште, кішісі төрт айлық.

Қыздарым әкелерімен тұрып жатыр. Қыздың үлкені шаштараз мамандығын алды, екіншім тігіншілікке оқып жатыр. Ешқайсы менің ізіммен кеткен жоқ, еңбекқор. Ұлым үйленген, Таразда тұрады. Балалар телефон шалып, хабарласады, жақында бейнебайланысқа шығамын. Үлкен әпкем хал-жағдайымды біліп тұрады. Ол қатты ауырады. Қыркүйек айында бір әпкем қайтыс болды.

Әке-шешем бұл өмірде жоқ, мен кеш туған баламын, көзі тірі болса анам қазір 80 жасқа келер еді.

— Мамандық алған ба едіңіз? 

— Орта арнаулы білімім бар, аспазбын. Бірақ мамандығыммен көп жұмыс істеген жоқпын.

— Притон құрған екенсіз, өзіңіз де интимдік қызмет көрсеттіңіз бе?

— Өзім жезөкшелікпен айналысқан емеспін. Таныс қыздар хабарласып, диспетчер керек деді, ол кезде арнайы сайттар жоқ. Балалар кішкентай болғандықтан, жазда ғана «жұмысқа» шығып отырдым. Кейін балалар өсті, ақша керек. Мен қыздарға өзім хабарласып, телефонда отырайын деп ұсындым. Заңды білмеймін, жауапкершілік бар екенін түсінбедім. Ол жерде 7 жыл жұмыс істедім. Қоңырау шалушыларға жауап бердім, подъезде қыздарды күзеткен кездер болды. Өйткені түрлі жағдайлар болады. Жақсы ақша алдым, тәулігіне 100 мың теңге тапқан кездер де бар.

Төрт баланы өсіру керек әрі әпкем онкологиялық аурумен ауырды, еміне көп ақша қажет. Бірақ арнайы сайт ашылғаннан кейін, қыздар ол притоннан кетіп, өз беттерінше жұмыс істей бастады.

— Демек, жұмыссыз қалып, притон құрдыңыз… 19 жастағы бойжеткен қалай құрығыңызға түсіп жүр?

— Ия, жұмыссыз қалғаннан кейін өзім құрдым. Ол қызбен біз бір қаладанбыз. Сырттай мені білетін. Жұмыс керек деп хабарласып, мені өзі тапты. Массаж жасауды ұсындым. Кейін клиенттерден қызметтің басқа түріне сұраныс көбейді, ол қыз бас тартқан жоқ. Колледжде оқитын. Екі бөлмелі пәтерді жалға алып, бірге жұмыс істедік. Табысты тең бөлдік. Мен ешкімді ұрған емеспін, қорқытқан емеспін.

— Ұсталған кезіңізде пәтерде екі зардап шегуші болған. Оның біреуін басқа әйелге 250 мың теңгеге сатып, қолға түстіңіз…

— Ол екі қыз бірге, бір пәтерде «жұмыс» істемек болды. Ал мен 250 мың теңгені қарызға алдым. Заңды білмегендіктен енді жазамды өтеп жатырмын.

түрме
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

— Қыздардың теріс жолға түсуіне не себеп?

— Кей қыздарға уақытша табыс керек. Мәселен, несиесін жабуға немесе дәрі-дәрмек алуға. Қажетті соманы тапқаннан кейін бұл іспен айналысуды қояды. Кейбірі осылайша ата-анасына көмектеседі. Қыздардың көбі мұқтаждықтан барады. Есірткіге отырғандар бар.

Бірақ, алдап-арбауға түсетін бойжеткендер де кездеседі. Ол міндетті түрде 16-18 жастағы жас қыз емес, 30-дан асқан келіншек те болуы мүмкін. Жеңгетайлар оларды алдап қолға түсіріп, кейін бопсалайды, қорқытады, ұрып-соғады. Кейде балаларын тартып алып, басқа қалада ұстап, әйелдерді жезөкшелікке мәжбүрлейді.

Мұндай қиын жағдайға түскен қыз-келіншектерге айтарым, қорықпаңдар, құқық қорғау органдарына хабарласып, жағдайларыңды айтыңдар, көмектеседі. Заң бар.

— Қылмыскерлер «қақпанға» түсіру үшін қандай тәсілдерді қолданады?

— Уәдені үйіп-төгеді. Қымбат сыйлықтар сыйлайды. Осылайша қарызға кіргізеді. Мысалы, ол қыз бірер ай «жұмыс» істеп, ақша табамын деп ойлайды. Осы кезде оған «саған әдемі, қымбат тон керек, қымбат иіссу сеп» деп алып береді. Бұдан бөлек қарызға деп ақша береді. Осылайша қомақты сома жиналады, кетейін десе қарызы бар, амалсыздан қалады.

— Өкінесіз бе?

— Артымды ойламағаныма, бір күнмен өмір сүргеніме өкінемін. Балаларым менсіз өсіп жатқанына қатты өкінемін…

«Жеңіл» ақша болмайды, оған өзімнің көзім жетті. Балаларым ешкімнен кем болмаса екен дедім. Өзім де әдемі киініп, тәтті-дәмді тамақ жегім келді. Жақсы өмір сүргім келді.

Таза, адал еңбекпен тапқан табысқа ештеңе жетпейді. Туған-туысыңды, балаларыңды жоғалтқың келмесе тәртіпке бағын, адал өмір сүр…

жазасын өтеуші
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі
ит
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі