Қонаев қаласының «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында өткен VI паралимпиадалық старттар 14 пен 18 жас аралығындағы ерекше қажеттілігі бар 180 баланың басын қосты. Бұл жолы олар Қазақстанның 8 өңірінен: Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Түркістан, Павлодар облыстары мен Астана қаласынан жиналды.
Балалар волейбол, тоғыз құмалақ, асық ату, жүзу және жұптасып билеу сынды 5 спорт түрінен сайысты.
Айта кетейік, бұл жарысты бастапқыда Ұлттық Дельфий комитеті 2017 жылы бастаған. Жоба басталғалы еліміздің 13 өңірінен 950 жас спортшы қатысты.
— Паралимпиадалық старттардың ең үлкен пайдасы, олар бейімдік дене шынықтыруды насихаттап, дамытады, ерекше қажеттілігі бар дарынды адамдарды анықтайды. Өйткені, оларға қолдау мен назар аудару өте маңызды. Сол себепті мұндай іс-шараларды өткізу өте маңызды, — дейді Павлодар қаласынан келген волейбол командасының жаттықтырушысы Александр Таранченко.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орын алғандар:
— «АРБАМЕН БИЛЕУ» — Ақжаркенова Ақнұр (Алматы облысы), Вретиков Олег және Әлжанқызы Әсем (Түркістан облысы);
— «ТОҒЫЗ ҚҰМАЛАҚ» — Қайыржан Тілеухан (Ақмола облысы), Әубәкірова Аяна (Павлодар облысы);
— «АСЫҚ АТУ» — Аденов Рашид (Жетісу облысы), Ли Анита (Павлодар облысы);
— «ЖҮЗУ» — Серікқызы Қарақат (Алматы облысы);
— «ВОЛЕЙБОЛ» — Павлодар облысының командасы.
Жалпы командалық есепте 3 алтын және 1 күміс медаль жеңіп алған Павлодар облысының құрамасы үздік атанды.
Жүлдегерлерге медальдар, кубоктар және спорт тауарларын сатып алуға арналған сертификаттар берілді.