Жарияланды: 420

Жер телімдерін шаруа қожалығына жалға беріп, көк тиын көрмеген ел наразылық білдірді

Шығыс Қазақстан облысы Коростель ауылында 20 жылдан бері жер дауы шешімін таппай келеді. Кезінде жер телімдерін жергілікті қожалыққа жалға берген ауылдықтар әлі күнге бір тиын пайда көрмеген. Ал егістік алқабы мен техника басыбайлы шаруа қожалығының меншігіне өтіп кетіпті. Мұны естіген жұрт серіктестіктің кеңсесі алдында наразылық шарасын ұйымдастарды.

Осылай атой салған Коростель ауылының жұрты кезінде жерді жалға алған шаруа қожалығының басшылығына барып, шу көтерді. Кеңес одағы тараған кезде олар жер телімдерін бір қожалық астына біріктіріп, жалға берген. Бірақ әлі көк тиын пайда көрмепті.

Орынғыз Жүнісова, Коростель ауылының тұрғыны:

- Жерім үшін күресуге дайынмын! Неге шаруа қожалығының басшылығы бізді адам құрлы санамайды?

Ал жақында шаруа қожалығы серіктестік болып қайта құрылып, ауылдың жері солардың меншігіне өтіп кеткен көрінеді. Бар мүлкімізден айырылдық деп шулаған халық енді не істерін білмей дал.

Марат Байзақов, Коростель ауылының тұрғыны:

- Тесік астау құшақтап қалғандаймыз! Бұрынғы бастық дүниеден өткеннен соң жаңа басшыны сайлап алуымыз керек еді. Алайда оның әйелі: сендерде ешқандай пай жоқ. Мұның бәрі менің меншігім,- деп бізді пысқырмады!

Дүниеден өткен бұрынғы директордың орнына қазірде оның ұлы жайғасқан. Сөзіне сенсек, жұрт негізсіз жала жабуда. Серіктестік атынан күнделікті ақшалай және заттай жәрдем көрсетіледі екен. Ал аңғал халықты белгісіз топ бастықты орнынан тайдыру үшін арандатқан.

Ерлан Ертаев, «Коростель» ЖШС директоры:

- Бұл белгілі бір мүддені көздеген топтың әрекеті. Басшылықтағы ауыс-түйісті пайдаланып, серіктестікті құлатқылары келеді. Халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жақсылап жүргізгені көрініп тұр.

Жер дауынан зарыққан жұрт шаруашылық басшылығына сенуден қалған. 20 жыл бойы қордаланып қалған қомақты қаржыны енді сот арқылы өндіріп алмақшы.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін