«Қазіргі таңда қай өңірге барсақ та жер мәселесі алдымыздан шығады. Бұрын республика бойынша Жер комитеті деген бір ғана мекеме болушы еді, қазір осы жердің айналасындағы мекеме қаптап кеткені де рас. Сондықтан қарапайым халық жерге қатысты нақты ақпаратты біле алмай отыр. Керек десеңіз, жер туралы деректерді осымен айналысатын шенеуніктер және жер сатуды кәсіп еткен делдалдар монополия жасап алған. Үлес алғысы келетін азаматтар осылардың арасынан таныс іздеуге де мәжбүр болып жүр», — дейді Т. Асанов. Осыған орай, депутаттың ойынша, еліміздегі бос және сатылымға түсетін жердің әр шаршы метрі туралы ақпарат ашық әрі қолжетімді болуы тиіс. «Бұл үшін жер туралы арнайы дерекқор құрылса да игі», — деді ол.