Жарияланды: 300

Жергілікті атқарушы органдар нысаналы трансферттердің 67 пайызының пайдаланылмай қалуына жол берген

Жергілікті атқарушы органдар нысаналы трансферттердің шамамен 67 пайызының пайдаланылмай қалуына жол берген.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатында 2010 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті есебінің таныстырылымы барысында комитет төрағасы Омархан Өксікбаев осылай мәлім етті. «2010 жылдың соңында республика деңгейінде 37,6 млрд.теңге игерілмей қалды. Жергілікті атқарушы органдар нысаналы трансферттердің шамамен 67 пайызын немесе 25,1 млрд.теңгенің пайдаланылмай қалуына жол берген. Оның ішінде 11,4 млрд.теңге - ағымдағы трансферттердің және 13,7 млрд.теңге - даму трансферттерінің еншісіндегі қаражат болатын. Ал Қаржы министрлігінің ақпараты бойынша, 2011 жылы 18 млрд. теңгеге жуық нысаналы трансфертті нысаналы бағытын сақтай отырып пайдалануға рұқсат етілген. Алайда Есеп комитеті жүргізген бақылаудың нәтижелері көрсеткендей, 2011 жылы Үкімет инвестициялық жобаларды іске асыру үшін тек 9,1 млрд. теңгені пайдалануға рұқсат берген», - деді Есеп комитетінің төрағасы. Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдардың бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органмен және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен өзара іс-қимылының қолданыстағы тетігі бюджет қаражатын пайдаланудың ашықтығын және игерудің тиімділігін қамтамасыз етпейді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть