Б.Өтемұратовтың хабарлауынша, ол жергілікті әкімдер сайлауын өткізу мерзіміне қатысты Ұлттық комиссия қабылдаған мәлімдеме жайында мемлекет басшысын хабардар еткен және «Елбасы осыған байланысты тиісті мемлекеттік құрылымдарға тапсырмалар берді».
Сонымен бірге Ұлттық комиссия төрағасы қамауға алу туралы санкция беру құқығын соттарға жүктеуді заңнамалық реттеуге қатысты мәселе бойынша Елбасы Н.Назарбаевқа ресми хат жолдаған. «Мемлекет басшысы Ұлттық комиссияның ұстанымын қолдап, үкіметке заңнамалық бастама көтеру тәртібіне сәйкес, мәжіліске қолданыстағы Ата заң талаптары аясында қамауға алу туралы санкция беру құқығын соттарға жүктеуді көздейтін заң жобасын енгізуге тапсырма берді»,- деді Б.Өтемұратов.
«Мұны мен үлкен жетістік әрі еліміздегі саяси жүйені одан әрі демократияландыруға жасалған бір нақты қадамға балаймын»,- деді ол.
Ұлттық комиссияның бүгінгі отырысында жалпыұлттық саяси реформалар бағдарламасын бүкіл халық болып талқылау туралы, БАҚ туралы заң жобасын жасауға қатысты басты көзқарастар туралы, жергілікті жерлердегі билік жүйесін одан әрі жетілдіру сынды үш түрлі мәселе қаралады.