Жарияланды: 450

Жетімдерге берілген баспанада әкімдік қызметкерлері заңсыз тұрып келген

Жетімдердің жылы орнына жайғасқан шенеуніктер. Петропавлда жетімдер үйінің түлектеріне уақытша тұруға берілетін «Жасөспірімдер үйінде» 4 мемлекеттік қызметкер заңсыз тұрып келген.

Заңсыз тұрып келген 4 мемлекеттік қызметкердің екеуі білдей облыстық білім басқармасы бастығының орынбасарлары. 200 мың теңгеге жуық айлық алатын олар пәтер жалдауға ақша қимай, жетімдер үйіне жайғасыпты.

-Сіз бастықтың орынбасарысыз ба?

- Иә!

- Жетімдер үйінде не үшін тұрып келдіңіз?

- Құдай-ау, сол үшін бе, сіздер не істеп жатсыздар?

Жеткіншектер үйінде жайғасқандардың қалған екеуі тәртіп сақшылары екен. Бірі 46 жастағы жол полициясы басқармасының офицері болса, екіншісі қалалық ішкі істер басқармасының жедел уәкілі. Олар қоныстанғалы мекемеде тәртіп түзеліпті-мыс.

Аманжол Бекенов, Петропавл қалалық «Жасөспірімдер үйі» ММ директорының орынбасары:

- Бірақ милиция формамен жүргенде балалар кішкене өзі тәрбиесіне қарайды. Қалай жүруге, қалай істеуге. Соған да қарап алған шығар бұрынғы басшы.

Жасөспірімдер үйі 48 орынға шақталған. Мұнда ауыл-аймақтағы жетімдер үйінен шығып, қалада білім алып жатқан 18 бен 23 жас арасындағы жасөспірімдер тұрады. Қазір бұл ғимараттан 45 бала пана тауыпты. Бөтен адамдардың мұнда тұратынына олардың көздері үйреніп кеткен сыңайлы.

Татьяна Ермашкина, Петропавл қалалық «Жасөспірімдер үйі» ММ тәрбиеленушісі:

- Мұнда тұрғаныма біраз уақыт болды. 23  жасқа толсақ болды, бізді бұл үйден қуып шығады. Сонда біздей жетімдерге мұнда  тұруға болмайды да, бөтен кісілерге тұруға рұқсат болғаны ғой? 

Мұндағы төр бөлме, ас үй, жуынатын жер бәрі кәдімгі көпқабатты үйдегі пәтерден еш кем емес. Жеткіншектер мұнда тегін тұрады. Тіпті коммуналдық қызмет ақысын да үкімет өз мойнына алған. Заңсыз тұрып келген шенеуніктер де осы жеңілдіктерді толығымен пайдаланыпты. Құзырлы органның нұсқауына сай олардың үшеуі көшіп кетсе, бір шенеунік әлі де жетімдердің орнына ортақтасып отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін