"Жетімдеріңе келгенде неге соншама безбүйрек, сараңсыңдар?: Сәуле Әбілдаханқызы Үкіметке шүйлікті - kaz.caravan.kz
  • $ 514.93
  • 536.04
-13 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Жетімдеріңе келгенде неге соншама безбүйрек, сараңсыңдар?: Сәуле Әбілдаханқызы Үкіметке шүйлікті

"Жетімдеріңе келгенде неге соншама безбүйрек, сараңсыңдар?: Сәуле Әбілдаханқызы Үкіметке шүйлікті

Мемлекет жетімдерін қалай жебеп отыр?

  • 25 Желтоқсан
  • 34
Фото: saryarka-samaly.k

Мемлекеттің ең құнды капиталы — адам. Алайда Үкімет жетімдеріне қалай қамқор болып отыр деген сұрақтың жауабын іздеп көрейік. Caravan.kz медиа порталы тақырыпты толық тарқатады.

Елімізде жетім және ата-анасының қамқорынсыз қалған балалардың саны — 21 387-ге жетті. Олардың 82%-ы, яғни 17 660 баланы отбасылар асырап алған. Балалар үйінде 3082 бала тәрбиеленуде.

Ал асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны биылғы жылдың маусым айындағы жағдай бойынша шамамен 198 200 адамды құрады. Сондай-ақ міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы 67 200 отбасыға асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер қарастырылған.

Асыраушысынан айырылған отбасының балаларына мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері қайтыс болған асыраушынысың асырауындағы еңбекке жарамсыз отбасы мүшелерінің санына және ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты есептеледі. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕТК 40 567 теңгені құрады. Осыған байланысты жәрдемақы мөлешрі төмендегідей:

-1 адамға: 0,86 ЕТК немесе 34 888 теңге
-2 адамға: 1,49 ЕТК немесе 60 445 теңге
-3 адамға: 1,85 ЕТК немесе 75 049 теңге
-4 адамға: 1,96 ЕТК немесе 79 511 теңге
-5 адамға: 2,03 ЕТК немесе 82 352 теңге
-6 және одан көп адамға: 2,11 ЕТК немесе 85 597 теңге

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 7%-ға өскен.

Шындығында жетім балалар мен асыраушысынан айырылғандарға мемлекет қалай қамқор болып отыр?

Журналист Сәуле Әбілдаханқызы шындықты жазып, Үкіметті сынға алды. Айтуынша, бұл мемлекетке адам капиталы керек емес. Оның себебін өз жазбасында түсіндірді.

«Шетелдік Шершесіпке, фосфорларға, көк тиындық құны жоқ легионерлерге жүздеген миллиондап айлық төлейді. Біздің салықтан. Ал енді мынандайды естігеніңіз бар ма?

Қайтыс болған інімнің артында қалған үш баласына мемлекеттен «асыраушысынан айырылғанына байланысты» жәрдемақы тағайындалған. Үш балапан 6 жыл бойы 36 мың теңгеден алып жүрген…

Әлқисса… Содан… Былтыр үлкені оқуға түскенде кейінгі екеуінің жәрдемақысы бір ай кешіккен, екеуінен 20 мыңнан ұстап қалған. Келін зейнетақы қорына барып мән-жайды сұраса, «тіркелген жерден барып сұра» деген. Ауылдағы ХҚКО-ға барса, «үлкен бала студент болыпты, оқуға түсіпті, соның стипендиясы осылардың жәрдемақысынан төленді» деген ғой. Сұмдық па? Меніңше, сұмдық!

7-13 жастағы жетімектер 17 жастағы ағасының стипендиясын өз жәрдемақыларынан төлеген… дәлірек айтқанда, кішкентай екі інісінің мемлекеттен бөлінген жәрдемақысын тартып алып, ағасына «стипендия» деп бергендерің қалай кетті? Осыны бүгін, жаңа ғана жесір қалған келінімнің өз аузынан естіп, шок боп отырмын.

«20 мыңды кейінгі айда қосып берді» дей ме, бірдеңе әйтеуір, түсінбедім… жәрдемақылары кейінгі жылда 32 мың болып қалған, себебі жаңағыдай дейді, — ағасының стипендиясына кетіп жатыр екен-мыс.

Тоқаев! Үкімет! Депутаттар! Зейнетақы қоры!

Бұл қайдан шыққан ақылға қонымсыз, қатал заң?

Неге жетімдердің жәрдемақысы стипендияға төлену керек?

Неге жетімдердің жәрдемақысы 36 мыңнан 32 мыңға түсіп қалған?

Жалпы 32 мыңға, тіпті, сол 36 мыңға бір баланы асырау мүмкін деп ойлайсыңдар ма?

Балалар үйіндегі әр жетім балаға күніне, айына қанша бөлінеді мемлекеттен? Неге сондай қаражат асыраушысынан айырылған жетімектерге де бөлінбейді?

Жарайды, балалар үйін ұстап тұру шығыны қымбат дерсіңдер. Ендеше, неге, тым болмаса, асыраушысы жоқ жетім балаларға 50-60 мың төлемеске? Тіпті 100 мыңдап жәрдемақы төлеуге мемлекеттің шамасы жетеді. Соғұрлым итке де, құсқа да жүз миллиондап шашып отырсыңдар, жетімектеріңе келгенде неге соншама безбүйрек, сараңсыңдар?

Қазақ жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған. Шамамыз келгенше қаңғытпауға, жылатпауға тырысып жүрміз. Алайда, келінімнің 100 мың теңге айлығымен сендердің бағдарламаларыңдағы баспананың 20-30% жинауы мүмкін емес тірлік екен. Ептесіп, септесіп, 3-4 жылда жинасармыз-ау. Алайда, бұл мемлекетке адам капиталы керек еместігіне көзім жетті. Сондықтан Ата Заңдарыңдағы «мемлекеттің ең құнды капиталы — адам» деген 1 баптағы өтірік заңдарыңды қызылмен сызып өшіре салыңдаршы.

Халықтың миллиардтарын талай рет жоқ қылған зейнетақы қорын да жаба салыңдаршы», — деп шүйлікті журналист.