Жетісу облысында қызылшамен ауырғандар саны азаймай отыр. Жұқпалы дерт балалар арасында өршіп тұр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің мәліметінше, өңірде қызылшамен ауырған науқастың саны 345 адамға жеткен.
Оның ішінде 15 мектеп оқушысы бар.
Аймақтағы 8 мектептен және тағы 8 мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымынан жұқпалы дерттің ошағы анықталған
— Сырқаттанудың жоғары деңгейі Талдықорған қаласында, Алакөл, Панфилов аудандарында байқалады. Қазір жұқпалы ауру 8 мектепте тіркеліп, 15 оқушы ауырып жатыр. Сондай-ақ 8 мектепке дейінгі тәрбие ұйымындағы 10 баладан қызылша белгісі табылды. Өңірде қызылшаға қарсы жаппай қосымша иммундау жүріп жатыр, — дейді Жетісу облысы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары Индира Күнбасова.