«Жезқазған - Бейнеу» темір жолының құрылысына тек отандық материалдар қолданылуда
Еліміздің орталық аймағын Ақтау айлағымен жалғастыратын Жезқазған - Бейнеу темір жолының құрылысы басталғалы үш-төрт ай болып қалды. |
Бүгінде мыс өндірушілер шаһарының іргесіндегі Геолог кентінде қайнаған қызу еңбек. Мыңға тарта адам жаңа жолдың табанын нығырлау, яғни топырақ пен қиыршық тас төсеу жұмыстарын жүргізіп жатса, екінші жағынан солар үшін тұрмыстық нысандар салынуда. Астанадан, Қарағандыдан, Жезқазғаннан жұмылдырылған 8 мердігер ұйымның әрқайсысының өз міндеттері бар. Өндірістік базаның ісін қалыптастыру бойынша алдымен 4 шақырым темір жол тармағы тартылды. Жезді өзені үстінде көпір тұрғызылды. Жыл аяғына дейін 100 шақырым топырақ төсеу жобаланып отыр.
Ғасырлық жобаға тең бұл құрылыстың Жезқазған - Сексеуіл тармағы 2016 жылы іске қосылуға тиіс. Дегенмен, қазіргі жұмыс қарқыны оның бойымен қозғалыстың мерзімінен алты ай бұрын басталуынан үміттендіреді. Жол Жезқазғаннан бастау алып, Жезді мен Қарсақбай кенттерін, Байқоңыр, Қарақұм ауылдарын басып өтеді. Бастапқы негізгі жұмыстар шоғырланған Геолог кентінде алдағы жылы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қызметшілеріне арналып 40 тұрғын үй, балалар бақшасы, мектеп бой көтергелі тұр.
Аталған темір жолға тек отандық материалдар қолдануда. Соның ішінде басты өнім - темір-бетон шпалдарымен Бұқар жырау ауданындағы «Өнеркәсіп Транс» ЖШС қамтамасыз етеді. Мұнда жылына өндірілетін 384 мың шпал Жезқазған-Бейнеу бағытындағы бүкіл темір жол мұқтажын өтей алады.
Бұл күнде Жезқазған стансасы да үлкен өзгерістер үстінде. 9 қосымша жол тармағы пайда болады. Ескі вокзал ғимараты танығысыз жаңарады. Сексеуіл тармағы тартылып бітісімен 12 жолаушылар пойызына жол ашылады. Станса арқылы сонымен бірге күніне бірнеше тауарлы құрамалар екі жаққа керуен түзейді. Жалпы алғанда, бұл жолмен жылына 21 миллион тонна жүк тасымалданады. Сол уақытта штаты 370 адамнан 3 мың адамға ұлғайып, олардың қатарын Жезқазған бизнес және көлік колледжін бітірушілер толықтырады. Биыл осы оқу орны темір жол құрылысын жүргізу және жол шаруашылығы бөлімі мамандарын даярлауға кірісті.
Жезқазғаннан асып Жезді, Қарсақбайға қарай бет түзеген, алысты жақындатқан жол күн өткен сайын Сексеуілге қол созып барады. Бейнеу жақтан тартылудағы тармақ та осы стансада түйіседі. Сырттан көмексіз, бәрін өз күшімен атқарып жатқан қазақстандық жол салушылар жүктелген жауапкершілікті абыроймен орындайтындықтарына сенеді.
«Егемен Қазақстан» газеті (мақала авторы - Айқын Несіпбай, Қарағанды облысы)
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін