Жігер Ауыпбаевтың күзетші болып отырған жерінде түсірілген видеосы көптің талқысында жүр. Мұны көрген көрермен әншіні күзетші болып кетті деп болжаған-ды. Өнер иесі, расымен де, қарауылшы қызметін атқарған. Бірақ шынайы өмірде емес, тек кинода.
«Иә, күзетші болып жұмыс жасадым. Өте керемет екен. (Күлді.) Бір фильмде басты рөлдердің бірін сомдадым. Қыздар сыртта демалып отырған жерімнен түсіріп алыпты. Топтан кеткенім рас. Барлығын ой елегінен, жүрегімнен өткіздім. Бұған қатысты өте көп ойландым. Ақыры топта орнымның жоқ екенін сездім, көрдім. Топтан кетуіме ешкімді айыптап, кінәлай алмаймын», – дейді әнші.
Топ жетекшісі Бауыржан Есебаев әншінің асығыс шешімін басында түсінбей, артынша өкпелеген болатын. Әнші продюсерге «Мен топтан кеттім. Ары қарай өздеріңіз жұмыс жасай беріңіздер» деп қысқа хат жазған. Десе де, бұл әрекетінің себебі бар екен.
«Телефоным өздігінен өшіп қалды. Плата деген мишығы күйіп кетіпті. Мұны кішікене бала секілді кімге айтып түсіндіремін?! Ешкімнің алдында ақталғым келмейді. Бауырларымыз бен ағаларымыз ренжіп жатқан болса, олардың бұған құқығы бар. Сол секілді мен де ренжіп кеткен едім. Үлкен сапардан келіп үйде бауырларымды күттім. Бірақ мен ойлағандай болмады. Олар үйге келмеді. Тек «Келсең жұмыс бастайық» деген хат келді. Осы тұста мені тек жұмыс үшін іздейтінін түсіндім.
Меломендіктердің немесе бір төрттіктің ән айтып жатқанын көріп қалсам, көзіме жас толып кетеді. Әрине, қоштасқым келмейді. Меломен тобы мен үшін шоқтығы биік топтардың қатарынан. Ол топты ешқандай топпен айырбастамаймын. Бауыржан ағаны да қатты сыйлаймын. Ол кісінің бізге берген ілімі, өмірге, өнерге деген ақылдары, нұсқаған жолдарының барлығы – үлкен кітап, сабақ. Ол кісіге айтар алғысым шексіз. Өнер деген бір шаңырақтың астында жүргендіктен, ертең бәрібір бет көрісетін адамдармыз. Болған жағдай төртеуіміздің арамызда қалады», – деп түсіндірді Жігер Ауыпбаев.