"Жігіт қаратып беремін": Дуа, сиқыр жасайтын көріпкелдер жұмысын енді желіде жандандыра бастады - kaz.caravan.kz
  • $ 499.51
  • 525.83
+1 °C
Алматы
2024 Жыл
28 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Жігіт қаратып беремін": Дуа, сиқыр жасайтын көріпкелдер жұмысын енді желіде жандандыра бастады

"Жігіт қаратып беремін": Дуа, сиқыр жасайтын көріпкелдер жұмысын енді желіде жандандыра бастады

Бұрын көшенің  қуыс-қалтарыстарында ақ орамалдарын жайып тастап, қолына картасы мен құмалағын алып, болашақты  болжаушылардың жұмысы қазір әлеуметтік желіде қызып тұр.  Мәселен ТикТок желісінден "500 теңгеге болашақты болжап беремін" деген хабарландырулар көбейген. 

  • 4 Қаңтар 2023
  • 408
Фото - Caravan.kz

Caravan.kz медиа-порталы тілшілері  сондай көріпкелдерді бірімен хабарласып көрді.

Айта өтейік, Жанар есімді бұл көріпкел "Карта ашып, болашақ болжау; Жоғалған затты тауып беру; Жігітке қызды, қызға жігіт қаратып беру, Дуа шешу, жол ашамын" деген сияқты қызмет түрлерін  ашық жарнамалап қойған. 

Сонымен, көріпкелдің көрсетілген номеріне "Жігіт қаратып бересіз бе?" деп жазып көріп едік "әрине" деп  бірден жауабын беріп, жігіттің есімі, фотосы мен туған жылын сұрай кетті. Қызметінің құны — 20 мың теңге екен. 

"Нақты қарай ма?" деген сұраққа, көріпкел 18 жыл осы іспен айналысып келе жатқандығын алға тартты. Айтуынша, осы уақыт аралығында махаббат машақатымен алдына келгендер аз болмапты. "Және олардың бірде-бірі қарамады деп қайтып келмеді" деп мақтанып отыр. Көріпкел "қосқан" жұптың бәрі бақытты болып жүреді-мыс. 

Қызығы, нәтижесі де көп күттірмейді екен. Шамамен 1 апта, тіпті кейде оған жетпей ғашықтықтың мәселесі шешіледі. Қаратқыңыз келген қызыңыз (жігітіңіз) өзі іздеп келетінін айтқанда шотына ақшаны аудара салғың келеді-ақ. Айтпақшы, "Қаражат жағынан қиналсаңыз бөліп төлеуге болады" дейді. Клиентті қармап қалғысы келіп тұрған көріпкелден "ойналайық" деп әрең құтылдық. Сөйтсек, "түбі қайтып келесіз" деп қорқытып тастады. 

Айтпақшы, көріпкел мұның бәрінің "еш зияны жоқ" дейді. 

Десе де, еркінен тыс өзіңе "ғашық етіп алу" қаншалық дұрыс? Бұл жайында исламда не айтылғаны туралы  ұстаз Қуаныш Әбішев айтып берді.

"Балгер, көріпкелдердің жұмсауымен жындар адамдарға ой салады. Қаратып алғыңыз келген жігіт (қыз) сиқырланған соң сізді бұрынғыдай емес басқаша көре бастайды. Жын әсем қылып көрсетеді. Түсіне кіріп азғырады. Кейде осының бәрін Алладан келген ишара, белгі деп ойлап қалып қателесеміз. 

Сиқырдың зияны көп. Жынды сиқыршы күштеп жұмсайды. Кейде жындар кегін алатын жағдайлар да болады. 

Егер иманыңыз жақсы болса, сиқыр әсер етпейді. Шынайы мұсылман адамнан жын қорқады. Аллаға жақын адамның жынның да, адамның да алдында сұсы болады. Сондықтан, сиқырдан қорқа берудің жөні жоқ.

"Оқытылған" адамның белгілері: ұйқысыздық, бастың жиі ауруы, бітпейтін әлсіздік, ұмытшақтық. Қатты сиқырланса қоғамнан оқшаулану да болады", — деді ол.