Жиырма жыл бұрын Қазақстанда қалай кек алған? - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жиырма жыл бұрын Қазақстанда қалай кек алған?

Жиырма жыл бұрын Қазақстанда қалай кек алған?

1995 жылдың қараша айында Батыс Қазақстан облысындағы бір ауылда орын алған бұл қайғылы жағдай жайлы бізге бұрынғы жедел тергеу топ өкілі, капитан Николай НОВИКОВ айтып берді.

  • 2 Желтоқсан 2015
  • 1023
Фото - Caravan.kz

Таң алдындағы өлім

…Таң алдындағы қара тұман айналаны қоршап алды. Жүні түлеген кәрі қасқыр сәтсіз аңшылықтан кейін ақырын басып өз апанына қайтып келе жатыр. Жағалаудың маңайындағы жіп-жіңішке жолда, қалың қамыстың арасында адасып келе жатып, кенеттен қолында аңшылық мылтығы бар адамды көреді. Орнында тұрып қалып, қасқыр ырылдай бастады, бірақ бейтаныс адам қасқырдан көзін алмай, соған қарай жүре берді.

Сары тістерін ақситып қасқыр кейін шегіне бастады, сосын  бірден кетіп қалды. Адам жүрісін жылдамдатты. Қатты асығыс еді, ал оның жараланған, ісіген бетінен өшпенділік көрінеді.  

Саз-балшықпен жүріп отырып, ауылдың сыртына шықты. Бірнеше ауладан өтіп, қараусыз тұрған саман үйдің терезесін қақты.

Бірнеше минуттан кейін тақтайлы есік ашылып, қарсы алдына жиырма жасар, қараторы жігіт шықты. Есінеп алды да, наразы кейіппен:

– Ал?! Не керек?, — деп сұрады.

Қонақ қаруын артына тығып, ақырын ғана:

– Бұл мен, сенімен сөйлесуге келдім.

Қарап тұрып, жігіт ыржиды да:

– А! Бұл сен бе, жексұрын! Саған жақсылап сазайыңды бердік пе?

Әлгі адам оның соңғы сөзіне құлақ аспай, жәй ғана сұрады:

– Мені неге жексұрын дейсің? Үшеуің жабылып мені не үшін ұрдыңдар?

Жігіт тағы да ыржиып жауап қатты:

– Өйткені сен жексұрынның нағыз өзісің! «Тәртіп» орнатсам, бәрін өзім басқарамын деп ойлайсың ба? Бұл жерде біз қожайынбыз, ал сені, оңбаған, көп ұзамай жермен жексен етеміз!

– Жоқ… – Әлгі адам мылтықты оның ыржиған аузына тақап, басын шайқады. – Мен сені жермен жексен етемін.

Екі рет оқ атылған дауыс бірінің соңынан бірі естілді, жігіт ұшып түсті, біраз уақыт жерде жиырылып жатты…

Қанішер кім?

…Бейтаныс адам оқ қабын алып шығып, өліктің бас жағындағы жайылған қанға лақтыра салды. Сосын асықпай шылымын шегіп, ары қарай кете берді. Бірақ қалтасынан шылымын алып жатқанда, байқамай кішкентай жалпақ кілтті түсіріп алды. Оны өзі көрмеді.

Тұман атылған оқтың даусын бәсеңдетті, дегенмен көршілерге естілмейтіндей болған жоқ. Есіктің алдына келіп, олар сұмдық жағдайды көрді: есіктің алдында, жерде, қанға оранған Сергей Дроздов жатты. Үстіңгі жағы мен иегін мылтықтың оғы жұлып түсірген, қанға боялған тістерімен аспанға қарап, күліп жатқандай боп көрінді…  

Сондықтан да бір көрші есінен танып, екіншісінің жүрегі айнып, құса бастағаны, таңғаларлық жағдай емес. Ал бәріне төзіп тұрған көрші, учаскелік бөлімшеге жүгіріп кетті…

Жедел тергеу бөлімі, Аудандық ІІД тергеушісі, майор Севрюгин бастаған топ оқиға орнына екі сағаттан соң келіп жетті. Ауланы қарап шығып, көршілерден жауап алған майор бөлімше қызметкеріне 16 калибрлік аңшылық мылтығы бар адамдардың тізімін жасауды тапсырды. Өліктің жанында табылған оқ сол мылтықтікі болып шықты. Бірақ көршілер де, жергілікті аңшылар да тергеу жұмыстарына көмектесе алмады.

Тек, өлген жігіт үйінде ата-анасымен, екі бауырымен бірге тұрғаны анықталды. Бірақ олардың ешқайсысы қанішерді көрмеген. Өйткені бауырлары балық аулауға кетсе, ата-анасы ішімдікке сылқия тойып алып, үйде ұйықтап жатқан. Олардан тергеу жұмыстарына ешқандай көмек тиген жоқ. Көрші тұратын қызбен болған әңгіме қызығушылық тудырды.

Ол марқұмның ауыл ішінде бәрінің жолына кесе-көлденең тұратынын айтты. Өзі сияқты жігіттерді жинап алып Дроздов ауыл тұрғындарынан ішімдік пен ақша жинау үшін қоқан-лоққы көрсеткен. Бас тартқандарды Сергей аяусыз соққыға жыққан.

– Меніңше, оны өз адамдары өлтірген сияқты, —  деп болжам жасады бойжеткен. – Шыдамдары таусылған ғой…

Жергілікті аңшыларды тексергеннен еш пайда болмады. 16 калибрлі мылтық екі адамда ғана болған, ол екеуі де қылмыс орын алған кезде үйінде ұйықтап жатқан. Мылтықтарын тәркілеп, Севрюгин оны сараптамаға жібереді. Нәтижесіз болатынына сенген еді.

– Бәлкім, қанішер жергілікті емес шығар? Бәлкім, ескі есеп айырысу болар? – деп ойлады тергеуші. – Қылмыс болған уақытқа дейін ауылға кім келіп, уақытынан кейін кімнің кеткенін анықтау керек.  

Мылтықты мұнай барлаушыдан алған

Осылай ойланумен, күмәнданумен тағы бір апта өтті. Майор марқұм жігіттің отбасымен, көршілерімен тағы да сөйлесіп көруді жөн санады. Ескі «Москвич» көлігін шығарып, Севрюгин ауылға қарай жол тартты. Ауылға 5 шақырым қалғанда, мұнай барлау мұнарасының маңында көліктің оң жағындағы дөңгелегінің желі шығып кетті. Майор жалғыз шыққандықтан, оның үстіне домкрат болмағандықтан, дөңгелек ауыстыру қиынға түсті. 15 минут алысқан соң, қырсық майор жалғыз ештеңе істей алмайтынын түсінді. Ашуға булығып, мұнараға қарай бет алды. Ашық тұрған вагонның ішінен Севрюгин екі үлкен ер адамды көреді. Үстел басында отыр екен, ішіп отырғандай көрінді. Майор олармен амандасып, өзінің жағдайын баяндап берді. Еркектер қонақтың сөзін тыңдап болып, еріксіз орындарынан тұрды.

Дөңгелекті ауыстырып, жұмысшылар Севрюгинді дастарқан басына шақырды. Көмектескен соң бас тарту ұят болар деп, майор келісе кетті.


Ол үшінші стақанды ішіп жатқан, кенеттен бұрышта тұрған мылтыққа көзі түсіп кетті. Қылмыстық істі тергеп жүрген тергеуші, ішіп отырса да – тергеуші. Сондықтан да стақанды төңкере салып, Севрюгин өзінің қайран қалғанын білдірді:

– Мәссаған! Мықты «көсеу» екен! Көруге бола ма?

– Көре бер, — деп мылтықтың қожайыны рұқсат ете салды.  

– БМ-16, “аңшы мылтығы”, 16-й калибр! – белгілеп алды да майор, оқпанын қарап, — Жақында аңға шықтыңдар ма? – деді.

– Қайдан білдің? – деп қызығушылық танытты мылтықтың қожайыны. – Оқ дәрінің исі шығып тұр ма?

– Иә шығып тұр, оқпанында күйе тұр, — деп жауап қатты Севрюгин.

– Мен ғой ол ұқыпсыз, өткен жылдан бері мылтықты тазаламаған шығармын, — деді ер адам

– Мүмкін, – деді тергеуші, – олай болған жағдайда оқ дәрінің исі шықпас еді…

– Солай, – деп басын изеді ер адам. – Жақында аңға шықтық. Бірақ біз емес. Бірнеше күн бұрын танысымыз келген. Үйрек атуға барамын деп мылтықты алып кеткен.

– Атып әкеп пе? – деді майор.

– Бірнеше үйректі қолға түсірдім деген, – деді қожайын.

– Ол таныс кім болды? – Севрюгин тағы да сұрақ қойды.

– Сен не, милициядан келдің бе? – деді қалжыңдап ер адам.

– Дәл өзінен, – деп жауап берді майор, өзінің қызметтік куәлігін көрсетіп.

Еркектер үнсіз бір-біріне қарап тұрып қалды.

– Ал, сұрай беріңіз, – деп мылтықтың қожайыны қолын бір сілтеді..

Ренжітсең – жауап бересің

Жарты сағаттан кейін Севрюгин бөтелкелестерінен бар ақпаратты алып, басқармаға қарай тартты. Бастықтың кеңсесіне кіріп, майор:

– Қылмыс болған түні Белов деген біреу таныстарынан мылтық сұрап алып, бір жерге барған, оқ атқаны да анық. Мылтықты ертеңінде бірақ қайтарған.

Полковник Кушербаев тұтқаны алып:

– Есмағамбетов пен Шутовты шақырыңдар! Жедел тергеу бөлімін өз кеңсесіне жинап, полковник міндеттерің атап өтті: дереу Беловты тұтқындаңдар. Қиындық тудырғаны, күдікті қылмыс болған ауылда емес, көрші ауылда тұрған. Үйіне келіп, дастарқан басында отырған ақ шашты ер адамды көріп, Севрюгин:

– Белов сіз бе?

– Дәл өзімін! – деп селқос жауап берді. – Сізге өзім де барайын деп ойланып отырғанмын…

– Қылмысын мойындап келді деп көрсете аламыз, — деп ұсыныс жасады Севрюгин.

– Жаза бер, маған бәрібір… – Белов келісімін берді.

Тергеу кезінде Беловтың үш рет сотталғаны анықталды: екеуі ұрлық үшін, ал біреуі адам өлтіргені үшін.

Бұл ауылға бар-жоғы бір жыл бұрын келген. Жалғызбасты әйелдің үйіне орналасып, қылмысты енді доғарамын деп ойлаған, бірақ қолынан келмеді. Негізінде оның кінәсі емес. Қылмыс болған күннің алдында Белов балық аулаудан қайтып келе жатып, үйде тұздың жоқ екені есіне түсіп кетеді. Сөйтіп көрші ауылға танысына бұрылып кетеді. Алайда сол көшеде он адым аттамай жатып, оған жас жігіттер тиісе бастайды. Алдымен олар оның татуировкасын мазақ қылады, кейін ақша сұрай бастайды. Беловта ақша болмаған, тіпті болған жағдайда да ол жас жігіттерге ақшасын бермес еді.  Нәтижесінде төбелес орнайды, үшеуі бір адамға жабылады. Әрине, Белов таяқ жеп қалады. Оған қоса, олардың басшысы оны жексұрын деп атаған. Тіл тигізгенді Белов ешқашан да кешіре алмайды екен. Анықтап жатып, тіл тигізген адамның тегі Дроздов екенін біледі. Қайда тұратынын да анықтап алады…

Мылтықты алып, Белов кикілжіңді шешуге барады. Егер Дроздов бұдан кешірім сұраса, қайғылы жағдай орын алмас еді. Бірақ ол керісінше, отқа май құя бастады.

– Дроздов бәрінің ашуына тиіп жүрген, тек бәрі одан қорқатын, — деді Белов. – Бірнеше жылдан кейін ол оңбаған тіптен басынып алар еді. Сондықтан да маған алғыс айтуларың керек.  

– Демек, сен қоғам тазалаушысың ба? – деді Севрюгин.

– Иә! – деп нақты жауап берді Белов. – Мен қасқыр сияқтымын: ренжіте ме – жауап береді.

Дроздовтың есігінің алдында табылған кілт Беловтың үйінің кілті боп шықты. Сараптама марқұмның денесінің қасынан табылған оқты зерттей келе, мынадай шешім шығарды, Дроздов Беловтың таныстарынан табылған қарудан атылған. Бұл дерек қылмыскердің қылмысын нақтылай түсті. Негізінде Белов қылмысынан бас тартқан да жоқ. Сот барлық деректі, кінәсін жеңілдететін жағдайларды ескере отырып, 10 жыл бас бостандығынан айыру туралы үкімін шығарды.

Адам есімдері мен тегі өзгертіліп көрсетілген

Алматы

Соңғы жаңалықтар