Жарияланды: 510

Жолдауды 1,5 сағат оқыған Елбасыға 50 рет қол соғылды

Нұрсұлтан Назарбаев әлемді жайпаған дағдарысты қалай жеңудің жолын айтты. Алдымен Үкіметті қатал үнемге көшіріп, пайдасы жоқ мемлекеттік бағдарламалар жаппай қысқартылмақ. «Самұрық Қазына», «Бәйтерек», «ҚазАгро» секілді ірі холдингтер де мүлдем жабылуы мүмкін. Жұрттан жинақтарын теңгемен сақтап, ұлттық валютамен өмір сүруге кеңес берген президент дағдарысқа қарамастан мемлекеттің әлеуметтік міндеттерін ұмытпайтынын мәлімдеді. Сол

себепті жаңа жылдан бастап шәкіртақы, жәрдемақы, мұғалім, дәрігер мен мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы  еселеп өсетін болды.

Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған кезекті 21-ші жолдауы. Ол еліміздің бизнес жоспары секілді. Яғни, дағдарысқа қарамастан алға жылжудың жолдары стратегиялық құжатта анық жазылған. Қазір бұрынғыдай ақшаны оңды-солды шашатын заман емес. Сондықтан президент мемлекеттік бағдарламаларды қайта қарап, тиімсізін тоқтатуды талап етті. Сосын бюджетті ханталапайға салмай, министрлер мен әкімдерге  дереу үнемге көшуге  тағы пәрмен берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-Жағдайға қарап өмір сүру керек. Адам дүкенге кіріп кез-келген затқа жармаспайды ғой. Қалтасындағы ақшаға қарап азық сатып алады. Ақшасы болмаса алмайды.Мемлекет ақшасына дәл осылай неге ұқыппен қарамаймыз? Осы жылдар ішінде мұнайдан түскен ақшаға әбден есіріп кеттік.Қамсыз жүре бердік.     

Думандатып өмір сүруге тыйым салған Назарбаеав қаржы мен банк саласына көп тоқталды. Енді Ұлттық банктің бақылауынан 6 триллионға жуық салымшылардың ақшасы жатқан Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры шығарылмақ. Жаңа жылдан бастап зейнетақы қорындағы триллиондар қайта жеке қолға өтіп, активтері отандық не шетелдік инвестордың  басқаруына өтуі мүмкін. Қордағы қаржы бұдан-былай бизнесті несиелендіруге бөлінбеуі тиіс. Теңге бағамын қолдан ұстау үшін де Ұлттық қордан көк тиын жұмсалмайды. Осы жерде Елбасы, халыққа ақшасын теңгемен сақтауға кеңес берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-Біз теңгемен өмір сүретінімізге бәрі үйренуі керек. Нанды теңгеге аламыз, шұжық пен сүт те теңгеге сатылады. Киім де теңгемен. Доллар шетелде киінетіндерге қажет. Не болмаса импорттық тауарлар үшін. Ақшаны, депозитті теңгемен сақтау тиімді, пайыздары көбірек. Доллармен депозиттерде пайыздары өте төмен. Сөз қорымызға теңгені қосып, теңгемен өмір сүрейік. Сол кезде тыныштық болады.

Сонымен қатар нарықтан доллар біртіндеп ығыстырылып, теңгенің тегеуріні күшеюі қажет. Назарбаев ауқымды салық реформасын жүргізіп, бюджетке алақан жайып отыратын мемлекеттік мекемелерді жаппай  жекеменшікке сата беруді тапсырды. Осы жерде Елбасы миллиондарын  шетелге тыққан отандық олигархтарға ақшаларын елге әкеліп сақтап, оны көбейтіп пайда табуға болатынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-Ауқатты болдыңыздар! Жақсы газеттердің бетіне шығып, миллиардер , миллионер болғандарыңызды көрсеттіңіздер. Құтты болсын барлығы. Бақытты болыңыздар! Сондықтан бар ақшаларыңды шетелдің ар жағына тыққыламай, ешкім тыққылатқызбайды, көріп отырсыңдар ғой. Тек қана Қазақстанға әкелінген өздеріңдікі болады. Ешкім тиіспейді. Біз қорғаймыз, мемлекеттікі болады. Бұл сендердің ақшаларың керек болғандықтан емес. Ешкімге қылмыстық іс қозғалғанын қаламайсың.Босқын құсап,Лондонда қашып жүрген кімге керек?

Жекешелендіру демекші,президент бүгін ірі холдингтердің жұмысына шүйлікті. Себебі мемлекет активтерін тиімсіз басқарғанымен қоймай штатты көбейтіп қаптаған еншілес компанияларын ашып тастаған. Енді «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек», «ҚазАгро» секілді алпауыттардың өзі жекеге сатылып тіпті жабылып тынуы ықтимал.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Жекешелендіруден кейін осы 3 холдинг шағын компанияға айналуы тиіс. Нақты іспен айналысуы керек. Егер түк бітірмегені анықталса, үшеуін де жабу керек.

Әлемдегі ушыққан геосаяси жағдай, мұнай мен металлға бағаның түсуі етек жеңді жинауға мәжбүр етіп отыр. Сондықтан мемлекет басшысы мұнай баррелі 30 долларға құлдырған жағдайға арнайы жоспардың жасалып қойғанын да айтты. Сондай-ақ, тәуелсіздіктің арқасында жағдайын жақсартып, бірақ туған жерінің дамуына бір тиын бөлгісі келмейтін байларды сабасына түсірді. Жиған-тергенімен мақтанатын олигархтарды елдің алдында ұялтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-Шетелге барсаң миллиардерлер біздікі сияқты бүйтпейді. Машинаның үлкенін мінбейді. Киімнің ең жарқырағанын кимейді. Әйелдері мойнына мынадай-мынадай үлкен тастарды тақпайды, ондайды дүниеде ешкім жасамайды. Менің білуімше, Швейцарияда әдейі дүкен  бар. Байлар барып жай киім сатып алатын. Елдің көзіне түспеу үшін,қызғандырмау үшін. Наразы қылмау үшін. Мына иттің баласы,бай боп кеттің демеу үшін. Бізде қалай үй салсаң 4 қабат, қазір соны не істерін білмей жүр. Алматыда сол үйлерді балабақшаға сұрап жүр. Өздері сатайын десе,ешкім алмайды. Машина ең үлкен танкі сияқты машина жасаса, қазақтың жігіттері соны алар еді.  Біздің азаматтар бай болуды үйрену керек. Еш адамға байлық та мансап та бақыт әкелген жоқ...

Дағдарысты жеңудің 7 жолын жіпке тізіп берген Назарбаев ауқымды қаржылық-экономикалық реформадан бөлек, әлеуметттік саланы ұмытқан жоқ. Бюджеттен үнемделген ақшадан дәрігерлердің айлығы 28 пайызға, мұғалімдердікі 29,  «Б» санатындағы мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы 30 пайызға көтерілетінін мәлімдеді. Жәрдемақы, шәкіртақы 25, ал әлеуметтік сала қызметкерлінің айлығы 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап 40 пайызға өспек. Ал 1 сағат 40 минутқа созылған Жолдау кезінде жиналғандар президенттің сөзіне 50 рет қол соғып, бастамаларын қолдайтындықтарын білдіріп жатты.

Сонымен қатар 2017 жылдан бастап елімізде техникалық мамандықтар тегін оқытылатын болды. Яғни, электрик, слесарь, дәнекерлеуші секілді кәсіпті игеріп алуға мүмкіндік бар. Енді Елбасының стратегиялық құжатын  министрден бастап облыс әкімдері жатқа соғуы тиіс. Ал 21-ші жолдауда айтқан Елбасының ауқымды міндеттерін орындауға бюджеттен 7 жарым триллион теңге жұмсалмақ. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін