Жоқ мүше қайта өсіп шықпайды - республикалық басылымдарға шолу
«Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ислам дінінің ұлық мерекесі - Құрбан айтқа орай Астананың «Әзірет Сұлтан» мешітіне келіп, барша мұсылман қауымын құттықтады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі санында жарық көрген «Ұлық мерекеден ұлағатты береке» атты мақаласында. |
Малада автор: «Мешіттен жазылар репортажды ойластырғанда Елбасы еңбектерін бір қарап шыққан едік», - дей келе, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ғасырлар тоғысында» кітабының «Киелі орын сақшысы» деген тарауында Сауд Арабиясына сапарын еске алатын жерін таратып айтады. Онда Н. Назарбаевтың: «Құран барлық қасиетті ілімге сенуге шақырады. Мұхаммед пайғамбар өзгелердің қалап кеткен құрылысының соңғы тасын қаладым деп есептеген. Ислам - біріктірушілік сипаттағы ілім. Мұхаммедтің пайымдауынша, барлық дін де бір сенімді білдіреді. Ол бірде бір қағидасымен өзгелердің қағидасын жоққа шығарған жоқ. Ислам басқаның сеніміне төзіммен қарауға шақырады. Ислам елдерінде әр алуан діннің қатар жүретіндігі сондықтан. Меніңше, діннен адамдарды бір-біріне қарсы қоятын емес, бір-бірімен табыстыратын бастауларды іздеген абзал. Өйткені, барлық дін де дүниедегі барлық адамдарға бірдей түсінікті, иланымды, қарапайым қағидаларға негізделген» деген сөздерін келтіреді.
Сондай-ақ, газетте «Маңызы зор қадам» деген тақырыппен Кіші Мерл Дэвид Келлерхолстың мақаласы жарияланған. Онда АҚШ Қазақстанмен ядролық қаруды таратпау саласындағы ынтымақтастығын жоғары бағалайтындығы туралы айтылады. Автор 16 қазанда Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері алдында сөз сөйлеген АҚШ мемлекеттік хатшысы көмекшісінің орынбасары Саймон Лимаждың ядролық қарусыздану турасындағы уәждерін келтіре отырып, аталмыш мәселені таратып жазады. «Технологиялардың дамуына және жаңа тәуекелдердің пайда болуына байланысты Президент Барак Обама ядролық қатерді қысқартудың өсіп келе жатқан қажеттілігін жақсы сезініп отыр. Осыған байланысты ол ядролық қарудан азат әлем құру, қарулануды қысқарту тетіктерін жүзеге асыру қажеттігіне баса мән бере бастады», - деліген мақалада.
Ал газеттің 4-5 айқара бетінде «Аруақ қонып, нар шөккен Маңғыстау» деген тақырыппен Маңғыстау облысының экономикалық-әлеуметтік, рухани-мәдени өміріне арналған мақалалар топтамасы берілген.
Басылымның «Парламент» қосымшасында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алмас Тұртаевтың «Медициналық-әлеуметтiк сараптама жүргiзу ережесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2005 жылғы 20 шiлдедегi №750 қаулысындағы Мүгедектік және еңбек қабілетінен айыру, жарамды-жарамсыздық дәрежесін анықтау мәселесінің олқы тұстарын сынаған депутаттық сауалы «Жоқ мүше қайта өсіп шықпайды» деген тақырыппен жарияланды. Онда депутат «Аталмыш ереженің 17-тармағында көрсетілгендей, мүгедектiк және кәсiптiк еңбек қабiлетiнен айыру дәрежесi мынадай мерзімдерге: 6 айға, 1 жылға, 2 жылға немесе қайта куәландыру мерзiмiнсіз белгіленеді. Ереже нормаларына сәйкес, мүгедектерде анатомиялық кемiстiктер (мысалы: аяқ-қолдың болмауы, т.б.) болған жағдайда мүгедектік дәреже мерзiмсіз тұрақты болады, яғни, мәңгілік мүгедектік куәлігі беріледі. Заңнаманың осы тұсы көптеген жарымжан жандардың арасында түрлі көзқарас тудыруда. Себебі, басқа да дене мүшесінен айырылған, мысалы: қан айналымы ауруларынан кейінгі жүрек қалқаншаларын ауыстырып протездеу, гастроэктомиядан (онкологиялық аурулардан) кейінгі асқазаны, бүйрегі, өкпесі жоқ, т.б. мүшелерінен айырылған азаматтарымызға мүгедектік дәрежені белгілі ғана мерзімге береміз. Оларды бірнеше жыл бойы 11 түрлі құжаттар жинатып, медициналық-әлеуметтiк сараптама жүргізу комиссиясынан өткізіп, мүгедек екендіктерін қайта дәлелдеуге мәжбүрлейміз. Жоқ мүшенің қайта өсіп шықпайтыны белгілі...» деген уәж келтіреді.
«Жоғарыда көрсетілген келеңсіз әрекеттердің алдын алу үшін «Ақ жол» партиясы «медициналық-әлеуметтiк сараптама жүргiзу» ережесiне өзгерістер енгізу қажет және комиссия құрамының жұмысы ашық, әділ болуы үшін тиісті қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін де енгізіп немесе басқа да нұсқаларды қарастыру қажет деп есептейді», - дейді депутат.
«Экспресс К» газетінің жазуынша қазақстандық орнитологтар еліміздің 4 облысының аумағынан 650 жұп бүркіт тауыпты. Бұл туралы «Беркут выше "Морских котиков» деген мақалада жазылған.
Бұл зерттеулер нәтижесінде олар еліміздегі «Қызыл кітапқа» енгізілген бүркіттер жұбы 1500-ге жуық болуы мүмкін екенін айтуға болады. Мамандар бүркіт тұқымдастардың балапандарын қолда өсіріп, кейіннен өз еркімен жіберу арқылы олардың популяциясын көбейтудің жобасын ойластырып жатқан көрінеді.
Биыл Қазақстанда жасалған экспедиция Қызыл кітапқа енген бүркіттің бұл түрі бұрын есептелгеннен көптеу екенін көрсетіп отыр. Қызыл кітапта олардың саны 300 жұптан аспайды деп көрсетілген екен. Дегенмен бұл сан да осы құстардың жойылып кету қаупін жоққа шығара алмайды, деп жазады басылым.
«Казахстанская правда» газетіндегі «По пути интеграции» тақырыбындағы мақалада Ресей астанасында өткен халықаралық конференцияда Кедендік одақтың қызметі мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құрылуы талқыланғандығы жөнінде айтылады.
Газеттің жазуынша, форумда сондай-ақ энергетикалық интеграция саласында аймақтың күн тәртібінде тұрған көпжақты келісімдер жасау, ұлттық стандарттар құру кезінде бірыңғай құқықтық-әдістемелік негіздемелер қалыптастыру және Орталық Азияның энергетикалық бірлестігін қалпына келтіру сияқты мәселелер жан-жақты талқыланды.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін