Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
«Мен үшін Алтай Қазақстанның бірегей маржаны саналады. Николай Рерих те Шамбала таулы Алтайда тұрғандығын айтқан еді. Дәл осы жайт үлкен қызығушылық тудырды. Өткен жылы біз оның сурет көрмесін өткіздік. Оның жұмыстарының көпшілігі Шығыс Қазақстандағы қасиетті жерлерге арналған», — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Сонымен қатар ол әлемдік қауымдастық біліп, тануы тиіс Қазақстандағы қасиетті орындардың бірі ретінде Ұлытауды атады.
«Онда Жошыханның мавзолейі бар. Шетелдік келушілерге Жошы хан мазарын көрсеткенде олар таң қалады. Шыңғыс ханның үлкен ұлының Қазақстанда жерленуі бүкіл әлемде зор қызығушылық тудырады. Ал мұны әлемдік қоғамдастықтың білмеуі біздің үлкен кемшілігіміз», — деді министр.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта еліміздегі туристік саланы дамытуға ірі халықаралық инвесторлар да қызығушылық танытуда.
«Мәселен, Мемлекет басшысы таяуда АҚШ-қа жасаған сапары барысында Голливудтағы америкалық киноиндустрия басшыларымен кездесті. Олар Қазақстанда жұмыс істеуге айрықша қызығушылық танытып отыр», — деді ол.