Д.Сәтпаевтың пікірінше, мәлімдеме елімізде «біртүрлі ахуал» қалыптастырды. Олай дейтініміз, сайлауда жеңіске жеткен «Отан» партиясы жетекшілерінің бірі сайлаудан кейін жарты ай өтпей жатып парламент сайлауы заңсыз өтті, демек, парламенттің өзі заңсыз деп мәлімдеп отыр. Сондай-ақ бұл мәлімдеме оның партиялас әріптестері үшін де, оппозиция жетекшілері үшін де күтпеген жағдай.
Келесі жағынан «бұл парламенттің болашағы тұрғысынан алғанда өте қатерлі мәлімдеме. Неге десеңіз, еліміздегі ең ықпалды тұлғаның мәжілісті заңсыз деп мәлімдеуі биліктің бұл тармағының өкілдік роліне күмән келтіруге түрткі бола алады»,- дейді Д.Сәтпаев.
Саясаттанушы болған оқиғаға екі түрлі жорамал айтады. «Қазақстандағы кез-келген ірі саясаткердің қазіргі билік жүйесін сынаған мәлімдемесі элита аясындағы қақтығыстардың алғашқы нышаны»,- дейді Д.Сәтпаев. «Бір сәттік көңіл-күй күйзелісіне байланысты осындай мәлімдеме жасады деуге ол тіс қаққан тәжірибелі саясаткер. Осындай адамның кенеттен қатқыл мәлімдеме жасауы күрделі шиеленістің ұшығын шығарады. Ал мұндай шиеленістер белең алғалы ұзақ уақыт болды»,- деді ол.
Саяси ортада қызу талқыланып жатқан екінші жорамалға сәйкес, Ж.Тұяқбайдың мәлімдемесі Қазақстанның демократиялық таңдауы, Қазақстан коммунистік партиясы мен «Ақ жол» тәрізді оппозициялық партиялардың саяси альянсының құрылуымен үндес тәрізді. «Бұл саяси тұлға президент сайлауында блоктан ұсынылатын өкілге айналуы мүмкін деген ой қылаң береді»,- дейді саясаттанушы.
Д.Сәтпаевтың пікірінше, таяу уақыттарда мәжіліс төрағасы «ұзақ уақыт бойы бір қалыптан айнымаған» бейтарап бақылаушы мәртебесінен ауытқымауға тура келеді. Осы жолда ол «билеуші элитадан алшақтап», оппозицияға жақындай түсу арқылы «мейлінше тәуелсіз саясаткерге айналады». Қазіргі ең басты сауал мынада: ол енді қандай ұстанымға табан тірейді? «Ең ықтимал қадам- ол «Ақ жолға» қарай ауытқуы мүмкін, демек, Қазақстанда тағы бір жариялы тұлға пайда болады»,- деді Д.Сәтпаев.