Жұлдыз Әбдікәрімова атышулы видеоны таспалағандарға қатысты өз наразылығын білдіріп, арнайы жазба қалдырды.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Әбдікәрімованың instagram желісіндегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Бұл тақырыпқа қатысты ойымды жазайын ба, жоқ па деп көп ойландым. Қыз тәрбиелеп отырған соң үнсіз қалғым келмеді. Соңғы уақытқа қазақ қызы тәрбиеленем деп таяқ жеп жатқандай көрінеді маған. Маркерге бір теңелдік, енді…
⠀
Әлжеліде қызу талқыға түскен роликті (“Жөзекше”) көріп, жазбаларды оқып шықтым. Адамды киген киіміне қарап таниды деген ұстанымды жеткізіпті. Анау полицей, анау медбике, ал сен қысқа белдемше (юбка) кигендіктен — жөзекшесің дейді.
⠀
Алайда есті қыз етегін он рет қымтап ұстаса да, бұл қоғамда есірген еркек әлімжеттік жасап, сонда да арам ойын жүзеге асыратынын неге есепке алмаған?! Ондай еркекті кім дейміз?!
⠀
Қоғамды қыз арқылы ғана тәрбиелейміз деген қате түсінік. Қоғам жалғыз қыздан ғана құралмайды. Оның екінші бөлшегі — еркек. Қысқа кидің екен деп бөтен еркектер осы роликті көріп алып, қыздарға дәл осылай бас салса, кім жауап береді?! Қате түсінік қалыптастырған, тәрбиелейміз деп таяқ жегізген “идеологтар” қорғай ала ма?!
⠀
P.S. Бұл жазбам арқылы қысқа киюді насихаттамаймын және кимеңдер деп бас салмаймын. Жеке ойымды өзгелерге тықпаламаймын. Әркімнің екі иығында басы бар. Өздері шешеді. Тек мына қоғам қызын қадірлесе деймін", — деп жазды ол.
Естеріңізге сала кетейік, бірнеше уақыт бұрын қысқа белдемше киген ару туралы "Жезөкше" бейнеролигі шығып, көпшілік видеоны сынға алған болатын.