Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Бірер күн бұрын "Астарлы ақиқат" бағдарамасында жеке кәсіпкер, бизнес сарапшы Ахметбек Нұрсила жұлдыздарды шегірткеге теңеген болатын. Шегіртке теңеуін Балғынбек Имаш одан ары іліп әкетіп, өзін де шегірткеге теңеді.
"Жұлдыз емес, Шегіртке.
Ахметбек Нұрсила деген азаматты аса жақсы танымаймын. Соңғы жылдары әлеуметтік желіде әртүрлі тақырыптағы әңгімелерін көзім шалып қалады. Тренингтегі кейбір іс-әрекеттері, эмоция шығарып билеп жатқаны, ислам туралы кейбір пікірлері мүлде жақпайтын. Бірақ, қазақты білімге, ғылым үйренуге, кәсіп үйренуге шақырып, сол жолда жанкештілікпен еңбек етіп жүргеніне жүрегім жылып қалады. Әсіресе, отаншылдықты насихаттауына, Алаш идеясын жаңғыртуға, рухани тәрбиеге қатысты жанайқайына толық қосыламын. Бүгін лотореяға қатысты "Астарлы ақиқатқа" қатысқан хабарын көріп, әртүрлі ойға баттым… Әрине, мені өнердегі әріптестерім қолдай қоймас, тіпті, жау деп қабылдар. Бірақ, Ахметбек ағаның "Шегіртке" деген сөзі орынсыз емес. "Ыршып жүріп ән салған" өнерпаздар түгілі, бұл теңеу жалпы қазақтың бүгінгі сиқына дәл келетіні — ащы болса да шындық!
Бізде барлық саланы шегірткелер басып кеткелі қашан!
Тәуелсіздік таңы атқалы реформадан көз ашпаған білім министрлігі, мәдениет пен спорт министрлігі, денсаулық министрлігі секілді мекемелерде (бас әріппен жазуға қимадым) сайран салған шегірткелердің кесірінен жастарда білім жоқ, қауымда мәдениет жоқ, бүкіл халықта денсаулық жоқ!
Ауыл шаруашылығы, аргоөнеркәсіп, мал және егін, орман, су, балық шаруашылығын үкіметтен бастап, әр облыс, аудандардағы шегірткелер тып-типыл еткелі қашан?
Бізде парламентте ғана шегірткелер жоқ, онда отырғандар үнсіз кесірткелер сияқты, әй, бірақ, кесірткеден де үн шығады ғой бұлар сөйлемейтін "балық" боп қалған-ау.
Кесірткелер, бәлкім, қаржы полициясына құйрығын тастап шетел асып кеткен Виктор жездеміз секілді қашқындарымыз болар?
Өнердегі аға-апа, құрбы-құрдас, іні-қарындастар! Ахметбек "шегіртке" десе Абайға сүйеніп теңеумен айтты, оған шамданбаңыздар.
Біз түрлі одақтар мен басқосуларда, спартакиада мен азиадаларда, саммиттер мен эксполарда 30 жыл бойы шырылдағанымыз аздай, карантинде де түрлі челенждерде алдымызға жан салмай, онлайн шырылдаған шегірткелерміз ғой.
Ән салу — шегірткеге тән қасиеттің бір қыры. Жолындағыны жапырған, егінді тып-типыл қылған, көп қаржыны қымқырған, бар байлықты жымқырған шегірткелердің "жемқорлық" қырын қайтеміз?
Қашан біз Шегірткеден Құмырсқаға айналамыз?", деп жазды желідегі парақшасында.